
Алаңдағы атмосфера ә дегеннен әдемі әсерге бөледі. Көз алдымызда сай-салаға құйған өзен суындай сегіз көше сайрап жатыр. Соның алғашқысы – тау-кен ісі және металлургия көшесі. Осындағы оқушылардың кенші формасын киіп, виртуалды көзілдірік арқылы шахтаға саяхаттап жатқаны ерекше әсерлі көрінді. Олардың таңданысы тілдерінен де, түрлерінен де көрініп-ақ тұр. Мамандық иелері металдың табиғатын балаларға оңай әрі қызықты түсіндіріп жатыр.
– Балалар, суретте көріп тұрған «Бостандық мүсіні» бастапқыда қандай түсті болған деп ойлайсыңдар? – деп нұсқаушы қыз оқушыларға сауал тастады. Шыны керек, бұл сұраққа үлкендердің өзі біраз ойланып қалды.
– Әрине, әуелден жасыл түсті! – деп бір балақай саңқ етті. Біздің де айта алмай тұрған жауабымыз сол еді. Нұсқаушы қыз «солай дейтіндеріңді білгем» дегендей, әнтек жымиып қойып, дұрыс жауабын өзі айтты.
– Жоқ, ол алғашында қоңыр түсті болған, өйткені ескерткіш таза мыстан жасалған. Ал уақыт өте жасыл түске айналды. Неге екенін білесіңдер ме?
– Тот басқан шығар? – деді бір оқушы.
– Дұрыс бағытта ойлап тұрсың. Бірақ бұл темірдегідей зиянды тот емес, керісінше, металдың өзін қорғау үшін табиғи қабат түзеді. Бұл құбылыс «патина» деп аталады. Яғни мыс оттегімен, ылғалмен және күкірт қоспаларымен әрекеттесіп, оның бетінде жасыл қабат пайда болады, – деп металл маманы күрделі көрінетін үдерісті соқырға таяқ ұстатқандай оп-оңай түсіндіріп берді. «Мәссаған» десіп біз қалдық. Таңғалғаннан таңдай қағып тұрғанда, «Ана жақта темірді балқытып жатыр!» деген әлдекімнің дауысын құлағымыз шалды. Елең ете қалдық. Барсақ, расымен «Қазақмыс» корпорациясы Политехникалық колледжінің студенттері металдың қалай қалыпқа құйылатынын, болат балқытудың заманауи технологияларын жиналған жұртшылыққа көрсетіп жатыр. Біз де жақындай беріп едік, тақылдап өздерін таныстыра жөнелді.
– Аты-жөнім – Думан Жеткін. Осы колледждің 4-курс студентімін. Мамандығым – түсті металлургия. Біздің колледж Балқаш қаласында орналасқан және «Қазақмыс» корпорациясының толық қолдауымен жұмыс істейді.
– Бәрекелді, бауырым! Шыныңды айтшы, мамандығың өзіңе ұнай ма?
– Ұнағанда қандай! Не үшін екенін жіктеп айтайын сізге. Мысалы, біздің шәкіртақы – 48 000 теңге. Сонымен қатар үздік оқушыларға «Қазақмыс» корпорациясы тағайындаған арнайы шәкіртақы бар, оның мөлшері – 50 000 теңге. Практикадан өткендер тағы 100 000 теңге алады. Барлығын қосқанда, біздің студенттердің шотына ай сайын 200 000 теңге түсіп тұрады. Мұны «бір» деп қойыңыз. Екіншіден, бізде заманауи құрылғылармен толық жабдықталған оқу зертханалары бар, сол жақта металл құю үдерісін, дәнекерлеу жұмыстарын және басқа да өндірістік технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік бар. Үшіншіден, колледжді аяқтаған студенттер «Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындарына толықтай жұмысқа орналасады. Яғни мамандыққа сұраныс жоғары. Айлығы да ауыз толтырып айтарлықтай.
– Бұл мамандықты қалай таңдадың?
