Өндіріс • 19 Ақпан, 2025

Уран өндірісінің өркенді жобасы

76 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен аптада уран өндірісінің олжалы нүктесі – Созаққа, «Инкай» кәсіпорны иелігіндегі кеніштерге сапарлаудың сәті түсті. Әуелі Шымкентке барып кәсіпорын басшылығымен аз-кем әңгімелескеннен кейін уақыт оздырмай Бетпақдаланы бетке алдық.

Уран өндірісінің өркенді жобасы

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

3 мың тонна уран өндірді

«Инкайдың» қос бірдей құрыл­тайшысы бар, бірі «Қазатом­өнеркәсіп» болса (үлесі – 60%), екіншісі – канадалық «Cameco» (40%). Бас-аяғы 811 адам 350-500 метрден астам тереңдікте жатқан уранды өндіру, өңдеу және экспорттау бағытында еңбек етеді. Бізді әрине, өндіріс үдерісі, еңбек қауіп­сіздігі, компанияның экспорт­тық мүмкіндіктері мен жұмысшылар жағдайы қызықтырды.

«Инкайдың» алғашқы техно­логиялық блогі 2002 жылы наурызда іске қосылды. Содан бері жер астынан 39 мың тонна уранды алып шығыпты. Бірлескен кәсіпорынның бас директоры Біржан Жылқайдаровтың айтуынша, компания 2024 жылы 3 мың тоннаға жуық уран өндірді. Биылғы меже – 3,2 мың тонна. Өндіріс өрісін кеңейтіп, жұмысшыларға жан-жақты жағдай жасау біз үшін бас­ты міндет дейді басшы. Компания «Қазатомөнеркәсіп» ұйымдастыратын «Izbasar» бағдарламасына белсенді қатысады. 2021–2024 жыл аралығында 12 жас маман тәжірибеден өтсе, соның бесеуі тұрақты жұмысқа шақыртылған. Былтыр 766 қызметкер оқуға қатысып, біліктілік арттырған.

ап

 

Технологиялық әдістің тиімділігі неде?

Шымқалада көп аялдамай, ертесіне негізгі нысандарға қарай аттанып кеттік. Тұмсық тіреген тұсымыз – Тайқоңыр ауылы маңындағы кеніш. Мұнда бір ұңғымадан күніне 200 килоға дейін уран шығарылады. Ұңғыма саны 2 000-ға жуық. Өндіру үшін жерасты ұңғымалық шаймалау тәсілі қолданылады.

«Қазіргі өндіру әдісіміз бізді көп шығыннан сақтап отыр. Өйткені уранды алып шығу үшін үлкен қазандықтар қазбаймыз. Егер тереңдігі 500 метрге дейін баратын карьерлерді қазып тастайтын болсақ, бұл уранның өзіндік құнына да әсер етер еді. Сондықтан шаймалау әдісі ең тиімді, ең экологиялық және ең арзан нұсқа саналады. Уран ерітінді күйінде болады. Барлық технологиялық үдеріс жер астында жүріп жатады. Кен горизонтымыз суға төзімді қабатпен жабдықталған, онда саз және гипс бар. Ұңғымаларды технологиялық бақы­лаушылар бүкіл үдерісті ұдайы қада­ғалайды. Құбырлар мен ұңғымалар жер үстінде тұр. Яғни уран қоршаған ортамен байланысқа түспейді. Оны жоғалтып алу, бақылаудан шығарып алу мүмкін емес. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ», дейді Өндіріс бөлімінің бастығы Степан Третьяков.

«Инкай» кенішінің директоры Әлібек Асауовтың айтуынша, жер астынан шығарылған уран өнімді ерітінділерді өңдеу цехына жөнелтіледі.

ен

«Ол жерде сатылы технологиялық үдерістер өтеді. Жер астынан шыққан, миллиграмм болып есептелетін сұйық күйіндегі уран сол цехта сатылай өңделіп, тауарлы дисервант түрінде грамм литрге, одан кейін «сары кек» түрінде дайын өнімге айналады. Дайын өнім болған соң киломен өлшене бас­тайды. Кеніште тәулігіне 10 тоннаға дейін уран өндіріледі. Алдағы уақытта өндіріс қуаттылығын 20%-ға арттырамыз деген жоспарымыз бар», дейді Әлібек Асауов.

Ұзындығы – 25, ені 15 км болатын геотехнологиялық полигонның әр-әр тұсында ұңғымалар мен оларды жал­ғай­тын құбырлар созылып жатыр. Өнді­рілген уран тап сол құбырлар арқылы зауытқа тікелей жеткізіледі. Кәсіпорында жыл сайын 30 млн текше метр уран өңделеді. Дайын өнім алып бөшкелерде сақталады.

 

Қарауылдықтан супервайзерлікке дейін

Геотехнологиялық полигонда 100-ден астам адам жұмыс істейді. Солардың бірі – Пернебек Дауылбаев. Ол «Инкай» кәсіпорнына 2001 жылы қарауыл болып қабылданған. Содан бері 24 жыл бойы табан аудармай еңбек етіп келеді.

«Осы жылдар ішінде біраз баспалдақ­тан өттім. 2002 жылы аппаратшы-гидрометаллург болдым. Одан кейін по­ли­гондағы компрессор бөліміне ауы­сып, жерасты өңдеу жұмыстарына араластым. Кейін полигон мастері деген қызметке жіберді. Кейін қайта компрессоршылыққа ауыс­тым. Қа­зір­гі қызметім – құрылыс бөлімінің су­первайзері. Міндетім – жер астынан сорушы ұңғыма және сілтімен айдау ұңғымаларындағы үдерісті бақы­лап, тораптарды жасау. Жұмысым ауыр емес, өзіме ұнайды», дейді білікті маман.

