
Статистикаға сүйенсек, елімізде «Instagram»-ға – 12,1 млн, «Facebook»-қа – 2,6 млн, ал «TikTok»-қа 14,1 млн қолданушы тіркелген. Соңғы аталған платформаның қазақ қоғамына қаншалықты тамыр жайып үлгергенін осы деректен айқын аңғарамыз. Бұны қолдана алсаң – игілігің, қолдана алмасаң – қиғылығың. Сондықтан жеткіншекті жетектеген желіде қызықты һәм пайдалы контенттің өте-мөте көп болғаны дұрыс.
«Бұл байқауды үшінші рет өткізіп отырмыз. Желідегі жарысқа қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқаны айқын аңғарылады. Аталған жоба педагогтерді шығармашылық тәсілдер іздеуге шабыттандырып, білім алуды қызықты етіп көрсетеді деп үміттенеміз. Визуалды және интерактивті форматтар ұстаздарға ақпаратты қолжетімді әрі тартымды етіп жеткізуге көмектеседі», деді Орталық Азиядағы «TikTok» Операциялық бөлімінің басшысы Саиф Муджахид.
Енді мыңнан жүйрік шыққан үш жеңімпазды таныстырып өтейік. Байболат Сейдахан – математика пәнінің мұғалімі. Ол қазақ тілінде миллиондаған қаралым жинайтын бейнежазбалар дайындайды. Танымалдылығының сыры – күрделі есептердің шешу жолдарын қарапайым әрі түсінікті етіп түсіндіруі, сондай-ақ логикалық тапсырмалар ұсынуы. Байболат математикалық білімнің өмірдегі нақты мәселелерді шешуге қалай көмектесетінін көрсетіп, теорияны практикамен ұштастырады. Оның басты мақсаты – математиканы тек формулалар жиынтығы емес, әлемді танудың қызықты құралы ретінде таныстыру.
Ал Евгений Солоницын – оқушыларға жақын тілде сөйлейтін жас мұғалім. Ол алгебра және геометрия пәндерін жеңіл әрі тартымды етіп түсіндіру үшін әзіл мен күнделікті өмірден алынған мысалдарды шебер пайдаланады. Мәселен, бір бейнежазбасында шөлдегі құмның мөлшерін қалай есептеуге болатынын түсіндіреді. Евгенийдің оқыту әдісі көпшіліктің қызығушылығын тудырып, математикаға деген көзқарасын өзгертеді.
«TikTok»-тағы тағылымды тартыста оза шапқан тағы бір жеңімпаз – Марина Франгулиди. Ол – 37 жылдық тәжірибесі бар педагог. Педагог платформада тек білімін ғана емес, сонымен қатар жеке ойларын, авторлық әдістемелерін бөлісіп отырады. Оның контенті – мұғалімнің жұмысына деген ерекше көзқарастың көрінісі. Мысалы, бір бейнежазбасында оқушылардың өмірдегі жетістіктеріне қандай факторлар әсер ететінін талдап, өз ойларын ортаға салады. Маринаның материалы тек оқушыларға ғана емес, басқа мұғалімдерге де жігер беріп, қолдау көрсетеді.
Бұл байқау «TikTok»-та тағылымды контенттің маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, ұстаздардың шығармашылығын дамытып, оқытуды жаңа форматта ұсынуға жол ашты. Мұндай бастамалар білім мен технологияны үйлестіріп, жас ұрпақтың қызығушылығын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.