
Сурет: bai-bol.kz
2024 жылы республикалық бюджеттен 1,9 трлн теңге бөлінген, оның 276,4 млрд-ы – қазіргі бағдарламаларды, 1,5 трлн-ы – даму бағдарламасын жүзеге асыруға арналған. Finprom мәліметінше, әкімдіктердің мақсатты трансферттерді орындау көлемі 97,9%-ды құраған, сонда игере алмау көрсеткіші – 2,1%. Пайызға қарасақ, соншалықты көп емес секілді, ал санға шақсақ – 40 млрд теңге шығады. Мұны әрине, аз деп айту қиын.
Қаражатты мейлінше түгел жұмсаған – Астана әкімдігі. 88,3 млн теңге артылған, тиісінше ол бюжетті үнемдеуге қатысты. Шығыс Қазақстан облысы 99,9%-ға игерген. Діттеген мақсатына жетпеген қаржы көлемі – 69,8 млн теңге, оның 8,1 млн-ы – үнемдеу, 61,7 млн-ы – игерілмеу. Қызылорда облысындағы артылған қаражат көлемі – 120,8 млн теңге, оның 36,6 млн теңгесі үнемдеуге қатысты болса, 84,3 млн теңгесі игерілмей қалған. Үздік бестік қатарына Түркістан облысы мен Шымкент кірген. Олардағы игеру үлесі – 99,8%.
Аутсайдерлер: Маңғыстау облысы – бөлінген қаржының 85,1%-ы игерілген (16,9 млрд теңге жұмсалмаған); Атырау облысы – 94,2% (4,2 млрд теңге игерілмеген); Ақмола облысы – 97,2% (3,5 млрд теңге игерілмеген). 20 өлкенің тоғызында игерілмеген қаржы көлемі 1 млрд теңгеден асып түскен.
«Бұл айтарлықтай проблема. Себебі қаражаттың барлығы дерлік халықтың өмір сапасын жақсартатын әртүрлі жобаларға бағытталуға тиіс еді. Алайда түрлі себеппен бұл мақсат орындалмады», дейді Finprom сарапшылары.