
Ұлттық академиялық кітапханада ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Оңайгүл Тұржанның мерейлі белесінде «Ағаштар үнсіз өседі» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға бір топ зиялы қауым мен өлеңсүйер оқырман қатысты.
Алқалы жиынға модераторлық еткен Ербол Алшынбай әңгіменің әлқиссасында Оңайгүл ақынның дара болмысын атап өтіп, қонақтарға сөз берді.
Алғашқы болып белгілі ақын, әдебиеттанушы Жанат Әскербекқызы жаңа жинақ жөнінде баяндамасын оқыды.
«Қазақ поэзиясында Оңайгүл Тұржан есімі кеңінен таныс. Ол XX ғасырдың 70-80 жылдарында қазақ поэзиясындағы буынға жаңа үнімен келіп қосылған қалам иесі. Алғашқы жинағы «Самал» деген атпен 1983 жылы жарық көрсе, «Шер қала» жинағы 1999 жылы, «Теңіздер де шөлдейді» 2003 жылы шығып, одан бері де бірқатар жыр кітабы өмірге келді. Бұл жинақтардың барлығы да ешкімге ұқсамайтын, поэзиядағы соны бейнелеудің тамаша үлгілері болды десек, артық айтқандық емес», деді Жанат Әскербекқызы.
Өз кезегінде Президент кеңесшісі, академик, журналист Бауыржан Омарұлы ақын шығармашылығы жөнінде жан-жақты қаузап, пікір өрбітті.
Тұсаукесер барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
«Сізді мерейлі 70 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Өлеңсүйер қауым өзіңізді талғамы биік, тілі шұрайлы, ойы құнарлы басқаларға ұқсамайтын өзіндік көркем әлемі бар ақын ретінде жақсы біледі. Танымы терең ғылыми еңбектеріңіз бен тағылымды туындыларыңыз арқылы ұлттың руханиятын нығайтып, өскелең ұрпаққа өшпес мұра қалдырып келесіз. Жан толғанысыңыздан жарық көріп, бүгін тұсауы кесілгелі отырған «Ағаштар үнсіз өседі» атты жаңа еңбегіңіз де ойлы оқырманның жүрегіне жол табатынына сенімдімін. Алдағы уақытта да еңбегіңіздің жемісін көріп, мерейіңіз арта берсін!» делінген құттықтау хатта.
Мұнан соң жырдан шашу шашылып, көркемсөз оқушы жастар ақынның «Бозжыра» атты өлеңін қонақтарға паш етті. Туған жердің тамырына, баба тарихына қан жүгірткен еңселі жыр келген қауымның рухын бір сілкіп алды.
Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова да ақын табиғаты туралы естеліктерімен бөлісіп, өлең шумақтарын оқып берсе, тележүргізуші Дана Нұржігіт қаламгерді адам жанының ғалымы екенін айтып, жүрекжарды лебізін баян етті.
«1983 жылы Алматыда «Жігер» деген фестиваль өтіп, Оңайгүлмен сол жерде танысқан едік. Сол жылдардан бір-бірімізге тілектес болып, қолдау білдіріп келеміз. Тұрсын Жұртбай ағамыз «Оңайгүл бүгінгі ақындардың ешқайсысына да ұқсамайды» деген пікір айтқан екен. Расында, ақын болмысы Фаризаға да, Марфуға, Күләшқа да ұқсамайды, Оңайгүл – Оңайгүл. Оңайгүлдің бала күнгі жырларына қарап отырсаңыз, ескінің көзі секілді, ал кейінгі цивилизациямен бірге дамыған өлеңдері оқырман жүрегіне әсер етеді», деді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай.
Сондай-ақ шара барысында БАҚ пен білім саласындағы әріптестері А.Шәріп, Ш.Қазығұл, Б.Жексенбай, Қ.Сақ, Б.Бабажанұлы, А.Кеңшілікұлы, т.б. пікірлерін ортаға салды.
Әдеби жиында ақынның «Ағаштар үнсіз өседі» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартты. Осылайша, жаңашылдықтың қынынан суарылған, ескінің киесі жұққан дегдар поэзия болашақ кемесіне бет алды.