Құрылтай • 24 Желтоқсан, 2024

Ұлттық құрылтай аясында атқарылған жұмыс қорытындыланды

61 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай мүшелерінің қатысуымен өткен басқосуда жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Ұлттық құрылтай аясында атқарылған жұмыс қорытындыланды

Сурет: akorda.kz

Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтай мүшелері Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында көшпелі отырыс өткізіп, жұртшылықпен кездескенін тілге тиек етті. Сондай-ақ өңірлік қоғамдық кеңестер атынан келген Ұлттық құрылтай мүшелерімен бөлек кездескенін атап өтті.

Ерлан Қарин бастамалар­дың орындалу барысына тоқта­лып, құрылтайдың үшінші отырысының қорытындысы бо­йынша 40 бөлімнен тұратын арнайы жоспар қабылданғанын айтты. Мемлекеттік кеңесші қазірдің өзінде олардың басым бөлігі орындалғанын жеткізді. Атап айтқанда, «Тәуелсіздік және отаншылдық», «Әділдік пен жауапкершілік», «Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік», «Заң мен тәртіп», «Жасампаздық және жаңа­шылдық» сияқты жалпыұлттық  құндылықтарды орнықтыруға қатысты елеулі бастамалар бар.

Ерлан Қарин мектептердегі жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп жаңартылған тәрбие жұмысы жөніндегі бағдарламаға айрықша мән берді.

Жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Ұлттық құрыл­тай мүшелеріне биыл 1 қыр­күйектен бастап мектептерге енгізілген «Біртұтас тәрбие» бағ­дарламасының аралық нәти­жесін таныстырды. Ал бала құқық­тары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балалардың құқығын қорғау саласында мемлекет тарапынан жасалған шаралар туралы баяндады.

Жалпыұлттық құндылықтар­ды дәріптеу аясында жыл бойы ғылым мен білім, мәдениет пен ономастика салаларында бірқатар мемлекеттік және қоғамдық жоба мен бастама жүзеге асырылды.

Ұлттық құрылтайдың жұ­мы­сын­дағы тағы бір бағыт – әлеу­меттік кеселмен күрес. Биыл Пар­ламент әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лудоманияға қарсы іс-қимыл, вандализммен күрес, вейпке тыйым салу мәселелері бойынша бірқатар заң қабылдап, оларға Президент қол қойды. Сондай-ақ бірер күн бұрын Парламентте есірткі бизнесімен күрес туралы заң қабылданып, құжат Президентке қол қоюға жолданды. Осы заңдар­дың барлығын әзірлеуге құрылтай мүшелері белсенді атсалысты.

Ерлан Қарин Ұлттық құрыл­тай мүшелеріне Мемле­кет басшы­сының төрт ауқымды инфра­құрылымдық бастама­сының жүзеге асырылу нәтиже­лері туралы мәлімет берді. Бұл бастама Атырауда өткен үшінші отырыста жария етілген еді.

Жалпы, Мемлекеттік кеңесші жылды қорытындылай келе, Ұлттық құрылтайдың тиімді диалог алаңы ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін негізгі орталықтың біріне айналғанын атап өтті.