Аймақтар • 28 Қаңтар, 2025

Киелі шаһардың екінші тынысы

61 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қасиетті қаланың түркі дүниесінің рухани астанасына айналуы түркістандықтарға ерекше дем беріп, жаңа бастамаларға жол ашты. Бүгінде Парламентте қаралып жатқан қалаға ерекше мәртебе беру жайы ешкімді де бейжай қалдырмасы анық. Осы орайда Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы жастарға ақыл-кеңесін айтып, рухани астананың атына заты сай болуына, Түркістан қаласын дамытуға сүбелі үлес қосып жүр.

Киелі шаһардың екінші тынысы

Мұқтаждарға 45 үй салып берді

Түркістан облыстық Ақсақал­дар алқасы тарихи шаһардың 1500 жылдығы қарсаңында 2000 жылы құрылып, 2005 жылы Әділет басқармасына тір­келген. Осынау құрылымның төрағасы Жарылқасын Әзірет­бергенұлы ақсақалдар тарапынан атқарылып жатқан алуан түрлі іс-шара, көтерген мәселелер жөнінде айтып бер­ді. Ол бәрінен бұрын қалада тәр­тіп орнату мақсатында жа­салған ұйымдастыру шарала­рына тоқталды. Мәселен, 2007 жылы қыркүйектің 27-сінде зиялы қауым өкілдері мен имамдардың қатысуымен жаназа күні ас беру мен жалпы жиын-митинг өткізуді тоқтату туралы мәселе көтерілген. Тағы бір қолға алынған игілікті шара – 2010 жылы шілденің 15-інде Ақсақалдар алқасы жиын өткі­зіп, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар үшін тегін қайырымдылық дүкенін ашу туралы бастама жасайды. Оған ай сайын бірнеше рет азық-түлік беріп отыру, киім-кешек жинау қолға алынып, тұрмысы төмен отбасыларға 2-3 рет азық-түлік таратуды іске асырыпты. Бұл бас­тама бүгінге дейін жалғасып, ай сайын 40-50 отбасына азық-түлік тұрақты таратылып келеді. Олардың тізімін Ақсақалдар ал­қа­сының шағын аудандардағы төрағалары ұсынады.

«Мен бір ғана ақсақалдың атқарған жұмысына тоқталғым келеді. Түркістан облыстық Ақ­са­қал­дар алқасының мүше­сі, өзбек этно-мәдени орталығының төр­ағасы Райымжан Қошқаров «Үлес» қайырымдылық қорын құрды. Тұрмы­сы төмен, көпбалалы отбасыларға қайы­рым­дылық жасап, кейінгі жеті жылда бес бөлмелі 45 үй соғып, тегін берді. Р.Қошқаров бұл қайы­рымдылық акциясын алдағы уақыт­та жалғас­тыруды жөн көреді», дейді Ж.Әзіретбергенұлы.

 

Қарызға той жасау – ысырапшылдық

Түркістан облыстық Ақсақал­дар алқасы қолға алған тағы бір игі шара – 2015 жылы 10 маусымда қабылданған «Той туралы» қаулы. Осы қаулы бойынша той түнгі сағат 24.00-де аяқталады. Кафе, сауна, ойын-сауық орындары түнгі 01.00-де жабылады. Белгіленген уақыттан асып кеткен жағдайда ескерту беріліп, тоқтатпаса, акт жасап айыппұл салынуы керек. Ұрпақты жаман жолдан сақтаудың төте жолы болғандықтан, оны зиялы қауым өкілдері мен студент жастар бірден қолдады.

Ж.Әзіретбергенұлы кейінгі жылдары той өткізгенде дарақы­лық, мақтаншақтық, бекер мал шашу, ысырапқорлық тым белең алып бара жатқанын айтады. Мыңдаған қонақ шақырып, той жасайтындар өз алдына, жақында тіпті бір ірі кәсіпкер Мәскеуден биіктігі үш метрге жететін тортты 60 млн теңгеге алғызғанын естігенде жұрт жағасын ұстаған. Миллиондаған қаражатқа сырттан эстрада жұлдыздарын шақыру қайтадан сәнге әрі бәсекелестікке айналып бара жатқан көрінеді.

«Тойға әрбір облыс, әрбір аудан қатаң ба­қылау жасап, жергі­лік­ті өнерпаз­дар мен әншілерді шақырып, оларға 200-300 мың теңгеден берсе, бұл той жасаған жұртқа да тиімді. Жергілікті әншілерге де өнерін ұштап аздап табыс табуға болады. Атақты той жұлдыздарына 10 миллиондап ақша беруге қатаң ты­йым салып, шектеу қою керек. Олар табысын халықтан емес, Ди­маш Құдайберген сияқты үлкен залдарда концерт қойып, қазақтың өнерін бүкіл әлемге танытып тапса, құба-құп. 2019 жылдың 14 қыркүйегінде Өзбекстан «Тойлар, отбасылық салтанат іс-шараларын өткізуді тәртіпке салу туралы жар­ғыны» бекіткен. Бұл – өте қа­жет құптарлық іс-шара. Той тек ән салып, би билеп, шарап ішу емес. Ол – үлкен тәрбие құ­ра­лы. Сондықтан қарапайым ха­лық­­тың намысына тиіп, қарызға батыр­ғаннан гөрі, барлық той бірдей, қарапайым, ысырапсыз, кедейдің де шамасы келетіндей өтуі үшін әрбір облыстың әкімі, мәслихаты, заңгерлер мен зиялы қауым өкілдерімен кеңесе келіп, той ережесін бекіту керек. Тойға қатысатын адамдар санын шектеу қажет. Мәселен, үйлену тойына 300 адам, қыз ұзату тойына 200 адам, қалған ұсақ-түйек тойларға 100 адам шақырса жеткілікті. Ереже бекітіл­ген жағдайда той­дағы даң­ғой­лық та, мақтан­шақ­тық та, ысы­­рапшылық та, несие алып қа­рыз­­­ға батушылық та тоқтайды», дейді ол.

Қазақта тойдың түрі көп. Шілдехана, бесікке салу, сүндет, кәмелетке толу, қыз ұзату, үйлену тойы, т.б. Ата-бабамыздан қалған той өткізу дәстүрі бар. Оны барынша қарапайым, ысырапкерші­лік­ке бармай өткізген. Үйлену то­йында жас жұбайларға барынша қамқорлық жасап, мал беріп, ағайындары жиналып «Асар» әдісімен үй салып беретін дәстүрі де болған.

 

Арақ-шарап сатпайтын ауылдар

Түркістанды арақ-шараптан ада қалаға айналдыру туралы бас­таманы ең алғаш Түркістан об­лыстық Ақсақалдар алқасы 2014 жылы тамыз айында көтерді. 2023 жылы «Түркістанды халал қа­лаға айналдырайық» атты үндеуді бүкіл Түр­кістан облы­сы бойынша қайта көтерді. Ж.Әзі­ретбергенұлының айтуынша, жергілік­ті жұрт бұл бастамаға құлақ асып, қазір көптеген елді мекенде арақ-шарап сатылмайтын дүкендер пайда болған. Тіпті облыста арақ-шараптан мүлдем ада ауылдар саны 50-ден асыпты. Ашылғанына төрт жылдай болған Сауран ауданында 15 ауыл халал елді мекенге айналды. Нә­тижесінде, бұл ауылдарда жастар арасындағы қылмыс барынша азайғаны байқалып отыр.

Ж.Әзіретбергенұлы Ақсақал­дар алқ­сының бастамасымен жүзеге асырылған бірқатар игі іске тоқталды. 2018 жылы шілдеде «Түркістанды гүл қалаға айнал­дырайық!» деген үндеу тастап, арада жыл өткенде үйінің айналасын гүл бақшаға айналдырған 100 отбасына, 2020 жылы 200 үйге бәйге беріліпті. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйытқы болған «Таза Қазақстан» ак­циясына қала жастарымен қа­­тар ақ­сақалдары да белсене қатысты.

Бүгінде Түркістан шаһары жедел өсіп келеді. Халқы 200 мыңнан асып жығылды. Осыған орай Ақсақалдар алқасы мен Қоғамдық келісім кеңесі бірқатар іс-шара­ны іске асырды. Қаланы 11 шағын аудан­ға бөліп, шағын аудандар құрылды. Ол шағын аудандар төрағалары сайланды. Әр учаскеде шамамен 40-50-дей көше болады. Алдағы уақытта әр көшеге көше билері, учаскелік комитеттердің 7-10 адамға дейін комиссия мүшелері сайланбақ. Оған төраға, учаскенің ауыл ақсақалы, мұғалім, дәрі­гер, белсенді ана, жігерлі жас­тар, мық­ты кәсіпкер, мешіт имамы мүше болады.

«Көше комитеттері көктемде әрбір үй ауласын тазалап, көше жағы­на ағаш пен гүл егуді ұйым­дас­тырады. Әрбір учас­келік коми­тет көше комитеттерімен бірлесе отырып, тұрғындардың тұрмысы, отбасылық жағдайы туралы мәлімет жинайды. Әрбір отбасы мүшесінің тыныс-тіршілігін байқап отырады. Егер де кейбір отбасының әлеуметтік мәселелері, үйіне газ, су кіргізу, жарық, мектеп, балабақша мәселесі туындаса, мүмкіндігінше бірлесіп көмектесіп жіберуі қажет. Соны­мен қатар жұмыс істемей жүрген жастардың немен айналысатынын зерттейді. Ішкілік­ке құмар, ұрлыққа бейім азаматтарды ерек­ше бақылауға алады», дейді Ж.Әзірет­бергенұлы.

Ол Мемле­кет басшысының «Аna tili» газе­тіне берген сұх­батынан үзін­ді кел­тіріп, түркі дүниесінің бірлі­гін еске салды. Қазақстанның «TURKTIME!» ұранын ұсынғанын, түркі дүние­сін біріктіруді көздей­тін бар­лық жасампаз бастаманы қол­дайтынын «Алтай – түркі­лер­дің алтын бесігі» атты тұжырым­дамасының маңызын атап өтті. «Осыған орай Түркістан қаласы түркі жұрты­на және еліміздің барлық шаһа­рына үлгі болатындай мәр­тебесіне лайық қызмет атқара алатын дәре­жеге жетуіміз керек. Бұ­ған үл­кені де, кішісі де белсене қаты­суы тиіс», деп сөзін түйіндеді ақсақал.

 

Ескендір ЕРТАЙ,

журналист

 

ТҮРКІСТАН