
Атап айтсақ, Франция мен Германия арасындағы мәдени және ақпараттық ынтымақтастықтың нәтижесінде 1990 жылы құрылған «Arte france» атты еуропалық қоғамдық телеарнада ақпан айынан бастап ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов туралы арнайы деректі фильм көрсетіліп жатыр. Аталған жобаның авторы – белгілі журналист Анна Луссуарн. Фильм авторлары 2023 жылы арнайы сапармен елімізге келіп, жазушының туған мекені Абай ауданына ат басын бұрып, қаламгердің кіндік қаны тамған жерімен танысқан. Сонымен бірге Алматы қаласындағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығын түсіріп, материалдар жинаған. Сол сапары орталық директоры Диар Асқарұлы Қонаевтан Мұхтар Әуезов туралы сұхбат та жазып алған.
Аталған қысқа деректі фильмді ғаламтордан тауып көрдік. Түсіру тобы аты алысқа жеткен қаламгер шығармашылығының кеңге қанат жайғаны – «Абай жолы» роман-эпопеясынан бастау алатынын нықтап айтады. Кең жайлау, ауыл өмірі, салт пен дәстүр, ұлттық стильдегі ән мен күй – бәрі-бәрі осы фильмде көрініс табады. Бұл фильм аталған телеарнада бір ай бойы тұрақты түрде көрсетіледі екен.