
Сурет «Amanat» партиясының баспасөз қызметінен алынды.
«Ozge Epic» шығармашылық орталығында Алаш арысы, ұлт зиялысы Мұхаметжан Тынышбайұлының «Қазақ халқының тарихы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Репрессияға ұшыраған инженер, тарихшы, қоғам қайраткерінің сүбелі еңбегі орыс тілінде алғаш рет 1925 жылы жарық көрген. Араға 100 жыл салып, ел руханияты үшін құнды жинақ мемлекеттік тілде ұсынылып отыр. Іс-шараға алаштанушы Айгүл Ісмақова, жоба жетекшісі Бақытжан Бұқарбай мен бір топ оқырман қауым қатысты.
– Араға 100 жылдай уақыт салып бүгін, міне, керемет оқиғаның куәсі болып отырмыз. «Құтты болсын, қазақ жұрты!» дегім келеді. Тынышбайұлының әу бастағы дипломдық жұмысының тақырыбы – «Қазақ жеріндегі теміржол жүйесінің картасы». Түркістан автономиясының премьер-министрі болған. Кітап біздің бұратана халық еместігімізді айғақтап, Қазақ хандығы деген үлкен ел болғанымызды дәлелдейді. Сондықтан да бүкіл шежіремізді тарқатып, түбірімізге үңілген. Жинақты аударған Жамбыл Жабаевтың шөбересі, әйгілі әдебиетші ғалым Алма Қыраубаеваның ұлы Бұлан Жамбылұлы екен. Аударма өте сәтті орындалыпты, – деді алаштанушы Айгүл Ісмақова.
Алаштанушы сонымен қатар Мұхаметжан Тынышбайұлына дейін қазақ шежіресін Шәкәрім Құдайбердіұлы жазғанын, онан соң сол шежіреге түсініктеме ретінде Әлихан Бөкейхан кітабы жазылғанын атап өтті. Сондай-ақ жинақта Баласағұн қаласы туралы тұңғыш мәлімет берілгенін, маңызды жинақтың ұлт тамырының ұлылығын дәлелдемек болған үлкен намыстан туғанын жеткізді.
Мұнан соң жоба жетекшісі Бақытжан Бұқарбай кітапты шығару барысы туралы айтып өтті.
–Былтыр Мұхаметжан Тынышбайұлының ұлы Дәулет Шейх-Әли-Тынышпаев осы жинақты баспаға жібергенде өмірден өтті. Сол кісінің көзі тірісінде шығарсақ деген ниет бар еді. Бірнеше жылдан бері «Қазақ тарихы» сериясы бойынша ұлт тарихы туралы құнды деректерді іздеп, соларды басып шығарумен айналысып келеміз. Алғашқы ісіміз Кенесарының ұлы Ахмет сұлтанның кітабын шығарудан басталды. Мұхаметжан Тынышбайұлы еңбегінің орысшасын оқығанмын, былтыр қазақшасын іздеп көрдім. Жоқ екеніне көз жеткен соң жаз айында жинақты аударып шығаруға кірістік. Инженер, Мемлекеттік думаның мүшесі, Түркістан үкіметінің басшысы болған атамыздың еңбегін төл тілімізде басып шығару – өзім үшін үлкен мақтаныш, – деді ол.
Жинақта қазақтың үш жүзінің тарихы түгенделіп, әрқайсына түрлі дерек арқылы жеке-жеке мағлұмат берілген. Кітапқа М.Тынышбайұлы тақырыбын зерттеп, диссертация қорғаған ғалым Гүлбану Жүгенбаеваның алғысөзі енген.