Аймақтар • 17 Қаңтар, 2025

Сәбидің жетілуіне сеп болатын құрылғылар

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығы соңғы үлгідегі, жоғары сапалы медициналық құрылғылармен – гипотермия аппараты, өкпені жасанды желдету құрылғысы, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубатормен толықты.

Сәбидің жетілуіне сеп болатын құрылғылар

Сәбидің жетілуіне мүмкіндік беретін медициналық жаб­­дықтар Маңғыстау об­лыстық әкім­­дігінің және «DUNGA OPERATING GMBH» компаниясының қол­дауы­мен алынды. Құрыл­ғы­ны табыстау рәсіміне аймақ бас­шысының орынбасары А.Өрісбаев, Маңғыстау облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Б.Ізбасаров, демеуші компанияның бас директоры Н.Әбдірахманов, көпбейінді ауру­хананың директоры Р.Бекібаев қатысты.

Перинаталдық орталықтың жан­­сақтау бөлімінің меңгеру­шісі, нео­­на­толог-дәрігер У.Раши­дов­тің айтуын­ша, гипотермия аппараты ауыр асфик­сиямен туған сәбидің өмірін құт­қарып, бас-ми ісігінің алдын алуға қажет. Аппарат жаңа туған нәрестенің дене қызуын автоматты түрде 34 градусқа дейін төмендетеді, 72 сағат бойы оны қажетті деңгейде ұстайды, содан кейін баланы біртіндеп жылытады. Бала ағзасындағы мета­болизмді өзгертуге, миды глюкозамен қамтамасыз ете отырып, орта­лық жүйке жүйесінің жасушаларын қайтымсыз зақымданулардан қор­ғауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ шала туған нә­рес­теге арнап сатып алынған 8 инкубаторда нәрестелер салмақ қосқанға дейін жатады. Құралдардың ылғалдылығы, температурасы сақталып, автоматты түрде балаға қажетті жағдай жасайды, қосымша фотолампасы мен мониторы бар.

Өкпені жасанды желдету заманауи аппараты да аурухана игілігіне берілді. Құрылғы үш режімде көмек көрсетуге қауқарлы. Умид Рашидовтің айтуынша, алғашқы режім CPAP – шала туған балаларға демалуға көмектессе, SIMV баланың орнына тыныс алады. Ал жоғары жиі­ліктегі жасанды желдету өк­песі дамымаған, өкпесінде ақауы бар нәрестелердің жағ­дайын жақсартуға қолданылады.

Перинаталдық орталықта 6 балаға арналған жансақтау бө­лімі былтыр ақпан айында ашылған болатын. Қазірде жансақтау бөлімінде 8 нәресте ем алып, оның екеуі оттегі қабылдап жатыр. 1 нәресте CPAP аппаратына, 1 нәресте ӨЖЖ құрылғысына қосылған. Қалған балалар ауыр жағдайдан шы­ғып, өздігімен демалып, емделіп жатыр.

 

Маңғыстау облысы