пр

 

Жұмысшыларға жағдай жасалған

Кәсіпорын басшыларының айтуын­ша, өндіріс орнында техникалық қауіпсіздікке ерекше мән беріледі. Бейнеаналитика жүйесі қауіпсіздікті қадағалап, оқыс оқиғалардың алдын алуға жағдай жасайды. Учаскеде орнатылған 39 камера ықтимал тәуекелдердің алдын алуда таптырмас көмекші. Бас директор Біржан Жылқайдаровтың сөзінше, «Қазатомөнеркәсіпке» қарасты еншілес компаниялардың 70%-ға жуығы осындай жүйемен жабдықталған.

Жұмысшылар 14 күнге есептелген вахталық ауысым тәртібімен жұмыс істейді. Оларға қажетті барлық жағдай жасалған. Нөмірі бірінші рационмен тамақ беріледі. Жатын бөлмелерін де өз көзімізбен көрдік. Жанға қажеттінің бәрі табылады. Жұмыстан кейін бой сергітіп, спортпен айналысамын деушілерге де мүмкіндік қарастырылған. Жаттығу залында спорт құрылғылары түгел орнатылыпты. Бұдан бөлек, үстел теннисі, бильярд залы, Play Station бөлмесі де бар.

 

116 адам, 11 мың бөшке

Өндіріс тізбегіне қайта оралар болсақ, әлгі кеніштерде игерілген ерітінділер енді сол күйінде зауытқа жеткізіледі. Оны біз жоғарыда айтып өттік. Әрі қарайғы жұмыс – кәсіпорын ішінде орналасқан бөлімдердің еншісінде. Яғни уранды айы­рады, өңдейді, оны дайын өнімге айналдырып, экспортқа әзірлейді.

«Жылына 3 000 тоннадан астам уран өңдейміз. Олар 11 мыңнан астам бөшкеге құйылады. Өңдеу басқармасында 116 адам жұмыс істейді», дейді Қайта өңдеу бас­қармасының басшысы Айбек Ай­дымбеков.

Кіл журналистер бір есікке кіріп, бір есіктен шығып, сапырылысып жүрміз. Бәріміздің көксегеніміз – ерекше, есте қалар дерек жинау. Сол деректі бізге түсінікті етіп айтып беретін маман табу. Олар көп те. Солай бола тұра, өндірістік үдерісті шемішкеше шағатын ондай маманнан қажетіңді сұрап алу да оңай шаруа емес. Себебі олардың өздері үшін аса ұғынықты саналатын сөз-сөйлемдері біздің санаға біраз салмақ түсіреді. Дегенмен қайта сұрап, анық-қанығына көз жеткізіп, жалпы ахуалды бажайлағандай боламыз. Сөйтіп жүріп тапқанымыздың бірі – зертханашы Гүлнұр Сәндібаева. Ол физикалық-химиялық зертханада ұңғымалардан әкелінген өнім сапасын тексеріп, құрамында уранның бар-жоғын анықтаумен айналысады. Өндіріс тәулік бойы, тоқтаусыз жүретіндіктен, зертхана есігі де ешқашан жабылмайды.

ап

«Ұңғымалардан алынған өнім бізге сұйық түрінде жеткізіледі. Зертханалық тексеріс аясында біз өнімнің уранға жататынын немесе жатпайтынын анықтаймыз. Полигон және өндірістің өзінен келетін сынамаларды саралап, толыққанды талдау жүргіземіз. Тал­дау нәтижесі шыққан соң, оны база­ға енгіземіз. Кейін әр бөлім базаға кіріп, қажет ақпаратты алып отырады. Міндетіміз – әр сынаманы дер уақытында беру. Сондықтан жұмыс бір сәтке де кідірмейді», дейді Гүлнұр Сәндібаева.

Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Ансельм Диракканың айтуын­ша, радиациялық қауіпсіздік тұр­­ғы­­сынан алаңдауға негіз жоқ.

«Бір тәуекел болса, ол – радон газы. Алайда зауытта оны басқару жағы қарас­ты­рылған, үнемі жұмыс істеп тұратын желдету жүйесі бар. Радиация деңгейі өлшенеді. Мен оны күн сайын бақылап отырамын. Сондықтан радиа­ция тәуекелі өте төмен деп айта аламыз», дейді.

 

Әлеуметтік міндеттеменің маңызы

Жер қойнауын пайдалануға арнал­ған келісімшарттық міндеттеме аясында кәсіпорын жыл сайын Түркістан облы­сының жергілікті атқарушы органының бюджетіне аударым жасайды. Былтыр әлеуметтік-экономикалық дамуға арнап 475,4 млн теңге бөлді. Тайқоңыр кенті мен Шолаққорған ауылдық округінде көшелерге жарықтандыру жүргізді. Асфальт төседі. Балалар және спорт алаңдарын салып, ауылға Wi-Fi желісін тартып берді.

Былтыр кеніш аумағында 1 700 қара­ғаш отырғызылды. Айтпақшы, біз де сапа­рымызды тал егумен тәмамдадық. Кеніш­тің бас ғимараты маңындағы алаң­қайда 30 журналист 30 көшет екті. Енді бірер жылда бұл маңай да жайқалып тұрар деген үмітпен Астананы бетке алдық.

 

Астана – Тайқоңыр – Астана