Digital • 21 Ақпан, 2025

«Ai-Sana»: ЖИ саласының бірегей бағдарламасы

90 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«AI-Sana» – студенттердің жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамытуға арналған бірегей бағдарлама. Ол 100 мың қатысушыны қамтып, ұлттық экономиканың әлеуетін арттыруға, технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Бағдарлама өткен жылдың соңында Мемлекет басшысына қанатқақты жоба ретінде ұсынылған еді. Көп ұзамай Алматыда өткен «Digital Almaty» форумы аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде «Ai-Sana» бағдарламасының таныстырылымы өтті. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оксфорд Инсайтс ұйымының сарапшысы Ричард Стирлинг, Стэнфорд университетінің қауымдастырылған деканы, доктор Пол Ким, «BTS Digital» компаниясының бас директоры Нұртай Әбілғалиев, «Factorial School» негізін қалаушы Арман Сүлейменов, «De Montfort» университеті өкілі, профессор Эрик Димла жаңа бағдарламаның мақсаты мен міндеттерін талқылап, жасанды интеллектінің ел экономикасына, білім жүйесіне, еңбек нарығына ықпалы туралы пікірлерін айтты. Сол пікірлерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Ai-Sana»:  ЖИ саласының бірегей бағдарламасы

– Жасанды интеллект еңбек нары­ғына қалай әсер етеді?

Саясат Нұрбек:

– Кейінгі онжылдықта еңбек нарығында түбегейлі өзгеріс болды. Мен он жыл бұрын еңбек на­ры­ғындағы өзгерісті зерттей баста­дым. Сол кезде Массачусетс техно­логиялық институтының өткен ғасыр­дың 60-жылдарынан бері жүргіз­ген зерттеулеріне сүйене отырып «Жаңа мамандықтар атласы» әзірленіп, бүгінгі күні жоба өңірлерде іске асып жатыр. Олар технологиялар мен еңбек нарығындағы өзгерістерді бақылап, мамандықтарды бес санатқа бөлген. Бі­рін­ші санат – нерутинді аналитикалық мамандықтар, яғни шығармашылық ойлауды қажет ететін кәсіптер. Бұған сәулетшілер, дизайнерлер, ақындар, сценаристер жатады. Екінші топ – нерутинді тұлғааралық мамандықтар, яғни адамдармен қарым-қатынасқа негізделген кәсіптер. Бұл санатқа психологтер, мұғалімдер, кеңесшілер кіреді. Үшінші санат – рутинді когнитивті мамандықтар, яғни ой еңбегіне негізделген, бірақ стандартталатын кәсіптер. Бұған бухгалтерлер мен заңгерлерді жатқызуға болады. Төртінші топ – рутинді қол еңбегі, бұл механикалық тапсырмаларды орындайтын жұмыс. Бесінші санат – қарапайым физикалық еңбек, яғни физикалық күшке негізделген кәсіптер. Бұрын шығармашылық пен эмоциялық интеллектіні қажет ететін мамандықтарға технологиядан төнетін қауіп жоқ деп келді. Алайда жасанды интел­лектінің қарқынды дамуы бұл пікірді жоққа шығарды. Мысал ретінде Қытайдағы бір компаниядағы жағдайды айтайын. Онда 700 графикалық дизайнер жұмыс істеген. Бірақ кейінгі екі жылда жасанды интеллектінің сурет салуды үйренуі нәтижесінде олардың саны 30 адамға дейін қысқарды. Алайда қалған 30 дизайнердің өзі сурет салумен айналыспайды. Қазір олар «Prompt Engineer», яғни алгоритмдерге дұрыс тапсырма беретін мамандар ретінде қызмет етіп жатыр. Бұл – еңбек нарығының түбегейлі өзгергенінің дәлелі. Ендігі жерде бір ғана алгоритм жүз­деген адамның жұмысын атқара алады. Сон­дықтан біз «Ai-Sana» бағдарламасын әзір­ледік. Оның мақсаты – еліміздегі мамандар­ды осындай технологиялық өзгерістерге бейімдеу.

 

– Қазақстан халықаралық тәжірибе­ден не үйрене алады?

Ричард Стирлинг:

– Қазақстанның бұл бағдарламаны қолға алғаны қуантады. Себебі жасанды интеллект – жаһандық бәсекелестіктің маңызды факторы. Біз Финляндия тәжірибесін зерттедік. 2017 жылы Финляндия үкіметі «Google» компаниясымен, Хельсинки университетімен бірлесіп, «Elements of AI» бағдарламасын іске қосты. Мақсат – елдегі халықтың 1 па­йы­зын жасанды интеллектіні күнделікті өмірде қолдануға үйрету. Олар күрделі алгоритмдерді үйреткен жоқ, қарапайым адамдарға жасанды интеллектінің өмірді жеңілдететін құрал екенін көрсетті. Бүгінде Финляндия халқының 10 пайызы осы курсты тәмамдаған. Тіпті шағын стоматологиялық клиниканың иесі тұтынушы базасын автоматтандырып, үнемделген уақытын спорт­қа жұмсай бастаған. Қазақстанның да бұл бағытта қарқынды қадам жа­сап жатқаны қуантады. Қазір­дің өзінде 20 университет­те жасанды интеллект бағдар­ламалары ен­­­гізіліп, 2000-нан ас­там студент оқып жатыр. Алдағы уақытта күндізгі бөлім­де оқи­тын барлық студентке жасанды интеллект курс­­­тары міндет­теледі. Бұл – елдің бола­шағы үшін жасалған үлкен қадам деп ойлаймын.

 

– «Ai-Sana» бағдарлама­сы­ның білім жүйесіне әсері қандай?

