
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Сондай-ақ мамандар мына үрдістерді бөле-жара айтады:
- Салушылар «аз, бірақ қолжетімді» форматқа көшеді; Бұл ретте «бәрі бір жерде» тұжырымдамасына баса назар аударылады.
- Арзан құрылыс салу үшін құрылыс салушылар қала маңы мен өңірлерді игере бастайды.
- Құрылыс салушылар арасындағы бәсекелестік өсіп келеді. Сатып алушыларды сатып алудың икемді шарттары, акциялар мен бонустар күтіп тұр.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бас талдаушысы Рамазан Досовтың айтуынша, 2024 жылы бастапқы нарықта шаршы метрдің орташа құны 490,1 мың теңгеге, ал екінші нарықта 506,9 мың теңгеге қымбаттаған.
«Мемлекет ипотека бағдарламалары арқылы нарыққа интервенция жасаса, БЖЗҚ жинақтарын пайдалануға рұқсат берсе, баға өседі. Ал Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетсе, коммерциялық банктердегі ипотекалық несиелер арзандауы мүмкін. 2024 жыл мәмілелер саны жөнінен маңызды жыл болды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, қаңтар-қарашада тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша мәмілелер саны 380 мыңнан асты. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 23%-ға көп. Сатудың жалпы көлеміндегі ипотекалық мемлекеттік бағдарламалардың үлесі төмендегені байқалады. 2023 жылы бұл көрсеткіш 71,9% болса, 2024 жылы 66,1%-ға төмендеген. Мұның 62,3%-ы немесе 977,1 млрд теңгесі «Отбасы банкіне», 3,8% немесе 60 млрд теңгесі «7-20-25»-ке тиесілі», дейді сарапшы.
2024 жылғы қаңтар-қарашада облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қаласының әкімдіктері республикалық бюджет қаражаты және «Самұрық-Қазына» желісі бойынша мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жоспарланған 17 мың жалдамалы пәтердің 22 мыңнан астамын сатып алған. Жұмыс істейтін жастар үшін жергілікті бюджет есебінен үш мегаполис әкімдігі 1 834 жалға берілетін пәтер сатып алды, соның ішінде Астанада – 1 050 пәтер, Шымкентте – 180 пәтер, Алматыда – 604 пәтер. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі халықтың аз қамтамасыз етілген топтарына 72 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алуға 5 млрд теңге бөлген.
Сонымен қатар жастарды қолдауға «Елорда жастары», «Алматы жастары» және «Қамқор» өңірлік бағдарламалары арқылы ипотекалық қарыз беру үшін 32,3 млрд теңге қарастырылған. 2024 жылы тұрғын үй нарығы табысты инвестиция көзі ретінде есте қалды. Халық басы артық қаржысын нарықтың осы сегментіне салып жатыр. Сарапшылар байламынша, жылжымайтын мүлік ең сенімді инвестициялық тетік болып қала береді.
Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, ішкі және сыртқы факторлар нарықты қос өкпеден қысып тұр. Құрылыс материалдары қымбат, жұмысшылардың жалақысы жоғары. Сарапшының айтуынша, премиум-сегментке қызығушылық төмендеуі мүмкін.
«Әзірге сұраныс 2015 жылдан кейін салынған үйлерге бағытталған. 2000 жылдардағы үйлер тартымдылығын жоғалта бастайды. Демек, 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы баға нарықтың емес, нарықтық көңіл күйдің ықпалында болмақ. Нарықтағы жағдай көп жағдайда макроэкономикалық тұрақтылыққа байланысты. Теңге бағамының ауытқуы және инфляция (жылына 8-10% деңгейінде күтілуде) материалдар мен қызметтер құнына тікелей әсер етеді. Бұл бағаның одан әрі өсуіне жол ашады», дейді Виктор Микрюков.
Өзін-өзі реттейтін риэлторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненконың айтуынша, 2024 жылғы 1 қарашадан бастап 1 желтоқсанға дейін доллар бағамы 4,7%-ға өсті, сәйкесінше сатушылар долларсыздандыру үдерісіне қарамастан бағаны долларға байлап, көтере бастады.
«Қайталама нарықтағы сатушылардың бір бөлігі тұрғын үй құнын көтерді, бірақ бұл өзгерістер сұраныспен қолдау таппайды. Теңгемен табысы бар сатып алушылардың көбі шығыстардың өсуімен бетпе-бет келіп, жылжымайтын мүлікті сатып алуды кейінге қалдырады. Сонымен қатар бастапқы нарықты салушылар үшін жағдай күрделірек. Құрылыс материалдарының 70%-ы – импорт. Бұл шаршы метрдің түпкілікті құнына әсер етеді. Мұндай үрдіс жаппай сатып алушылармен мәміле кезінде мәселе туғызып, бағаның қымбаттауына әсер етуі мүмкін», дейді.
Оның сөзінше, осыдан екі жыл бұрын шетелдік азаматтардың релокациясы аясында жалдау бағасы өскеннен кейін 2024 жылы тарифтердің төмендеуі байқалған.
«Биыл студенттер үшін жаңа жатақханалар іске қосылды, бұл нарыққа да әсер етті. 2025 жылы жалға алу бағасы айтарлықтай өзгермейді. Нарықтың құбылмалы болуы, геосаяси ахуал және басқа да факторларға байланысты болжам жасау қиын. Инфляция, сондай-ақ сұраныс пен ұсыныс әсер етеді. Қазіргі уақытта жеңілдікті бағдарламалар, БЖЗҚ мен нарық арасындағы интеграция бағаға әсер етуі мүмкін», дейді Л.Степаненко.
Таяу айларда сарапшылар зейнетақы жинақтары ресурстарының таусылуына қарай нарықтағы белсенділіктің біркелкі төмендеуін күтеді.
АЛМАТЫ