
Осыны қаперге алған Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері таяуда өткен жыл қорытындысына арналған жиынында заманауи қоғамда кең тараған жағымсыз әдеттердің бірі – ысырапшылдықты тоқтату туралы үндеу жариялады. Бұл – қалың жұртшылықтың көптен бері көкейінде жүрген мәселе екендігі даусыз.
Үндеуде атап көрсетілгендей, қазір той-жиын, басқа да іс-шара өткізгенде көптеген отбасының өз мүмкіндігіне қарамастан барынша шашылуға, аста-төк ысырапшылыққа жол беруі басымдық алып бара жатқаны жанға батады. Несие алып, ұлан-асыр той өткізуге тырысу жазылмаған заңға айналғаны да жасырын емес.
Той – халқымыздың дәстүр-салтына негізделген, айтулы қуанышын ағайын-туыс, ет-жақындар мен көрші-қолаң ғана емес, аралас-құралас ағайынмен бірге атап өтуге арналған отбасылық іс-шара. Алайда бұл «Ассалаумағалейкүм!» деп қол берген шала таныстардың бәрін шақырып, адам санын 500–700-ге, тіпті кейде 1000-ға жеткізу керек деген сөз емес. Өкінішке қарай, бүгінде көпшілігіміздің дәстүр мен дарақылықты шатастырып, ысырапшылдыққа жол беріп алып жүргеніміз анық. Той-жиындарда үйреншікті жайға айналып бара жатқан, көзге ерсі көрінетін базбір қолдан жасап алған басы артық ырым-жырымдар да көңілге қаяу түсіреді.
Аналар айтқандай, той қызықшылығына шамадан тыс қонақ шақырып, шығынға белшеден батуды тоқтату керек. «Той – халқымыздың қазынасы» десек те, ондағы ысырапшылдықты ештеңемен ақтап алуға болмайды. Сондықтан оңтүстік өңірдегі аналар той-жиындарда дастарқан мәзірін шектеуге, асты аяқасты етпеуге шақырып отыр. Ал үндеуді өңіріміздегі ғана емес, бүкіл еліміздегі аналар, ақсақалдар қауымы, жастар, жалпы жұртшылық қолдап әкетсе, нұр үстіне нұр болар еді-ау!
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
зейнеткер
Түркістан облысы
Семейдегі сергелдеңге кім жауапты?
Абай облысының бас қаласы Семейде 55 мыңнан аса зейнеткер тұрады. Олар 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақылары өскенін естіп, Мемлекет басшысына, Үкіметке тілдері жеткенше рахметтерін айтып, ризашылықтарын білдірген еді. Өкінішке қарай, зейнетақыларының кей кездері уақтылы қолдарына тимей жататыны бар.
Мен осы проблеманы тәуелсіз журналист әрі Семей қалалық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі ретінде зерттеп көріп едім, мәселенің пошта қызметкерлеріне барып тірелетініне көз жеткіздім. Жалпы, облыс орталығында тіркелген зейнеткерлердің шамамен жартысына жуығы ақшаларын банкоматтардан алса, зейнетақылары телефондарындағы банк есепшотына әр айдың 5-6-ларына дейін түсірілуге тиіс. Өйткені қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі әр жаңа айдың 1-іне дейін қаржыны тиісті жеріне аударып отырады. Бірақ аударылған қаражат пошта бөлімшелеріне уақтылы түспейді екен. Осының салдарынан зейнетақыларын поштадан немесе банкоматтан алатын зейнеткерлер әр айдың бас кезінде әбігерге түседі де қалады.
Осы жерде «семейлік ардагерлер мен қариялардың «қабағынан қар жаудырып, кірпігіне мұз қатырған» жағдайға кім жауапты?» деген сұрақ туындайды. Жұртшылық арасында «Екі ортада «базар делдалдары» жүріп, ақшаны айналдырып отырады» деген де сыбыс естіліп қалады. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар халқымызда. Әлде осы алыпқашпаның да шындыққа айналғаны ма?
«Осы мәселе неге дұрыс шешілмейді?» деген сұрағымызға Семей қалалық пошта бөлімінің басшысы тікелей жауап беруден қашқақтап, «Кассаға ақша жаңа ғана түсті» деп ақталған болды. Шаһарды жаяу аралап, кемшілік көрген жеріндегі мекеме басшыларының «екі аяғын бір етікке тығатын» бұрынғы қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов та кезінде пошта бөліміне бір бас сұқпай кетіп еді...
Сүйеубай БАЙҚАДИҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі
Абай облысы
Ақылды қария – ағынды дария
Тасқала ауданының ардагерлері жергілікті басшылықпен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты жоспарланған жұмыстардың орындалуын қорытындылау болды. Аудандық ардагерлер ұйымының басшысы Жәрдемғали Балықов атқарылған жұмыс барысына қысқаша тоқталды. Ол өткен жылға белгіленген іс-шаралардың уақытында жүзеге асырылғанын атап көрсетті.
Қазақстанның дамуына ардагерлердің де үлес қосып келе жатқаны белгілі. «Ақылды қария – ағынды дария» деген халық даналығы тегіннен- тегін айтылмаса керек. Аудандық ардагерлер ұйымы облыста, өз аумағымызда болып жатқан іс-шаралардан тыс қалмай, жиын-отырыстарда ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген сауалдарды қозғап, атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, кемшіліктерді де айтып, ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып отырады.
Ауданда мәдени іс-шаралар дұрыс жолға қойылған. Мәселен, аталар мен әжелерден жасақталған хор тұрақты концерт қойып тұрады. Маңызы жоғары іс-шаралар мен мерейтойлардың ешқайсысы біздің қатысуымыссыз өткен емес. Былтыр 13 ардагерге «Тасқала ауданының құрметті ардагері» төсбелгісі табысталып, аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталды. Аудан әкімдігінің қолдауымен жыл сайын «Ақжайық» санаторлық- курорттық емдеу орнына үш-төрт ардагерге тегін жолдама беріліп, денсаулықтарын түзеп қайтады.
Ал кездесуде аудан басшылығына тұрғындардың саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық және желтоқсан құрбандарына ескерткіш қою, Ардагерлер саябағына күрделі жөндеу жүргізу, Панфилов көшесіндегі балалардың ойын алаңын салып бітіру секілді 14 түрлі өтініші жеткізіліп, аудан өміріне қатысты мәселелерді қамтыған бірқатар сұрақ қойылды. Аудан әкімі Т.Шәкіров кездесуді қорытындылап, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, кейінгі жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келе жатқан ардагерлер ұйымының жұмысына сәттілік тіледі.
Бисенбай ӨТЕГЕНОВ,
еңбек ардагері
Батыс Қазақстан облысы