
Келелі кеңеске келген құрметті қонақтарды мектеп оқушылары жырдан шашу шашып қарсы алды. Одан соң ақынның 85 жылдық мерейтойына арнап жасалған барельефтің ашылу рәсімі өтті. Ғылыми жиынның тізгінін Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев ұстады. Шарада Р.Мұқанова, И.Елекеев, Б.Әйтімова, Ә.Бимендина, Д.Қамзабекұлы, Е.Тілешов, Е.Қалмақов, Қ.Сенғазиев, Г.Еңсепова, Н.Ысқақов сынды мәдениет, ғылым, ақпарат, білім саласы өкілдері баяндама жасады. Ақын мұрасы туралы орамды ойларын ортаға салды.
«Оның ақындық тұлғасы мен өзіне тән өршіл мінезі, өзгеше тағдыры басқалармен салыстыруға келмейді. Ерекше оқшау тұрды. Фариза – жан сұлулығын қалаған ақын. Ол өлеңнің ләззатына да, азабына да мойынсұнды. Өмірді өлең деп таныды», деді жазушы, драматург Роза Мұқанова.
Конференция барысында «Әйел атты ұлылық!» атты әдеби музыкалық қойылым сахналанды. Сексен бес оқушы ақынның өлеңіне жазылған әндерді орындап, сахнаны ерекше сәнге бөледі.
«Бұл шараның елордада ақын атындағы мектепте өтуі – білім саласының абыройы» деді Оқу ағарту министрлігінің департамент директоры Ерлан Қалмақов.