
– Марат Елеусізұлы, Алматыдай ірі мегаполиспен іргелес өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуында қандай жетістіктерге қол жеткізілді?
– 2024 жылды қорытындылай келе, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң нәтижелерді атап өтуге болады. Негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсімі дұрыс жолға қойылған басымдықтар мен тиімді іске асырылған шараларды көрсетеді. Қысқамерзімді экономикалық индикатор 110,6%-ды құрап, облыс республикада 8-орынға шықты. Бұл нәтижеге негізгі салалардағы тұрақты өсім есебінен қол жеткізілді. Мәселен, өнеркәсіпте – 107,2%, құрылыста – 128,7%, саудада – 114,6%, көлікте – 120,9% өсім қамтамасыз етілді. 955 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспарланған көлемнен 5,8%-ға артық орындалды (901,9 мың шаршы метр).
Инвестиция тарту жөнінен триллионыншы межеге – 981 млрд теңгеге жақындап, өткен жылғы деңгейден 31%-ға артты (737,7 млрд теңге). Бұл инвесторлардың облысқа деген сенімін, капиталды тартудағы белсенді жұмысты көрсетеді.
– Өңірде өндіріс өрісі кеңейіп келе жатқаны мәлім. Бұл бағытта қандай жоспарлар іске асады?
– Осы уақытқа дейін қол жеткен оң нәтижені одан әрі жақсарту мақсатында бірқатар маңызды бағыттарға назар аударуымыз қажет. Өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешен облыс экономикасының локомотиві болып қала береді, мұнда өндірісті арттыруымыз қажет. Биыл өнеркәсіп өнімін өндіру көлемін 2,2 трлн теңгеге дейін жеткізу міндеті қойылып отыр. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар өз өндірісін қайта инвестициялап, өнім көлемін арттыруы керек.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Облысты дамытуға инвестиция тарту жұмысымыздың басты басымдығы болып қала береді. Өткен жылы инвестиция көлемі 981 млрд теңгеге дейін жеткізілді, биылғы жоспар – 1,4 трлн теңге. Басым секторларда 412 млрд теңгеге 40-тан астам инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бұрын бекітілген меморандумдарға қатысты жобаларды қоса алғанда, осы пулды ұлғайту қажет. Инвесторларға жер учаскелерін, бос ғимараттарды, салықтық жеңілдіктерді, мемлекеттік қолдауға қолжетімділікті, өзара іс-қимылдың ашық тетіктерін ұсына отырып, қолайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл бағытта кәсіпкерлік басқармасына, аудан, қала әкімдеріне жұмысты күшейту тапсырылды.
Биыл орындауды қажет ететін көптеген ауқымды жобалар мен маңызды міндеттер бар. Облыс орталығы Қонаев қаласы мен Алатау қаласын кешенді дамыту Алматы агломерациясының көптеген мәселелерін шешіп, әлеуетін ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Агломерацияны дамыту мақсатында Алматы қаласы мен облыс әкімдігі арасында кеңес құрылып, 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырылып жатыр.
Облыс экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі – туризм саласы. Су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру бағытында да маңызды қадамдар жасалып жатыр. Су ресурстарын пайдалану бойынша кешенді жоспарлар әзірленіп, бірқатар жоба іске асырылады. Бұл жобалар жаңа өндірістер мен кәсіпорындардың ашылуына, жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді.
– Агроөнеркәсіп саласындағы серпіліс қандай? Көктемгі дала жұмыстарына дайындық назарда ма?
– Облыс экономикасының жетекші салаларының бірі – ауыл шаруашылығында да атқарылатын жұмыстар жетерлік. Мемлекет басшысы алдағы үш жылға ауқымды міндеттер қойып, агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізу қажеттігін атап өтті. Көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты қазірден бастауымыз қажет. Ауыл шаруашылығы техникасының, тиісті сападағы тұқымдардың, жанар-жағармай материалдарының дайындығын қамтамасыз ету керек. Осы мақсаттарды қаржыландыру деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 3,3 млрд теңгеге артты (2024 – 8,3 млрд теңге, 2025 – 11,6 млрд теңге). Үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін ұлғайту мақсаты қойылып отыр.
