Пікір • 09 Қаңтар, 2025

Мектептерде орын тапшылығы оңтайлы шешіледі

51 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы сұхбатында халықтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтың жауабын берді. Атап айтар болсақ, ішкі, сыртқы саясат, Президент аппаратының, Үкіметтің, Парламенттің жұмысы, экономика, әлеуметтік сала, қоғам­дағы орын алып жатқан жайттардың барлығын қамтыды.

Мектептерде орын тапшылығы оңтайлы шешіледі

Сурет: el.kz

Соның ішінде өзім ұзақ жыл қызмет еткен білім саласы­на қатысты кейбір деректерді айта кетейін. Ел Прези­денті бюд­жеттік қаржының басым бөлі­гі мектептер, емханалар мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға, өзге де әлеумет­тік міндеттерді орындауға жұмса­латынын жеткізді.

«Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де баса назар ауда­рылады. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жобаның аясында ауылдық жерлерде медицина нысандарын салу жұмыстары жалғасады. Елімізде 460 мың оқу­шыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланған. Оның 105-інің құрылысы аяқталды. Мақсатымыз – апатты жағдайдағы және үш ауы­сыммен оқытатын мектептер мәселесін, сондай-ақ мектептегі орын тапшылығына қатысты түйткілдерді толығымен шешу. Бір ай бұрын 2025–2027 жылдарға арналған Республикалық бюджет қабылданды. Құжатта әлеуметтік бағыт басты басымдық ретінде сақталды. Онда денсаулық сақтау, білім беру саласына және әлеуметтік қажеттіліктерге өте қомақты қаржы қарастырылған», деді Президент.

Жыл сайын бюджетті жоспарлау, бюджеттің іске асырылуы жөнінде министрліктер жеке-жеке келіп есеп бергенде, біз Ата заңымызда атап айтылғандай, «Әлеуметтік мемлекет» екенімізге көзіміз анық жетеді. Бұл ретте 2024–2025 жылы білім беру саласында нағыз серпіліс болғанын, 460 мың оқушыға есептелген 217 жаңа жайлы мектептің құры­лысы жоспарланғанын атап өту керек. Осы ауқымды жобаны іске асыру үш ауысымда оқыту, тозы­ғы жеткен мектептер мәселесін түбегейлі шешуге, сондай-ақ оқушылар орны тапшылығын жоюға мүм­кін­дік береді. Білім беру инфрақұрылымын дамытуда қалаға да, ауылға да бірдей көңіл бөлініп, сапалы орта білім алуға  қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта 254 мың орынға арналған 105 жайлы мектептің құрылысы аяқталды, оның 36-сы ауылды жерлерде орналасқан.

Жалпы, Мемлекет басшысының жыл басында дәл осылай түйткілді мәселелерді қамтып сұхбат беруі жақсы үрдіске айналып, тиімділігін дәлелдеп отыр. Кең көлемді әңгіме барысында ішкі саясаттың алдағы жылға жоспарланған негізгі жұмыстары айқындалған. Биліктің елімізді одан әрі дамытуға қатысты ұстанып отырған нақты бағыт-бағдары көрсетілген. Атқарушы мемлекеттік органдар мен қоғам бірлесе жұмыс істесе, көзделген жоспарлар тиімді нәтиже береді деп санаймыз. 

 

Нұргүл ТАУ,

Мәжіліс депутаты