
Жәдігер иесі Сали Оразбайұлы 1948 жылы Алшын Меңдалыұлы құрған колхозаралық құдықшылар бригадасына жұмысқа алынған. 1949 жылдан бастап сол бригаданың бригадирі болған. Бригадасымен қырға шыққан, шаруа баққан елдің алдымен жүріп отырып, ескі құдықтарды тауып, аршып, оңдап, кей жерлерде жаңадан қазған. Тіпті ол соғыстан кейінгі Сам құмын игерушілер қатарында болып, сол төңіректегі құдықтарды, арысы терістік Үстіртке шығып, Ащы, Тұщы айрықтарға, Аяққұм, Шалқар жерлеріне дейін, Арал теңізінің батыс бетіне дейін, Қарақұм, Сарғасқа-Тайлан жерлеріне дейін барып, құдық оңдап, аршып, өнімді қызмет еткен.
Кейін құдықшылар бригадасы Гурьевтегі облыстық суландыру мекемесіне қосылған. Жоғары немесе арнаулы орта білімі болмаса да, Сали Оразбайұлының ұзақ жылғы жұмыс тәжірибесі ескеріліп, жасы ұлғайғанда қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер болып жұмыс істеп, 1982 жылы зейнеткерлікке шыққан.