Шикізат базасы мен логистиканың орасан зор әлеуетін ескере отырып, күш-жігерді жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу өндірістерін жаңғыртуға, қайта құруға бағыттау қажет. «Кеген МясПром», «Прима құс» фабрикасы, «Оспанова» балық өңдеу кешені сияқты ірі кәсіпорындар биыл әлеуеттерін көрсетуі керек. Сондай-ақ сүт-тауар фермаларын кеңейту бағдарламасы аясында 2024 жылы республикалық бюджеттен 13 жобаны іске асыруға 15 млрд теңге бөлініп, олардың тек 2 жобасы (650 басқа) қолданысқа енгізілді.
– Тұрғындар тығыз қоныстанған Алматы облысында тұрғын үйге деген сұраныс артпаса кемімесі анық. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Бүгінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды индикаторы – құрылыс секторындағы өсімнің жоғары қарқынын ерекше атап өткім келеді. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жақсы – көлемі 1 млн шаршы метрге жақындады. Биыл 787,5 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланған. Бұл көлемді Қонаев, Алатау қалаларының дамуын ескере отырып, ұлғайтуға болады. Тұрғын үй-коммуналдық секторды жаңғырту бойынша 33,2 млрд теңгеге инженерлік желілерді салу, реконструкциялаудың 97 жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде басым бөлігі сумен қамтамасыз ету, су бұру жобалары: сумен жабдықтау, су бұру – 22,7 млрд теңгеге 50 жоба, газбен жабдықтау – 3,8 млрд теңгеге 18 жоба, электрмен жабдықтау – 5 млрд теңгеге 20 жоба, жылумен жабдықтау – 1,7 млрд теңгеге 9 жоба.
Халықты әлеуметтік қолдауда биылдан бастап бірқатар жаңалық енгізіледі. Атап айтсақ, 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданды, онда ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасуына жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар көзделген.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отбасының цифрлық картасын пайдалана отырып, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетігі трансформацияланады. Бұл шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға, оларға мақсатты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Жұмысшы мамандықтарының жылы шеңберінде жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, жұмыс берушілерді мамандарды оқытуға тарту, олардың құқығын қорғау, сондай-ақ жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру жөніндегі шаралар жоспарланған.
– Облыстың білім беру, денсаулық сақтау салаларына да тоқтала өтсеңіз.
– Білім беру саласында биыл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, оқытумен қамтуды 95%-ға дейін ұлғайту міндеті қойылып отыр. Қазіргі көрсеткіш – 93,7%. Осыған байланысты, қаржыландыру көлемін ұлғайта отырып, барлық талаптарға сәйкес келетін жеке балабақшалар ашу қажет. Сонымен қатар биылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде «бала үшін ақша» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыруды енгізу жоспарланған.
Орта білім беруде 14,2 мың оқушы орны мен 4 жатақханаға барлығы 18 мектеп енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ауылдық мектептерді жаңғырту жобасы іске асқалы жатыр. Онда біздің облыс бойынша тізімге 91 мектеп кірді. Оның ішінде 19-ын (11,4 млрд теңге) ағымдағы жылы жөндеу жоспарланған. Мектептерді жаңа модификациядағы кабинеттермен жабдықтау бойынша жұмысты жалғастыру қажет.
Денсаулық сақтау саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 37 нысанның, сондай-ақ өткен жылдан ауыспалы 6 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 6,1 млрд теңге бөлінді. Халық медициналық қызметтердің сапасыздығына алаңдайды. Ана өлімінің, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлімнің өсуі байқалады. Тыныс алу органдарының аурулары, соның ішінде пневмония, жарақат алу, улану саны өсті.
– Мемлекет басшысы Жолдауда цифрландыру саласында қол жеткізілген нәтижелерді күшейтудің маңызы мен жасанды интеллект технологияларын жандандыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр?
– Облыста IT саласының нәтижелі жүзеге асуы бағытында бірқатар шара атқарылуға тиіс. Атап айтқанда, барлық салада басқару үдерісін автоматтандыру, тиімді мониторинг жасау үшін цифрлық технологияларды енгізу қажет. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 9 100 бейнебақылау, 325 жол қауіпсіздігі камераларының уақтылы, сапалы орнатылуын, Data-center жобасы бойынша ағымдағы жылы жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету – басты назарда. Сондай-ақ «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық жолдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, биометриялық сәйкестендіру мен QR-қолтаңба сияқты жаңа технологияларды енгізу арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, «Ақылды қалалық инфрақұрылым» жобасын жүзеге асыруға қолдау көрсету, төтенше жағдайлар бойынша жедел хабарлама жүйесін құру, оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ұлбосын ИСАБЕК,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы