
Қазір Астана мен Шымкент қалаларында бөлімшелерін ашуға қызу дайындық жүргізіп жатыр.
«Алматының орталық көшелеріне әр беріп тұрған лэд-экрандардың мониторы мен микро-схемасы ғана Қытайдан жеткізіледі. Басқа байланыс желілерімен интеграциялайтын құрал-жабдықтар, дыбыс-қозғалтқыш қондырғылары компанияға қарасты цехта дайындалады. Кез келген стационарлық компьютердің, экранның негізі саналатын жабдықты өзіміздің мамандар жасап шығарды. Техниканың бұл түрінің мүмкіндіктері өте күшті. Микрочипті сыртқы байланыстармен интеграциялайды, жарықдиодты тарататын тетіктердің қызметін әртараптандырады», дейді кәсіпкер.
Қайрат – Алтай аймағының тумасы: Атамекенге келіп ту тігу туралы ниеті мектепте жүргенде-ақ ояныпты.
«2000 жылдардың ортасында демалыс алып, шекараның арғы бетінде қалып қойған ата-анама бардым. Аз уақыт ішінде Қытай елінің барлық сала бойынша дамып кеткенін көзбен көрдім. Алматыдағы лэд-экрандардың басым көпшілігі өзге компаниялардың иелігінде болатын. Ата-анам, бауырларымның қаржылық демеуімен елге лэд-экранды, оған қажетті технологияны алып келіп, бізге мүлдем таныс емес, бірақ келешегі зор бизнес түрін бастап кеттім», дейді Қ.Жастарбекұлы.
Оның айтуынша, нарықта өздерін қожайын ретінде сезіне бастаған ірі компаниялардың қас-қабағына қарамай екпіндеп кірулеріне жастыққа тән максимализм әсер етсе керек.
«Қазір банктер мен үлкен компаниялардан тапсырыс аламыз. Алматының әл-Фараби даңғылы бойында орналасқан, көлемі 650 шаршы метр болатын, қала архитектурасының ең жарқын образының бірі ретінде танылған ЛЭД-экран – біздің жобамыз. Бұл жоба еліміздегі ең ірі экрандардың бірі ретінде танылған. Сондай-ақ «Алматы» сауда ойын-сауық орталығындағы шамшырақ бейнесіндегі лэд-стелла да біздің өніміміз», дейді.
Оның сөзінше, «Aray-LED» өнімдерін отандық бизнесмендер ЛЭД индустриясының жергілікті бренді деп таниды.
«Технология дамып жатыр. Зерттеулер көрсеткендей, бейне және анимация форматында ұсынылған ақпарат статикалық мәтінге немесе суретке қарағанда 30% жақсы есте сақталады. Соған сай бизнестің миы, ағзасы күндіз-түні сағат тіліндей сартылдап жұмыс істеп тұруы керек. Кейде болашақ жобаларымның нұсқасын түсімде көретін кездерім болады. Шоу-бизнес пен экономикалық бизнес арасында бір-біріне ұқсайтын тәсілдер көп. Мысалы, шоу-бизнес өкілдері хит болған өнімдері нарықты жалықтырып алғанын сезсе, орнына жаңа өнім ұсына қояды. Бізде де солай. Нарықты жалықтырып алуға, идеямыздың көш соңында қалып кетуіне жол беруге болмайды. Ұсынған өнімдеріміз, роликтеріміз трендтен түсе бастаса, жаңа жобаны ұсынуға тура келеді. Әзірге сенім білдірген компанияларды жалықтырып алған кезіміз жоқ», дейді Қ.Жастарбекұлы.
Компанияның бір жылдағы қаржы айналымы – 2 млрд доллар. Қызметкерлерінің жалақысы 500 мың теңгеден басталады.
«Қызметкер қабілетін әділ бағалауға тырысамыз. Көлік, үй алғысы келсе, компанияның қаржылық айналымы есебінен пайызсыз қаржы бөлеміз. Әлеуметтік, медициналық сақтандыру мәселесі компания есебінен шешілген», дейді.
Оның сөзінше, ЛЭД экранды өзімізде жасау оңай. Ал микросхема өндірісі бойынша Тайвань ешбір елді алға оздырған емес.
«Тайвань тек ірі экспорттаушылармен жұмыс істегендіктен, әзірге олар біз үшін жабық нарық. Егер Орталық Азия елдері нарығына жол салсақ, Тайваньмен келіссөз жасауға болады», дейді Қ.Жастарбекұлы.
АЛМАТЫ