
- Кеше Португалияда «Челенджер» санатындағы турнирлердің бірінің шымылдығы түрілді. Іріктеу сынының бастапқы бәсекесінде қазақ теннисшісі Бейбіт Жұқаев Нидерландтың өкілі Мик Вельдхеерден 7:6, 6:3 есебімен басым түсті.
- Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы (IFFHS) 2004 жылдың ең үздік чемпионаттарын анықтады. Көш басында – Италияның А сериясы. Екінші, үшінші орындарда – Испанияның Ла Лигасы мен Англияның Премьер-лигасы. Сондай-ақ Бразилия, Германия, Аргентина, Португалия, Франция, Бельгия, Нидерландтың чемпионаттары ондыққа енді. Бұл тізімде еліміз 86-сатыда тұр.
- Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) жауапты матчтары қарсаңында «Барыстың» сұрмергені Антон Бурдасов жарақат алуына байланысты алдағы күндері мұз айдынына шықпайды. 33 жастағы шабуылшы биылғы маусымда 12 гол соғып, 5 рет нәтижелі пас берді. Сондай-ақ жарақаттанғандар тізімінде Әлихан Әсетов пен Аңсар Шаймерденов те бар.
- Үстел теннисінен Тунисте ұйымдастырылған WTT Youth Contender Tunis турнирін Алан Құрманғалиев қола медальмен қорытындылады. 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жарыста өнер көрсеткен ол Данило Фасо (Италия), Рафаэль Формела, Ян Мругал (Польша), Степан Брель (Чехия), Том Клоссетті (Бельгия) қапы қалдырып, жартылай финалда Юлиан Чиритуге (Румыния) есе жіберді.
- Бұл күндері Мельбурнде өтіп жатқан Аустралияның ашық біріншілігінің ширек финалына шыққан барлық теннисші анықталды. Ерлер арасында Томми Пол (АҚШ) мен Александр Зверев (Германия), Новак Джокович (Сербия) пен Карлос Алькарас (Испания), Янник Синнер (Италия) мен Алекс де Минаур (Аустралия), Бен Шелтон (АҚШ) мен Лоренцо Сонего (Италия) үздік сегіздіктің қатарынан көрінсе, әйелдер сайысында Кори Гауфф (АҚШ) пен Паула Бадоса (Испания), Арина Соболенко (Беларусь) мен Анастасия Павлюченкова (Ресей), Эмма Наварро (АҚШ) мен Ига Швентек (Польша), Мэдисон Киз (АҚШ) бен Элина Свитолина (Украина) дәл сол межеге сүрінбей жетті. Енді осы жұптар жартылай финалға шығу үшін бақ сынасады.