Аймақтар • Бүгін, 15:36

75 тоннадан астам балық Еуропаға заңсыз экспортталған

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті көлік прокуратурасының үйлестіруімен «СПК Қызылорда Балық» ЖШС басшылығына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

75 тоннадан астам балық Еуропаға заңсыз экспортталған

2022 жылы аталған кәсіпорынның лауазымды тұлғалары кеден органдарына жалған мәліметтер ұсынып, құны 254 миллион теңге болатын жалпы салмағы 75 тоннадан асатын көк серке етін Еуропалық одақ елдеріне заңсыз экспорттаған.

Балық өнімдерінің заңды шығу тегін көрсету мақсатында кәсіпорын шын мәнінде балық өсіру немесе ұстау жағдайлары болмаған өзімен байланысы бар тұлғалар мен шаруашылықтардан балық сатып алынғаны жөнінде жалған құжаттар ресімдеген.

Тексеру барысында бұл шаруашылықтардағы су айдындарының толықтай кеуіп қалғаны, ал құжаттарда көрсетілген жүк көліктерінің тасымалдау қызметін іс жүзінде атқармағаны және тоңазытқыш жабдықтармен қамтамасыз етілмегені анықталған.

Сонымен қатар, тергеу барысында жалған шот-фактуралар жазылғаны және балық өнімдерін тасымалдауға заңсыз ветеринарлық анықтамалар берілгені дәлелденіп отыр.

Сот үкімімен кәсіпорынның құрылтайшысы А.Ерхатов және директоры Л.Қайыпназарова кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Мемлекет пайдасына 254 млн теңге көлеміндегі заңсыз табыс өндіріліп алынып отыр.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.