
Өткен жылы компания 8 млрд теңгеден астам салық төлеген. Сонымен қатар 400-ден астам жұмыс орны құрылып, жұмысшылардың жалақысы 380 000 теңгеге дейін өскен. Зауыттағы барлық кәсіпорында цифрландыру, жаңғырту және автоматтандыру жұмыстары жүргізілген. ТМД елдеріне экспортты кеңейту мақсатында Қырғызстан, Өзбекстан және Ресеймен байланыс орнатылған.
Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылына орай, табысы тасқындаған кәсіпорында «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдегі 6 техникалық колледжден 30 шақты студент шақырылды. Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен білім басқармасы бірлесе ұйымдастырған басқосудың басты мақсаты – жастардың мамандықты дұрыс таңдауына, сондай-ақ жұмысқа орналасуына бағыт-бағдар беру.
Бүгінгі таңда облыста 40 колледж жұмыс істейді, оның 25-і жұмысшы мамандықтар бойынша оқытады.
«Әсіресе техникалық мамандықтарда оқитын студенттерге басымдық беріп отырмыз. Өйткені Іле ауданында өндіріс орындары көптеп саналады. Сондықтан студенттерді зауыттардың жұмыс ырғағымен таныстырып әрі қызықтыру үшін оқу орындарымен бірлесіп, осындай шаралар өткізіп тұрамыз», дейді Іле ауданы әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаев.
Алматы облысында барлық жұмыс істейтін адамдардың жартысынан астамында кәсіптік немесе техникалық білімі бар, 360 мың адам 500-ден астам жұмысшы мамандығымен жұмыс істейді. Жұмысшы кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында сұранысқа ие.
Сонымен бірге болжамдар алдағы жылдары жұмыс күшіне деген қажеттілік тек арта түсетінін көрсетіп отыр. Таяудағы 6 жылда кадрларға сұраныстың жалпы саны – 240 мың адам, оның ішінде кәсіптік-техникалық білімі бар жұмысшылардың жартысынан астамы яғни 60 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтар иелеріне тиесілі. Сондықтан жұмысшы мамандықтарды дамыту – өңірдің болашағына, технологиялық және экономикалық дамуына айрықша ықпал етпек.
Бұл орайда алға қойған мақсат та айқын. Жұмысшы мамандықтары жылына арналған іс-шаралар жоспары аясында жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік оқытуға және жұмыс орнында оқытуға ерекше назар аударылатыны аталды. Биылғы жылы 860-қа жуық адамды оқу орталығында және жұмыс берушінің жұмыс орнында жұмысшы мамандықтар бойынша қысқамерзімді оқытудан өткізу жоспарланған.
«Жұмысшы мамандықтарды дамыту және қолдау – мемлекеттің, бизнестің, білім беру мекемелері мен қоғамның бірлескен күш-жігерін талап ететін стратегиялық маңызды міндет екенін атап өткім келеді. Біз қазірдің өзінде жоғары білікті кадрларды даярлауға жағдай жасап, жұмысшы мамандықтардың имиджін жақсартып, оқытудың заманауи технологияларын енгізе отырып, осы бағытта елеулі қадамдар жасап жатырмыз», дейді Алматы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Ахметова.
Темірден түйін түйген кәсіпорынның жұмыс ырғағымен танысқан студенттер жұмысшы маманның қадір-қасиеті мен мәртебесін сезініп, өз ісінде табандылық танытып жүрген алдыңғы толқын ағалардың ақыл-кеңесіне қанықты.
«Зауытқа 2006 жылы слесарь мамандығымен жұмысқа келгенмін. Жиырма жыл еңбек етіп, осы күні бас механикпін. Өзім жетекшілік ететін жөндеу цехында 40 адам жұмыс істейді. Олардың арасында темір пісіруші, слесарь, токарь сынды мамандар бар. Жұмысшылардың табанды еңбек етуінің арқасында абырой биігінен көрініп келеміз», деді бас механик Арман Жақыпбеков.
«Ашық есік» күнінде компания басшылығы мен 6 колледж ұжымы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Облыста осы күні жұмыссыз адамдар саны 33 мың болса, оның ішінде 10 мыңға жуығы NEET санатындағы жастар. Оларды қысқа мерзімде оқытып, жұмысқа тарту үшін «Бент» ЖШС сынды компанияларға артылар үміт зор.
Өйткені аталған өндіріс ошағында жұмысшы мамандарды баулитын арнайы өндірістік оқыту орталығы барын айттық. Орталық осы уақытқа дейін өздеріне 100 шақты маман тәрбиелеп шығарған екен. Компания өкілдері өз кезегінде тағы 60 жұмысшы маманға сұраныс барын атады.
Алматы облысы,
Іле ауданы