
Фото: Ашық дереккөз
Бұл туралы ХАМАС саяси бюросының жоғары лауазымды мүшесі Муса Абу Марзук мәлімдеді.
«Біз Трамп әкімшілігімен байланысқа шығуға және келіссөздер жүргізуге дайынбыз. Бұған дейін біз АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің , Трамппен немесе АҚШ-тың кез келген басқа әкімшілігімен байланыс орнатуға қарсылық білдірген жоқпыз. Барлық халықаралық тараптармен келіссөздерге ашықпыз», деді Абу Марзук.
Марзук Вашингтонның Таяу Шығыстағы маңызды ойыншы екенін ескерсек, ХАМАС үшін АҚШ-пен келіссөздер жүргізудің өзіндік қажеттілікке айналғанын атап өтті. Сондықтан да олар америкалықтармен келіссөздерге қолдау білдіріп, бұл мәселеге қарсылық танытпайтындарын жеткізген.
Айта кетейік, сейсенбі күні ХАМАС делегациясы РФ Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен кездесулер өткізген.
Бір күн бұрын Трамп палестиналықтар Газа секторынан басқа жерге қоныс аударғаннан кейін соғыстан зардап шеккен аумақты АҚШ бақылауына алатынын және оның экономикалық дамуымен айналысатына уәде берген еді. Бірақ, АҚШ президентінің дәл осы мәлімдемесі қазірдің өзінде Таяу Шығыс өңірінде, сондай-ақ кейбір америкалық саясаткерлер арасында сынға ұшырап отыр.
ХАМАС-тың ресми өкілі Сами Абу Зухри АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторын басып алу туралы мәлімдемесін «күлкілі» әрі «абсурд» деп бағалаған.
«Трамптың Газаны бақылауға алу ниеті туралы мәлімдемесі ақылға қонымсыз. Мұндай сипаттағы кез келген идея өңірдегі жаулық отын тұтандыруға түрткі бола алады», деді Абу Зухри.
Хамас саяси бюросының мүшесі Иззат әл-Ришк Трамптың сөздері «Палестина мәселесі мен жалпы аймақ туралы түсініксіздік пен терең надандықты» көрсетеді деп мәлімдеген.
Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігі палестиналықтарды өз жерлерінен көшіру әрекеттерін жоққа шығаратынын айтқан. Сондай-ақ Сауд астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылмай Израильмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатпайтындықтарын ашық мәлімдеген.