
Ол бүкіл саналы өмірін қаржы жүйесінде қызмет етуге арнады. 1935 жылы Қызылорда облысы Қаракеткен теміржол стансасында дүниеге келіп, ауылдың жеті жылдық мектебін, Алматы қаржы-несие техникумын, сол кездегі Орта Азия мен еліміздегі жалғыз қаржы-экономика институтын бітірді. 1957 жылдан бастап 1997 жылы құрметті демалысқа шыққанға дейін 40 жыл қаржы органдарында жауапты қызмет атқарды. Зейнеткерлікке шыққан соң да қол қусырып отыру дегенді білмейтін Кәмекең Қазақстан экономика және құқық институты Қызылорда филиалының директоры болып, профессор атағын алды.
Камал Шөкенов өмірде барынша қарапайым, кішіпейіл, кісі ақысын жемейтін, өте тәрбиелі жан еді. Сонымен қатар ашуды сабырмен, қатыгездікті қарапайымдылықпен, дөрекілікті сыпайылықпен, әдептілікпен жеңуге болады деген қағиданың туын өмір бойы биік ұстап өтті. Біз Кәмекеңнің іскер де білікті, қағидатшыл да әділетті, әсіресе қазына қаржысының орынды жұмсалуында адамдардың жүрегіне жол таба білетін нағыз маман екендігін жұртшылық жақсы біледі.
«Мен бүкіл саналы 40 жыл еңбек жолымда барлық күш-жігерім мен қабілет-қарымымды да тірлік-тауқыметі мол қаржы саласына жұмсаған екенмін. Осы мерзім ішінде мен қашанда адалдықтың ақ жолынан айнымай, ел-халқымның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жанына жалау болуға ұмтылдым. Несін жасырайын, осы орайда кейде бәзбір басшылармен жүз шайысып қалған кездеріміз де болды. Бірақ имандай бір шындық, әлгілердің қаhарына ұшырап, жылы орнымнан айырылып қаламын-ау деп ешкімнің де ырқына ығып, қаржы қазынасына қиянат жасаған емеспін. Өйткені қаржы қазаны әмбе жұрттың ортақ несібесі, ортақ нәпақасы ғой. Оған ешкімнің де заңсыз қол сұғып, кеудемсоқтықпен билік жасауына болмайды. Бұл жөнінде Жаратушы Иеміз алдында да, халық алдында да арым таза деп ойлаймын», деп жазған еді.
Камал аға бюджет қаржысын үнеммен жұмсауды, діттеген, межелеген түпкі мақсатқа жетуді ойлайтын және осыны алдына міндет ететін де, ол осы бағытта әр уақытта өзіне «идеал» есебінде 1938–1962 жылдары одақтың қаржы министрі болған А.Зверевтің қағидатын ұстанатын және соны іске асырушы еді.
Камал Шөкеновтің адами қасиеттері мен қаржы саласының жауапкершілігін терең сезініп, кәсібіне адал болуы ата-анасынан берілген қасиет деуге болады. Ол кісінің жастық шағы түкпірдегі теміржол бекетінде күнкөрісі жұпынылау, әке-шешесі аурулы-сырқаулы отбасында өсіп, өзі жастайынан еңбекке араласып, білім алуға талпынуға тура келді. Сұрапыл соғыс жылдары 8-10 жасар ауыл балаларының қатарында 50-60 шақырым қашықтықтағы Қараөзек өзенінің жағасындағы қырманнан есекке екі-үш қаптан астық артып, ол көліктерді біріне-бірін байлап, өздері жаяу Қаракеткен астық қабылдау пунктіне жеткізу, жолда болатын түндегі қиыншылықтар, әсіресе шаршаған, жатаған мақұлықтардың азабы, тесілген қанар қаптардың әлегі, бәрі-бәрі естен кетпейтін көріністер бала Камалды жылдам есейтті. Сол кездегі еңбегін кеңес өкіметі бағалап 10-жастағы Камал Шөкенов 1945 жылы «1941–1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыстағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Облыс экономикасы мен дамуы, тұрғындардың тұрмыс жағдайының жақсаруы мен қаржылық қамтамасыз етілуінің бірқатар «штрихтарын» еске түсіріп кететін болсақ, 1988 жылы облыс еңбеккерлерінің шөл және шөлейт, суы тапшы, табиғаты қолайсыз аймақтарда тұрғаны үшін облыс тұрғындарының айлық жалақысына 1,15 аудандық коэффициент енгізілуі мәселесін сол кездегі облыс басшысы Е.Әуелбеков одақтық органдар алдында көтерген кезде соның барлық есебін дайындап Мәскеудегі құзырлы мекемелерге уақтылы тапсырылуын қамтамасыз еткен де осы Кәмекең еді. Осындай жағдай тағы да Арал өңірі халқына экологиялық апат аймағы тұрғындары мәртебесін беру және оларға айлық жалақыға қосымша 1,30-1,50 экологиялық коэффициент енгізілуі үшін есептерін сауатты да, толық уақтылы жасауға да Камал Шөкеновтің еңбегі орасан болды. 1993 жылдан бастап аталған заң өңірімізде ел игілігіне жарап отыр. Еліміз егемендік алғаннан соң мемлекетаралық қарым-қатынастардың үзілуі, бұрынғы одақ бойынша кәсіпорындар арасындағы алыс-беріс есептерінің шиеленісуі олардың бір-біріне қарыздарын орасан өсіріп, заңды тұлғалардың бюджет алдындағы міндеттемелерінің орындалмауына апарып соқтырып, бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлерінің айлық жалақы, кәсіпорын жұмысшыларының еңбекақылары мен зейнетақыларын төлеудің бірнеше айлап кешігуіне әкеліп соқты. Осы жағдайдан шығу мақсатында нақты қаржы айналымы мен кәсіпорындар қарызын өтеу үшін 1996 жылы жай вексель мен есептік міндеттемелер айналымға шығарылып жағдай біршама тұрақталды. Сонымен қатар осы уақытта облыс орталығына ілеспе газ алып келу мақсатымен республикада екінші болып 1997 жылы 3 жылға арналған 100 млн теңгеге «Инвестиция-газ» облигациясын шығарып облыстағы газдандыру жұмысын бастауға мүмкіндік алып едік, осы күрделі, бұрын тәжірибемізде кездеспеген, облысымызда іске асуы үшін шығарылған бағалы қағаздарда қаржы басқармасының басшысы Камал Шөкеновтің аты мен қолтаңбасы сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге тұрды.