Пол Ким:

– Қазақстан ЖИ-ді  дамытуда айтар­лықтай жетістікке жетіп отыр. Мен осыдан бір ай бұрын Қа­зақстанда болып, сту­денттер­мен кездестім. Байқағаным – жастар­дың жаңа технологияларға деген қызығушылығы өте жоғары. «Ai-Sana» бағдарламасының басты мақсаты – жасанды интеллектіні тереңдетіп оқыту ғана емес, өмірде қолдануды үйрету. Студенттер бірнеше кезеңнен тұратын оқу үдерісінен өтеді. Алдымен олар алгоритмдер мен машиналық оқыту негіздерін игереді. Одан кейін өздерінің жеке жобаларын әзірлеп, оны тәжірибеде сынайды. Соңғы кезеңде стартаптарын инвесторларға таныс­тырады. Біз жасанды интеллект арқылы студент­тердің кәсіпкерлік қабілеттерін дамыт­қымыз келеді. Студенттер белгілі бір саланың маманы болуымен қатар, сол салада алгоритмдердің көмегімен өнімділікті арттыруды үйренеді.

 

– Жасанды интеллект бизнесті қалай өзгертеді?

Нұртай Әбілғалиев:

– «Ai-Sana» бағдарламасының бизнеске қосатын үлесін ерекше бағалаймыз. Өйткені қазір бизнес барысының барлығы дерлік цифрлық форматқа көше бастады. «BTS Digital» компаниясы ұлттық цифрлық экожүйе құруға тырысып жатыр. «Aitu» жобасы – соның дәлелі. Бұл платформа арқылы жасанды интеллект мүмкіндігін халық игілігіне пайдалану көзделген. Біз ЖИ-ді тек ірі компаниялар үшін емес, ша­ғын және орта бизнес үшін де қолжетімді етуді жос­парлап отырмыз. Мысалы, бұрын бизнестегі аналитикалық есептерді дайындау үшін бірнеше күн қажет болса, енді ЖИ көмегімен бұл жұмыс бірнеше минут ішінде жүзеге асады. «Ai-Sana» бағдарламасы арқылы мыңдаған маман даярланады. Олар өз саласында жасанды интеллект құралдарын қолдануды үйреніп, отандық бизнестің дамуына үлес қосады деп сенеміз.

 

–  Жасанды интеллект инфрақұрылымы қалай дамып келеді?

Саясат Нұрбек:

– Инфрақұрылымсыз жасанды интел­лектіні дамыту мүмкін емес. Сол себепті үш ұлттық университетте суперкомпьютерлер орнату жұмысы басталды. Әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ базасында Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды. Сәтбаев университетінде «Huawei» компаниясымен бірлесіп, нейрожелілерді оқытуға арналған заманауи сервер орнатылды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде де жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Бұларды үш университет ғана емес, «Ai-Sana» бағдарламасына қатысатын барлық студент бірдей пайдалана алады. Профессорлар мен студенттер өз жобаларын осы ортақ инфрақұрылымда жүзеге асырады. Бағдарламаның түпкі мақсаты – жасанды интеллект негіздерін меңгерген студенттер санының артуы ғана емес, оларды осы білімді қолдана алатын маманға айналдыру. Біз жыл сайын жасанды интеллектіні қолданатын үш-төрт салаға басымдық беруді жоспарлап отырмыз. Биыл білім, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын басқару сияқты салаларды таңдадық. Энергетика мен жаңартылатын энергия көздері де басым бағыттардың қатарында. «Ai-Sana» бағдарламасы аясында мыңдаған студент пен жас кәсіпкер ЖИ-дің қыр-сырын меңгеріп, оны өз кәсібінде қолдануға мүмкіндік алады. Мұндай мамандар кез келген компанияға өте қажет. Өйткені жасанды интеллектімен жұмыс істеу – бағдарламашылардың ғана ісі емес, ол экономистер, заңгерлер, агрономдар, дәрігерлер, басқа да мамандар үшін де пайдалы құралға айналып отыр. Сондықтан осы салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындарды әріптес болуға шақырамыз.

 

– Жастарды жасанды интеллектіге қалай қызықтыруға болады?

Арман Сүлейменов:

– Жастарды жаңа технологияға қызық­тыру қиын емес. Біз 2015 жылдан бері IT мамандарын даярлап келеміз. Жыл са­йын жазғы лагерь ұйымдастырамыз. Өткен жылы студенттеріміз 100 «GPT» агентін әзірледі. Біз жасанды интеллект саласына келетін жастардың ынтасын арттырғымыз келеді. Қазір­дің өзінде түлектеріміздің бірне­шеуі Кремний алқабындағы стартап­тарға қатысып, 8 миллион доллардан астам инвестиция тартты. Олар енді еліміздегі ЖИ сала­сын дамытуға үлес қосуды жоспарлап отыр. Жастарды қызық­ты­ратын басты нәрсе – ЖИ-дің шығарма­шылық мүмкіндігінің шек­сіздігі. Бұрын бағдарламалық код жазу үшін қаншама уақыт жұмсалса, қазір бұл үде­рісті алгоритмдер арқылы жеделдетуге болады.

 

– Жасанды интеллект бала­лардың шығар­машылық қабіле­тіне әсер ете ме?

Эрик Димла:

– Бұл сұрақ жиі қойылады. Көпшілік ЖИ балалардың шығармашылық қабілетіне кедергі келтіреді деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Жасанды интеллект – жай ғана құ­рал. Мысалы, баланың қолына түрлі-түсті қарын­даш берсеңіз, ол қиялындағы суреттерді қа­­­ғаз­ға түсіреді. ЖИ де дәл сондай құрал. Ол бала­­­­­лардың шығармашылық ойлау қабіле­тін дамытып, шыңдай түседі.

 

Дайындаған –

Айтолған ЖҮНІСХАН,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03