Сұхбат • 16 Қаңтар, 2025

Дәурен Кеңбеил: Жаңа заң ашықтық пен қолдауды арттырады

174 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылдан бастап елімізде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң күшіне енді. Құжатқа сәйкес, мемлекеттік сатып алу мерзімі қысқарып, тендер рәсімдері жеңілдейді. Реформа мемлекеттік қажеттіліктердің тиімділігін арттырып, тапсырыс берушілердің уақытын үнемдеу мен сатып алу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді. «Egemen Qazaqtan» газетіне берген сұхбатында Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил заң туралы тарқата айтып берді.

Дәурен Кеңбеил: Жаңа заң ашықтық пен қолдауды арттырады

– Мемлекет есебінен сатып алынатын тауар мен қызмет сапасын арттыруға бағытталған жаңа заң аясында қандай тетік­тер қарастырылып отыр?

– Жаңа заңда мемлекеттік орган­дардың ақпарат жүйелері­нің деректерін пайдалана отырып, өндірушіні таңдаудың бағадан тыс өлшемдерін дамытуға ерекше назар аударылған. Мысалы, сатып алу беделі бар өнім берушілер арасында жүзеге асырылады. Өндірушілер туралы ақпарат әртүрлі мәліметтің базасы арқылы қалыптастырылады. Бұл баға мен сапа өлшемінің үйлесімі негізінде жеңімпаздарды таңдауды авто­мат­тандыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қоғамдық мониторинг элементтерін енгізу арқылы азаматтық қоғамның ықпалын күшейтуге жол ашылып отыр.

– Құжатта цифрландыруды енгізу қаншалықты ескерілді?

– 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап конкурстық комиссияның қатысуын болдырмайтын әрі сыбайлас жемқорлықты барынша азайтатын рейтингті-балдық жүйені пайдалану ар­қы­лы конкурс өткізу тәсілі ен­гізілді. Жеңімпаз мемлекеттік органдардың деректері негізінде автоматты түрде анықталады. Демек, мұндай сатып алудың қорытындысына шағым түсі­ріл­мейді. 2023 жылдың 1 қыр­күйегінен бастап құрылыс-мон­таждау және жобалау жұ­мыс­тары, сондай-ақ 2024 жыл­дың 1 ақпанынан бастап тех­­­никалық қадағалау қызметтері тек рейтингті-балдық жүйе арқы­лы ғана сатып алынады. Сатып алудың барлық түрін осы фор­матқа көшіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар сатып алудың үш түрін, яғни «Самұрық-Қазына» қорының, квазимемлекеттік сектордың және мемлекеттік сатып алуларды біріктіретін Бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылды. Портал барлық қатысушының өзара іс-қимылын жеңілдетіп, сатып алу көлемі туралы талдау мен қажетті ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

– Осы реформада мемлекет­тік сатып алу қорытын­ды­ла­рына шағымдану мәселесі қа­лай реттелген?

– Тапсырыс беруші тарапынан шамадан артық талаптардың белгіленуіне жол бермеу мақса­тында қолданыстағы камералды бақылау тәсілі сақталады. Алайда бақылаушы органның сатып алудың қорытындысын жоюға немесе қайта қарауға енді құқығы жоқ. Осы қорытындыларға қатыс­ты шағымдарды сатып алуды ұйым­дастырушының өзі тікелей қарайды. Бұл ретте шағымдану құқығы конкурстық комиссия анықтаған жеңімпаздың сатып алуы бойынша ғана беріледі. Егер жеңімпаз веб-порталмен автоматты түрде анықталса, оның қорытындысына шағым түсірілмейді. Сотқа шағымданған жағдайда да сатып алу рәсімдері тоқтатылмайды.

– Заңда отандық өндіріс пен кәсіпкерлерді қолдау мәселесі қаншалықты қамтылды?

– Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру отандық тауар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыс пен қызметтерді отандық өнім беру­шілерге қолдау көрсету қағи­дат­тарына негізделген. Мәсе­лен, осы заңға сәйкес былтырдан бас­тап отандық тауар өндірушілер үшін авансты 30% мөлшерінде міндетті төлеу, қамтамасыз ету­дің барлық түрінен босату, келі­сімшарттағы міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын төмендету сияқты артықшылықтар қарас­тырылған. Үкімет ішкі нарық­ты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту, отандық тауар өндір­ушілерді қолдау мақ­сатын­да екі жылдан аспайтын мер­зімге ұлттық режімнен алып қоюды белгілеуге құқылы. Бү­гінде Үкіметтің 6 қаулысы қол­даныста, оларға сәйкес 4 000-нан астам тауар тек қана отан­­дық өндірушілерден сатып алы­нады. Ұлттық режімнен алулар тізбесін кеңейту жөніндегі жұмысты Үкімет тұрақты негізде жүргізіп келеді. Сонымен қатар отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бір көзден алу тәсілімен офтейк-келісімшарт болып саналатын тауарларды сатып алу көзделген. Бұл отандық өндірушілер шығарған тауарларды конкурстық рәсімсіз тікелей сатып алуға мүмкіндік береді.

– Жаңа заң бюрократиядан арылту мен рәсімдерді жеңілдетуге қалай ықпал етеді?

– Сатып алу рәсімін оңтай­­лан­дыру мақсатында заңда сатып алуды өткізілмеді деп тану негіздері қайта қаралды. Егер конкурсқа қатысу үшін біліктілік талаптарына сай келетін бір өтінім ұсынылған жағдайда мемлекеттік сатып алу өткізілді деп танылады. Бұл сатып алуды қайта өткізудің алдын алады. Сонымен қатар конкурс тәсілі арқылы мемлекеттік сатып алу мерзімі барынша қысқартылды. Конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылау 5-тен 2 жұмыс күніне дейін, конкурстық өтінімдерді қабылдау 15-тен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытындыларды шығару 10-нан 3 жұмыс күніне дейін азайтылды. Осылайша, конкурс тәсілімен өткізілген сатып алу жеңімпаздары 10 жұмыс күні ішінде анықталатын болды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»