Камал ағамыз қаржы саласында қызмет атқарған уақытында бұрынғы Одаққа, республика, облысымызға аты белгілі көптеген кадр даярлады. «Кәмекеңнің мектебінен өткен қаржыгерлер» деген мамандарды жүздеп санауға болады, атап айтқанда Парламент Мәжілісінің ІІ шақырылым депутаты Құттықожа Ыдырысов, бірнеше министрліктің вице-министрі болған Рахымберген Тоқсейітов бірқатар облыста қаржы, салық органдарын басқарған Дайрабай Ысқақов, Ресей қаржы жүйесінің генералы Ғалымжан Шәмшиев, бірқатар облыстың қаржы, салық, қазынашылық, қаржылық бақылау органдарын басқарған Нұргүл Беркімбаева, Балжан Шәменова, Райхан Ысқақова, Гаухар Арынова, Рахымжан Нұрсейітов, Сәндібек Аманжолов және тағы басқаларды айтуға болады. Камал ағамыз өзі Қазақстандық экономика және құқық институтының облыстағы филиалын басқарған уақытта 500-ден аса экономика, қаржы және құқық саласы мамандарын даярлауға мұрындық болды және солардың көбісі қазір республикамызда өз мамандығына сай табысты еңбек етіп жүр.
Өз уақытында облысты басқарған көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерімен иықтаса қатар қызмет етіп, елдің дамуына елеулі үлес қосты. Камал аға қаржыны басқару, оны жұмсау тәртібін қатаң сақтауға көп көңіл бөлетін, іс қағаздарын, шешім, қарар, өкімдердің жобасын дайындағанда заңдылықтың сақталуын, жауаптылықпен жазылуын ыждағаттылықпен қарап, қате жібермеуге тырысатын. Сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағидолла Құбашевтың «Шөкеновтің қолтаңбасы қойылып түскен құжаттардың жобасында қате болмайды, мен оларға оқымастан қолтаңбамды қоя беруден қорықпаймын» деген сөздері ұжымдастарына сенім ұялататын. Сол сияқты 90-жылдардағы облатком төрағасы Е.Золотаревтің Қаржы министрі А.Бақуланың облысқа келгенде өткізген актив жиналысында айтқан сөзі есімізде қалыпты: «Бастапқы кезде кейбір шараларға бюджеттен қаржы бөлу туралы ұсынысыма К.Шөкенов мені қолдамағанда, бұл кісі неге қарсы пікір айта береді деген ойда болсам, кейіннен Үкіметте бірқатар облатком төрағаларына қаржы тәртібін бұзғаны үшін қатаң шаралар қолданылып жатқанда, өзімнің бұл мәселеде ешбір ескертусіз жүргенім үшін, қайта К.Шөкеновке алғыс айтатын болдым», деген сөзі Шөкеновтің абыройын арттыра түскен-ді.
Камал аға қаржы саласының нағыз майталманы болумен қатар өнердің, спорттың да үлкен жанашыры еді. Ұлдары Бауыржан, Батырхан, Бақытжандар кішкентайынан әкесінің қолдауымен әртүрлі музыкалық аспаптарда ойнап, бұрынғы одақтың біраз жерінде өнер көрсетсе, Батырханы әлем танитын өнер жұлдызы дәрежесіне көтерілді.
Осындай абзал да ардақты азамат Қазақстанның еңбегі сіңген экономисі Камал Шөкенов 2011 жылы 23 наурызда дүние салды. Бірақ соңында жақсы іс, білікті шәкірті, саналы ұрпақ қалдырды. Өңір азаматтары бұл тұлғаны әрқашан еске алып отырады.
Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері