
Бір қызығы, ол қалған өмірінде бұдан өзге ештеңе жазып жарытпапты. Есесіне Марсель топырағында туған марғасқа музыканттың бұл туындысы 1795 жылы Францияның ұлттық гимні ретінде бекітілген. Содан бастап жігерлі әуен бүкіл әлемде бостандық пен теңдіктің символына айналды. Осылайша, Руже де Лиль бір түнде жазылған бір ғана туындысымен тарихта қалды.
Авторға бағынбайтын кейіпкерлер
Әдебиетте мінезі әбден дараланған қаһармандар тек өз қалауымен ғана әрекет жасайды. Кей кездері тіпті, автордың ықтиярын назарға алмайды.
Мәселен, Анна Каренина Лев Толстойдың әуелгі жоспары бойынша «адам түңілгендей бұзық әйел» болуға тиіс еді. Шын тұлғасын, мінезін даралай келгенде тартымды бейне болып шыққан. Ал «Евгений Онегиндегі» Татьяна Пушкиннің өзін таңғалдырып, «тосыннан» күйеуге шықты. Тургеневтің Базаровы болса, авторды амалсыз «бағындырып», оған өз атынан күнделік жаздырып отырған. Жазушылар қауымы персонаждардың мұндай «бүлігінен» кітаптың ең қызық беттері туатынын жасырмайды.
Мінсіздікке ұмтылыс
Чехов «жазу өнері – сызып тастау өнері» деп бекер айтпаса керек. Өйткені өңдеу, жөндеу, түзеу, күзеу – шығарманы шыңдай түседі.
Мәселен, «Шегірен былғарыны» Бальзак бастан-аяқ қайта жазғандай, тоғыз рет адам танығысыз өзгеріске ұшыратқан. Ал Гоголь «Ревизорын» бес рет, Флобер «Иродиадасын» он рет, Горький «Анасын» алты рет түбегейлі өзгертіп, жетілдіре түскен.