
Өңірде өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік және логистика, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіп салалары – дамудың негізгі бағыттары. Бұл бағыттар аймақтың дамуында қозғаушы күш, оларды нығайтуда өңірге инвестиция тартудың маңызы зор. Кейінгі бес жылда облысқа 4 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. 2024–2026 жылдары экономиканың түрлі саласында құны 666 млрд теңгеге 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 1 800 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Биыл 14 жоба іске қосылып, нәтижесінде 435 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.
«Алдағы уақытта өңіріміздің барлық бағыттағы әлеуетін пайдалана отырып, инвестициялық құны 27 трлн теңге болатын 8 ірі жобаны ашу жоспарланып отыр. Әйгілі «SVEVIND» неміс-швед компаниялар тобы жылына 2 млн тонна жасыл сутегі өндіретін ірі зауыт салады. Елімізде теңдесі жоқ бұл жоба энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге үлкен септігін тигізбек. Жылына 4 млн тонна мұнай өндірілетін Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов кен орындарын игеру өңір экономикасына тың серпіліс береді. Аммиак-карбамид кешенінің құрылысы, Құбыр шығаратын зауыт, Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауыты, Каспий теңізі акваториясында кеме жасау верфі, сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт пен контейнерлік хаб салу сынды ірі жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаларда құрылыс кезінде 8 мың, іске қосылғаннан кейін 4 мың тұрақты жұмыс орындары ашылады», деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
«Ашық аспан астындағы мұражай» атанған Маңғыстау облысында туризмді дамыту – басым бағыттардың бірі. Өңірде туризм саласын дамытудың кешенді жоспары жасалған. Аймақ басшысының айтуынша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында шетелдер мен ел аймақтарынан 367 мың турист келіп, 15,2 млрд теңгеге жуық қызмет көрсетілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20% өсімге ие. Өңірде туризмді дамыту барысында Ақтау қаласындағы «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық құны 100 млрд теңге болатын 11 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалардың бірқатары 2027 жылға дейін жоспарланған, биыл 8,5 млрд теңгеге 3 жоба іске қосылды. Сондай-ақ «Кендірлі» курорттық аймағының әлеуетін одан әрі дамыту – Президент Жолдауында айтылған мәселе. Қазіргі таңда бас жоспары әзірленген курорттық аймақта облыс басшылығының қолдауымен дәстүрлі жағажай мен экотуризмнен бөлек, ойын-сауық туризмі сияқты қосымша бағытты дамыту қолға алынып жатыр.
Бүгінгі Маңғыстау автомобиль жолдарының сапасымен мақтана алады. Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 96%-ы жақсы жағдайда. Қазірде аймақта 215 шақырымды қамтитын 12 автомобиль жолын салу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бағзыда «Жібек жолының» ұлы даласы, кейінде «тоғыз жолдың торабы» атанған Маңғыстаудың транзиттік әлеуеті әлі де зор. Жыл басынан бері Ақтау, Құрық порттары, Солтүстік терминал арқылы 6,8 млн тонна жүк тасымалданған, өткен жылмен салыстырғанда өсім – 3,5%.
«Бүгінде жеке инвестор қаржысына Құрық портында «Саржа» көп функционалды теңіз терминалының құрылысы жүріп жатыр. Ақтауда ТМД елдерінде теңдесі жоқ, инвестициялық құны 1 млрд доллар тұратын ірі әуе хабын құру бастамасы Үкіметтен қолдау тапты. Әуе хабы іске асқанда Ақтау Орталық Азиядағы әуе жүк тасымалының орталығына айналады», деді Н.Қилыбай.
Ақтау көшелері ғана емес, аудан орталықтарының өзінде бірнеше бағытта автобус қатынасы жолға қойылды. Жақында Бекет ата басына зиярат етушілерді тасымалдауға арналған жаңа бағыт ашылды. Ақтау қаласына 91 дана автобус сатып алынып, нәтижесінде қала автобусының паркі 100%-ға жаңартылды.
