Сұхбат • 01 Ақпан, 2025

Мәди Такиев: Балаларға аударым мөлшері Ұлттық қор өсіміне байланысты

66 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаржы министрі Мәди Такиевпен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жөнінде сұхбаттасудың сәті түсті. Министрдің айтуынша, бағдарлама аясында жыл сайын аударылатын төлемді 2025 жылғы 31 қаңтардан бастап egov пен «БЖЗҚ» сайттарынан, сондай-ақ мобильді қосымшалардан (egov, «БЖЗҚ», Kaspi.kz, Halyk) көруге болады.

Мәди Такиев: Балаларға аударым мөлшері Ұлттық қор өсіміне байланысты

– Мәди Төкешұлы, жыл сайын белгілі бір сома мөлшері сақтала ма? Сақталмаса, оған не әсер етеді?

– Былтыр 100,52 доллар аударылса, биыл­ғы көрсеткіш 129,38 дол­ларға тең. Ауда­рым­ның мөлшері, ең алдымен, Ұлттық қордағы қаражаттың көлеміне, сондай-ақ инвестициялық табысқа байланысты. Инвестициялық кірісті ескерсек, бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың жалпы жинақ сомасы 232,94 долларға артты.

– Бала басқа мемлекетке көшіп, тұрғылықты жерін ауыс­тырса, жинақталған ақшаның мәселесі қалай шешіледі?

– Қазақстан азаматтығынан айырылған жағдайда бұған дейін аударылған барлық қаражат қайтарылып, еліміздің кәмелетке толмаған азаматтары арасында қайта бөлінеді.

– Былтыр қайтыс болған балалардың атына шот ашылып, ақша аудару жағдайлары кездескені мәлім. Бұл бағытта қандай жұмыс қолға алынды?

– Бағдарлама жаңа болған соң қатысушылардың тізімін қалыптастыруда кемшілік болуы мүмкін. Сол себепті, жыл сайын тізім қайта тексеріледі. Мәселен, БЖЗҚ деректерді салыстырғаннан кейін мәліметтерде сәйкессіздіктердің бар екенін анықтаған. Осыған байланысты тиісті сомаға түзетулер енгізілді. Осыдан кейін аударымдардың кейбірін кері қайтарып, басқа азаматтардың шотын толықтыру арқылы қайта есептеу жүргізілді. Осылайша, 2024 жылы шамамен 6 млн доллар көлемінде қаражат қайта бөлінді.

– Денсаулығына байланысты білім алуға немесе жылжымайтын мүлікке ие бола алмайтын балалар бар. Олар жинақталған қаражатты қалай пайдаланады?

– Қатысушының өздігінен тұрып жүруге немесе басқа да іс-қимылға қабілеті болмаған жағдайда оның заңды өкілі (ата-анасы, асырап алушысы, қорғаншысы, қамқоршысы және өзге де адамдар) бағдарламаның шеңберінде жиналған соманы тек аталған баланың мақсатына, яғни оның баспана жағдайын жақсартуға ғана пайдалана алады.

– Кейінгі жылдары елімізге көптеген релокант келе бас­тады. Олардың балаларына осы төлем беріле ме?

– Бағдарламаға тек Қазақстан азаматтары қатысады. Егер шетел азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың балалары Қазақстан азаматтығын алса, онда азаматтықты алған сәттен бастап 18 жасқа дейін оларға «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша қаражат төленеді.

– 18 жасқа толған жас азамат осы ақшаның көмегімен ата-анасының ипотекасын жаба ала ма?

– Жоқ, ол мүмкін емес. 18 жасқа толғаннан кейін азамат ақшасын тек жылжымайтын мүлік сатып алуға; ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны төлеуге; тұрғын үй құрылыс жинағына салым аударуға (оның ішінде ақшаны одан әрі жинақтау үшін); ипотекалық тұрғын үй қарызы бо­йынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге; Ислам банкінің қаржыландыру шеңберінде тұрғын үй сатып алуға; сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақмерзімді жалдау келісімшарттары бойынша ақыны төлеуге; жекеменшік тұрғын үйді салуға жұмсауға хақылы.

 

Әңгімелескен –

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»