Қоғам • 19 Желтоқсан, 2024

Бәрінен тәртібі мықты бала озады

58 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жетісу облысы Кер­бұ­лақ ауданының орта­лығы – Сарыөзекте сам­­­бо күресінен еліміз­дің еңбек сіңірген жат­тық­тырушысы, оқу ісінің үздігі, белгілі бапкер Ба­қыт Қоқысбековтің құр­метіне дзюдодан жас­өспірімдер арасында рес­публикалық турнир ұйым­дастырылды. Оған еліміздің бірқатар өңірі­нен келген балғын балуандар қатысты.

Бәрінен тәртібі мықты бала озады

Бақыт Жәкетұлы 1981 жылдан күні бүгінге дейін туған ауы­лында самбо, дзюдодан мық­­ты шәкірттер тәрбиелеп келе­ді. Осы уақыт ішінде 1 КСРО спорт шеберін, Қазақ­стан­ның 24 спорт шеберін, 2 ха­лық­­аралық дәрежедегі спорт ше­берін, 4 елімізге еңбек сіңір­ген жаттықтырушы даярлады. Шәкірттері халықаралық жарыс­тарды айтпағанда, әлем мен Азия чемпионаты, Азия ойын­дары мен әлем кубогінің өзінде 22 рет әнұранымызды шырқатып, 45 мәрте көк туымызды желбіретті.

Б.Қоқысбеков – талантты балаларды тұрған тұрысынан тани білетін бапкер. Бақыт ағамыз секілді қажырлы бапкерлердің арқасында Кербұлақ ауданы спорт саңлақтарының алтын ұясына айналды. Оның спорт жолындағы жеңісті дәстүрін бүгінде шәкірттерінің шәкірттері табысты жалғастырып келеді.

«Бәрінен тәртібі мықты бала озады. Мен мұны өмірлік тәжірибемнен жақсы білемін. Дарынды балалардың көбісі алғашқы жеңісінен кейін «мен мықтымын» деп тайраң­дап кетеді. Содан жаттығуға біресе келіп, біресе келмей, дайындығын әлсіретеді. Тәртібі бар бала жаттығудан қалмай, бапкердің айтқанын тыңдап, тынымсыз еңбегінің арқасында көздеген мақсатына жетеді. Спортпен шындап айналысқан адамға керек ең басты бес нәрсе: жылдамдық, ептілік, төзім­ділік, еңбекқорлық, тәртіп. Зал­­дағы жаттығу дегеніміз тек темір көтеріп, белтемірге тар­тылып, әрі-бері жүгіріп, дене қи­мылдарын жасаудан ғана тұрмайды. Спортта күш пен жыл­дамдық қана емес, ақыл мен парасат та керек. Біз бал­аны ең алдымен адам­гершілік қағидаттарына үйре­теміз. Барлық берекелі іс үлке­дерге құрмет, кішілерге ізет көрсетуден басталады. Соны қаперлеріне мықтап түйеміз», дейді Бақыт Жәкетұлы.

ап

Бүгінде жұрттың бәрі пер­зентінің прокурор, сот немесе қаржыгер бол­ғанын қалайды. Мықты спортшы болып та тарихта қалуға бо­латынын көп ата-ана жіті тү­сіне бермейді, спортшы деген мамандық емес деп ойлайды. «Балам міндетті түрде жоғары оқу орнында оқып, диплом алуы керек» деген ниетпен нағыз піскен шағына қарамай, спорттан жұлып ала­ды. Ақырында солардың дені дипломның пайдасын да көр­мейді. Не тұрақты жұмысы жоқ, не спортта жоқ, өмірден өз жолын таба алмай көп қиналады.

