Қоғам • 28 Қаңтар, 2025

Өңдеу өнеркәсібін дамыту өзекті

44 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Taldau Talks подкастының кезекті шығарылымына өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі арқау болды. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту өзекті

Жаңа шығарылымға Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, кәсіп­кер, Өңдеу өнеркәсібі одағының бас­қарма төрағасы Марат Баққұлов және эко­номист Айдархан Құсайынов қаты­сып, са­лаға қатысты түйткілдерді талқылады.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, өңдеу өнеркәсібін дамыту елімізде өзекті мәсе­лелерді оңтайлы шешуге жол ашады. Сондай-ақ ол кейінгі жылдарда бұл са­ла­да белгілі бір жетістіктерге қол жеткі­зіл­­генін тілге тиек етті. Соның нәтижесін­де өң­деу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5 жыл­­да 2 еседен аса өсіп, 5,9 пайызды құ­­рады. Сенат төрағасының айтуынша, мұн­­дай үрдіс экономиканың әртарап­тан­ға­нын және шикізат секторына тәуелді­ліктің төмен­дегенін көрсетеді. Дегенмен әлі де жетіл­діруді қажет ететін өзекті мәселелер бар.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экономикалық саясат аясында еліміздің берік өнеркәсібін қалыптастыру міндетін жүктеді. Өңдеу өнеркәсібі соның негізі болмақ. Аталған сектор бұл саладағы келешегі зор бағыттардың бірі екені сөзсіз. Өңдеуші өнеркәсіпті дамытпай экономиканың сапалы өсуін, оны әртараптандыруды, экономикалық және азық-түлік қауіпсіздігін, халық табысының артуын, салық базасының ұлғаюын қамтамасыз ету өте қиын. Егер өңдеу өнеркәсібінің құрылымын талдайтын болсақ, онда жалпы көлемнің 40 пайызын металлургия алады. Сондықтан қосылған құны жоғары өнім шығаратын саланың озық секторларын дамытудың маңызы зор», деді Сенат Төрағасы.

Сарапшылар Taldau Talks подкас­тында өңдеу саласының жағдайы мен белең алған үрдістерді талқылады. Атап айтқанда, қаржыландыруға қол жеткізу, отандық өнімнің импорты мен бәсекеге қабілеттілігі, кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, сондай-ақ ішкі нарықты қорғау, Қазақстанның экспорттық әлеуеті және мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігі сияқты мәселелерге мән берілді.