– Мектеп кезінде бізге кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында осы саланы танып-білдім. Оқу барысында, әсіресе өндірістік тәжірибе кезінде мамандығыма құштарлығым арта түсті. Біздің әулетте металлургтер болмаған. Бірақ бұл саладағы сара жолды өзім бастадым. Былтыр туған інім де осы колледжге оқуға түсті, – деді студент ағынан жарылып. Болашақ металлургке алғыс білдірдік те, істеріне сәттілік тілеп, келесі көшелерді көруге асыға бердік.
Ендігі бағыт – ауыл шаруашылығының алаңы. Ақ халатты жас мамандар жануарлардың жай-күйін баяндап, зерттеу құрылғыларын көрсетіп, қызық таныстырылым өткізіп жатыр екен. Біз қаумалаған көптің арасынан өзімізге жылы ұшыраған студентті сөзге тарттық. Түркістан облысындағы Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің 3-курс студенті екен. Аты-жөні – Мұхаммедәлі Құлжабай. Мал дәрігері мамандығында оқиды. Таныс-білістен соң студент жігіт бізді зертханалық тәжірибе алаңына қарай бастады.
– Өздеріңіз көріп тұрған осы ақ тышқандарды, қояндарды және теңіз шошқаларын біз зерттеу үшін қолданамыз, – деді ол құты ішіндегі жануарларды көрсетіп. – Вакцинаның алғашқы сынақтары дәл осы кішкентай тіршілік иелеріне жасалады. Егер олар жақсы әсер берсе, кейінірек ірі жануарларға сынақ жүргіземіз. Ал мынау қояндар тек зерттеу үшін емес, өнеркәсіп үшін де маңызды. Олардың терісі киім өндірісінде, ал еті диеталық тағам ретінде қолданылады, – деді Мұхаммедәлі.
Оның айтуынша, қазіргі ветеринарияда қолдан ұрықтандыру технологиясы ерекше рөл атқарады.
– Бізде азот (-196°C) көмегімен ұрықты жылдар бойы сақтайтын құрылғылар бар. Одан бөлек, ауыл шаруашылығында дрондарды қолдану – өте ыңғайлы әрі тиімді, – деді де студент бізді кішігірім алаңға бастап келіп, қолындағы тетікті басып қалды. Сол сәтте алып дрон гүр етіп көкке көтерілді де, алаңды айнала ұша бастады.
– Байқап тұрғаныңыздай, бұл дронның сыйымдылығы өте жоғары. 60 кг жүкті қиналмай көтеріп, тасымалдай алады. Негізгі қызметі – егістікті тыңайтқыштармен өңдейді, зиянкестерге қарсы дәрі себеді, өсімдіктердің жай-күйін қашықтан талдап, аурулардың таралуын ерте анықтай алады. Ал мынау «X-NIR» деген аппарат жай ғана жемге жақындату арқылы азық құрамындағы дәрумендер мен минералдарды лезде экраннан көрсетеді, – деді ол. Осылайша, жас маманның айтқандарын тыңдай отырып, ауыл шаруашылығында да цифрлық құрылғылардың қарқын алғанын анық аңғардық.
Жұмысшылар қаласын аралап келеміз. Жасанды интеллектінің ықпалымен неше түрлі мамандықтың пайда болғанын осы фестивальда ұғына түстік. Мысалы, виртуалды шындық дизайнері, сити-фермер, экотехник, ядролық қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі маман, ғарыш құрылысшысы, өрт сөндіру роботтарын қашықтан басқару операторы сынды жаңа мамандықтар өте көп мұнда. Сондықтан ЖИ кейбір мамандықтың орнын алмастырғанымен, бұрын-соңды болмаған жаңа бағыттар пайда болғанына осы фестивальда көзіміз жетті. Ал роботтар барлық салада басымдық алған десек еш қателеспейміз. Бір ғана мысал – робот-жолсерік. Қызметі түсінікті. Жолсеріктің барлық міндетін атқарады. Оның «Қазақстан темір жолы» деген логотипі бар. Фестивальға келген балалар өздерімен бойы шамалас осы бір құлтемірді ерекше қызықтап, тіпті онымен «әңгімелесіп» жатты. Сонымен қатар оқушылар симулятор арқылы пойыз жүргізіп көрді. «Нағыз машинист орындығына отырып, рельстермен қозғалғандай әсер алдық», десті балалар. Осынау қызық пен құпияға толы «Болашақ мамандықтар» көшесінен шыға бере құрылысшылар алаңына қарай адымдадық.
