
– Дәстүрге айналған тазалық жұмысын сапалы орындау үшін барлық қала, аудандарда белсенділікті арттыру, тиісті шаралар қабылдау қажет. Жақсы қарқынмен басталған, ерекше нәтиже берген акцияны бір сәт те тоқтатпауымыз керек. Қазір өңірде тазалық жұмысын жүргізуге ауа райы да қолайлы болып тұр. Бар мүмкіндікті пайдалана білейік, – деген облыс басшысы аудан әкімдеріне өңірлерде акцияға қатысты шараларды аяқсытпай, жүйелі жалғастыруды тапсырды.
Акцияға орай өткен жылы арнайы жоспар бекітіліп, аудан, қала, ауылдарда елді мекендерді тазалау, абаттандыру жұмысы тұрақты жүргізілді. 168 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1738 арнайы техника жұмылдырылған сенбіліктің нәтижесінде 27 462 тонна қоқыс шығарылып, 69 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісінің 61-і жойылды, теңіз түбін тазарту жұмыстары жүргізілді.
– «Таза қала» жобасы аясында Ақтау қаласы елімізде 6-орынды иеленді. Қазірде «Моно қала» жобасы бастау алып, оған өңірден Форт-Шевченко, Жаңаөзен қалалары, Бейнеу ауданы енгізілді, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Хайдар Төлеуішов.
Акцияны қарқынды жүргізумен үздіктер қатарына енген Ақтауда күшейтілген санитарлық тазалық жұмысы нәтижесінде 100 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Облыс орталығындағы шағын аудандарда санитарлық жұмыс жалғасын тауып, шараға коммуналдық сала қызметкерлері мен арнайы техника жұмылдырылды.
– Қаладағы санитарлық тазалық, абаттандыру, жасыл желектерді күтіп ұстау, жарық шамдарды жаңарту жұмыстары күшейтілген режімде жалғасып жатыр. Жұмыстың нәтижесінде 100 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Абаттандыру жұмысы аясында бүлінген жаяу жүргінші жолдары (тротуарлар), вандализм салдарынан қираған орындықтар, қоқыс жәшіктері қалпына келтірілді. Сондай-ақ жұмысқа шағын аудандардағы көппәтерлі тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші мекемелер де атсалысып жатыр, – деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисенов.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жалғаса береді, 2024–2029 жылдарға арналған арнайы іс-қимыл жоспары әзірленген.
Маңғыстау облысы