Инвестиция • 22 Қаңтар, 2025

Еуропа инвестициясы көбейеді

107 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) 121 жобаға 2,26 млрд еуро қаржы құйып, Орталық Азияда жаңа опе­ра­циялық рекорд орнатты. Бұл ретте аталған банктен басты қаржы алушылар Өзбекстан мен Қазақстан екенін де айта кету керек. Көршіміз 938 млн еуро қаржы алса, елімізге 913 млн еуро инвестиция салынған.

Еуропа инвестициясы көбейеді

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Сондай-ақ екі ел банктің бүкіл әлемдегі инвестициялық бағытында бесінші және алтыншы орындарды алып отыр. ЕҚДБ Тәжікстанға – 52 млн, Қыр­ғыз­станға 52 млн және Моң­ғо­­лияға 264 млн еуро салған.

«Банк қаражатының 61%-ы орнықты инфрақұрылымдық жоба­ларды қолдауға бағыт­тал­ған. 24% кредит шағын және орта бизнесті, әйелдер мен жас кәсіпкерлерді қаржыландыру мақсатында жергілікті банк­терге берілген. Сонымен қатар ресурс­тарды тиімді пайдалану және климат өзгерісіне орнықтылық бойынша да несие ұсынылған. Қалған 15% несие корпоративті сектор клиенттерінің еншісіне тиді», деп мәлімдейді банк.

2024 жылы банктің Қа­зақ­­стан­дағы жиынтық инвес­ти­циясы 10 млрд еуродан асып түскен. Өзбекстанда 5 млрд еуроға жеткен. Тәжікстан мен Қыр­ғызстан банктен 1 млрд доллардан астам қаржы тартқан.

ЕҚДБ инвестиция құйған еліміздегі ауқымды жобалар қатарында Ақтөбе қаласындағы жаңа тазарту құрылыстары және соған байланысты инфра­құ­рылымды салу бар. Оған банк 96,4 млн еуро тәуелсіз несие ұсынды. Сонымен бірге Қара­ғанды облысындағы графит кен орнында жұмыс істейтін және акциясы Аустралия қор биржа­сында саудаланатын «Sarytogan Graphite Limited» компа­ния­сының 17,36% акциясын иеленді. Акцияларды бастапқы орналас­тыру аясында «Air Astana» әуе компаниясының акция­ларына 42 млн доллар қаржы құйды.

ЕҚДБ-ның жаңа қаражаты Қазақстан мен Өзбекстандағы ұлттық желі операторларының тұрақтылығын арттыруға және жаңартылатын энергия көздерін біріктіруге жәрдемдесу үшін пай­даланылды. Банк 252 млн еуро көлемінде қаржы ұсынды. KEGOC 500 кВ-ға негізделген 600 км инфрақұрылым желісінің құры­­лысына және Батыс Қазақ­стан­ның энергожүйесін Бірың­ғай энер­го­жүйемен интегра­ция­­­­лау­ға 66,4 млн доллар бөл­ген.

Ал әлеуметтік инфра­құ­ры­лым секторында банк біздің елдегі алғашқы ірі мемлекет-жеке­шелік әріптестігі жоба­сы­ның негізгі демеушісі болды. Оның аясында 365 млн еуроны алты бірдей қаржы инс­титуты Көкшетау қаласында 630 орынға лайықталған көп­профильді аурухананы салу және пайдалануға беруге жұм­сауы қажет.

Сондай-ақ банк Орталық Азиядағы ірі институционал­дық инвестор болып саналады. Қазірге дейін 1 163 жасыл және инклюзивтік жобаларға 21,5 млрд еуро қаржы бөлген.