«Облыстағы маңызды салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Биыл 34,5 млрд теңгеге жуық өнім өндірілді. Оның ішінде мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 31%-ға көбейді. Инвестиция көлемі 4 млрд теңге болатын азық-түлік сақтау қоймасы қолданысқа берілді. Келер жылы құны 3,5 млрд теңге болатын жұмыртқа мен құс етін өндіретін кәсіпорын, жылыжай кешені іске қосылады. Қарақия ауданында 3300 түп зәйтүн ағашы егілді. Күткен нәтижеге қол жеткізсек, бұл жобаны одан әрі дамытамыз. Мемлекеттік қолдаулар есебінен Маңғыстау облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жол картасына сәйкес 2024–2026 жылдары 15 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты біртіндеп жергілікті әрі табиғи өнімдермен толтыруға мүмкіндік береді. 2025 жылы Қытай инвесторларымен бірлесіп, Маңғыстау ауданында жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайтын «Түйе сүтінің құрғақ ұнтағы зауытын салу» жобасын іске асыруды жоспарлап отырмыз. Зауыт толық іске қосылған жағдайда жылына 1440 тонна түйе сүті өңделеді, 65 жаңа жұмыс орны құрылады», деді әкім.
Маңғыстауда кейінгі 30 жылдан бері тоқтап қалған балық шаруашылығының жанданғаны да маңызды жаңалық. Аймақта балық өсірумен айналысатын 3 кәсіпорын биыл 11 айда 45,5 тонна бекіре тұқымдас, жайын балықтарын өсірді, 2025 жылы көрсеткішті 286 тоннаға жеткізу жоспарланған. Балық шаруашылығын қайта жаңғыртуға бірқатар инвестор тартылып, Каспийден балық аулайтын заманауи кемелер сатып алынды. 2025 жылы теңізден 20 мың тоннаға дейін балық аулау, шаруашылықтарға қатысты 2025–2027 жылдары құны
12 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Шағын және орта бизнестің өңір экономикасындағы үлесі жыл санап өсіп келеді. 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейін шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 1 трлн теңгенің өнімін шығарды, аталған салада 147400 адам жұмыспен қамтылды. Биыл кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде бөлінген 17,5 млрд теңгеге 1231 жобаға қолдау көрсетіліп, аталған бағдарламамен әлеуметтік кәсіпкерлердің 20 жобасына 100 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді.
«Ақтау қаласындағы инженерлік желілердің 82%-ы тозған. Биыл қаланың 25 шағын ауданында ұзындығы 919 шақырымды құрайтын инженерлік желілерге жаңғырту жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес жөндеудің бірінші кезеңінде, 2026 жылға дейін жалпы құны 20 млрд теңгені құрайтын 19 жоба іске асырылады. Бүгінде қаланың төменгі 6 шағын ауданында 60 шақырым су құбыры мен кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр, нәтижесінде тозу деңгейі 82-ден 73%-ға түседі. Облыстағы 790 шақырымды құрайтын жылу желілерінің 60%-ының тозығы жеткен. 2024–2026 жылдары «МАЭК» мекемесіне тиісті 22 шақырым магистралдық жылу құбырын жаңарту жобасы жасалып, биыл оның тең жартысы жаңартылды», деді облыс әкімі.
Ауызсу мәселесін кезең-кезеңімен шешу мақсатында 2025 жылға дейін қуаты 140,5 мың текше метрді құрайтын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, бұл жұмыстар Мемлекет басшысының жіті бақылауында.
2024 жылы өңірдің білім жүйесін қаржыландыруға 211 млрд теңге қарастырылды. Кейінгі 3 жылда өңірде оқушылар саны 17 мыңға артып, мектеп қажеттілігі пайда болды. Биыл 6510 орындық 14 жекеменшік мектеп, 4800 орындық 4 мемлекеттік мектеп ашылды, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Облысты дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде Мұнайлы ауданында 150 төсектік аудандық орталық аурухананың құрылысы, Жаңаөзен қаласының «Кендірлі» ауылында дәрігерлік амбулаториясының құрылысы аяқталып келеді. Шетпе, Тәжен, Құрық ауылдарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысандар салынып жатыр. Биыл облыстық жедел жәрдем стансасына 5 дана реанимобиль табысталды.
Облыс әкімі өңірдегі өзекті мәселе саналатын ескі теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарын Үкімет қолдағандығын, жөндеу-жаңғырту жұмыстары жүргізілетіндігін, нәтижесінде вокзал тәулігіне 2,5 мың жолаушы қабылдай алатын әлеуетке ие болатындығын жеткізді.
Үкіметте өткен Маңғыстау облысын дамытуға арналған жиында 2027 жылға дейін туристік кластерді дамытуға бағытталған 167 млрд теңгенің 14 ірі жобасын іске асыру жоспарланды. Бұл жобалар өңірді, Ақтауды дамытуға, тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін арттыруға қажетті маңызды іс-шаралар.
Маңғыстау облысы