Құрылысшылар көшесіне келген бетте кәдімгі өндіріс орнына енгендей болдық. Бір шетте кірпіш қалау шеберлігі көрсетіліп жатса, екінші жақта әрлеушілер гипс қабатын тегістеп, қабырға сылаудың заманауи әдістерін түсіндіріп тұр. Қысқасы, мұнда жай ғана бақылаушы болып тұру қиын. Өйткені айналадағы тіршілік бірден жұмысқа араласып кетуге шақырып тұрғандай. Тіпті кейбір оқушылар басына каска киіп, іске кірісіп кеткен. Бір оқушы қабырғаны деңгей өлшегіш арқылы тексеріп көрді де, қателігін түсініп, кірпішін қайта қалады. Осылайша, олар құрылыста әрбір миллиметр маңызды екенін өздері-ақ аңғарып жатты. Осы сәтте Қарағанды техника-құрылыс колледжінің директоры Әсел Сағымбайқызымен тілдесудің сәті түсті. Ол құрылыс саласының болашағы мен жастардың бұл мамандыққа деген көзқарасы туралы әңгімелеп берді.
– Құрылыс саласы – ешқашан маңызын жоғалтпайтын, тұрақты кәсіптің бірі. Әсіресе дәнекерлеушілерге сұраныс өте жоғары, олар тегіс жұмысқа орналасады. Қазіргі жастар арасында «жұмысшы – қарапайым еңбекші» деген стереотип бар. Бірақ бұл түсінік дұрыс емес. Қазір құрылыс саласында «AutoCAD», «Revit» сияқты заманауи бағдарламалар қолданылады. Яғни құрылысшы тек қара күшке ғана емес, ақыл мен технологияға сүйенетін маман, – дейді Ә.Сағымбайқызы.
Бір қызығы, аталған колледжде жақында «Үй шебері» («Хаус мастер») деген жаңа мамандық ашылыпты. Яғни бір студент бірден төрт кәсіптің иесі атанады. Атап айтсақ, электрик, сантехник, дәнекерлеуші және құрылысшы мамандығын меңгеріп шығады.
– Бізде қыздар да құрылыс мамандықтарын меңгеріп жатыр. Бір студентіміз дәнекерлеу ісінде ер балалардан жылдам әрі ұқыпты жұмыс істейді. Құрылыс – ерлердің ғана емес, білімі мен білігі бар кез келген адамның кәсібі. Колледжде сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін де жағдай жасалған. Қазіргі таңда 82 ерекше бала білім алып жатыр. Есту қабілеті нашар, ақыл-ой дамуы тежелген студенттерге құрылыс, дәнекерлеу, әрлеу жұмыстары үйретіледі, – дейді директор.
Иә, сонымен күніне 5 мың адам келіп, түрлі мамандықтың қыр-сырымен танысып жатқан фестивальды аралап шықтық. Сондағы түйгеніміз, болашақта қандай мамандықтар сұранысқа ие болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ бір нәрсе анық – еңбек адамының мәртебесі ешқашан төмендемейді. Бүгінде білікті жұмысшыларға сұраныс жоғары, олар жоғары жалақы алып, тұрақты жұмыспен қамтылады. «Жұмысшылар қаласы фестивалі» – жастарға кәсіби бағдар беріп, олардың мамандыққа деген көзқарасын өзгертуге үлкен мүмкіндік. Бір күннің ішінде бұл жерден мыңдаған оқушы болашағын анықтап, өз таңдауын жасағаны сөзсіз.