«Менің де Олимпия ойындарына қатысып, жүлдеге таласуға күш-жігері жететін қарымды әрі арынды шәкірттерім көп болды, – деп жалғастырды әңгі­месін білікті бапкер. – Бірақ өмір­дің ағысы оларды мүлде бас­­қа арнаға түсірді. Кейбірі мал табудың қамымен кетті, кей­бірі қиындыққа шыдамады. Ата-ана­лардың қарсылығына тап болған кездеріміз де жоқ емес. «Спорт – еріккеннің ермегі. Одан да бір мамандықты таңдап, диплом алғаның әлдеқайда тиім­ді», деп мектеп бітірер кезде жаттығуға жібермейді. Өкінішке қарай, спортта бәсекелестікпен бірге бақталастық та қатар жү­реді. Өсіп келе жатқан баланы көре алмай, аяқтан шалушылар көбейеді. Соның салдарынан дарынды жастар тез сынады. Соған қалай күйінбейсің? Біздің бала кезімізде ауылды жерлерде өзіміз қалаған спорт түрімен айналысуға мүмкіндік болмады. Кербұлақ ауданының Қоянкөз ауылындағы орта мектепте футбол, волейбол, баскетбол ойнаумен ғана шектелдік. Әскерден кейін Алматыға барып, Қазақ дене тәрбиесі инс­титутына оқуға түстім. 1981 жылы Қоянкөзге көшіп келдім де, күрес үйірмесін ашып, жаттықтырушы болып еңбек еттім. Содан кейінгі тіршілігім осы ауылда өрбіп келеді. 12 жыл аудан орталығындағы спорт мектебінің директоры қыз­метін атқардым. Сөйтіп, саналы ғұмырымды толықтай бапкерлік кәсіпке бағыштадым».

«Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» деген дана Абайдың айтқанын іс жү­зінде дә­лелдеп отырған Б.Қоқыс­бе­ковтің спортпен өрілген өмірі – әрбір қазақ баласына үлгі. Шағын ғана ауылда жү­ріп-ақ кейіп­керіміз жастар арасын­­дағы әлем чемпио­ны, ересек­тер арасындағы әлем чемпиона­тының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Берік Жет­пісбаев, құрлықтың үш дүр­кін чемпионы Мейіржан Қап­шағанов секілді майталман­дарды тәрбиеледі. Бүгінде екеуі де – елімізге еңбек сіңірген жат­тық­тырушылар.

Сарыөзекке ауысқаннан кейін де бір шоғыр талантты жас­тардың томағасын сыпырды. Солардың арасынан Ділдәш Құрыш­баеваны бөле-жара атап өтуге болады. 68, 72 кг салмақ дәрежесінде күрескен қазақтың қайсар қызы 2013–2022 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында 3 күміс, 3 қола медаль олжалады, Азияның 7 дүркін чемпионы атанды. Жазғы Азия ойындары мен жабық ғи­мараттағы Азия ойындарында алтыннан алқа тақты.

«Бақытты 1983 жылдан бері танимын, – дейді самбо мен қазақ күресінен спорт шебері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрбай Жармұхамедов. – Ол – өте еңбекқор бапкер. Бала­лар­ға қатал, бірақ әділ. Оның тәр­биелеген шәкірттері еліші­лік додаларда дараланып, халық­аралық аренада да ел намысын абыроймен қорғады. Осындай баталы істі Қоқысбеков ауылда жүріп-ақ тындырды. Қазіргі кезде балаларды спортта ұстап тұру өте қиын. Біздің кезімізде үкіметтің өзі талантты спортшыларды институтқа сырттай оқуға түсіретін. Сөйтіп, бес жыл бойы сынайтын. Мықтысы қалады, әлсіздері кетеді. Қазіргі кезде де осы салаға осындай бір үрдіс керек сияқты.

Бақыт Қоқысбековтің үзең­гілес әріптесі, досы да балуандық өнерде біраз белесті бағын­дырған. Н.Жармұхамедов қазақ самбошыларының арасынан алғашқы болып одақ көлемінде атой салды. 1976 жылы КСРО кубогі жарысында қола медальды мойнына ілді. Ел чемпионатында 8 мәрте топ жарды. 1975–1983 жылдар аралығында бозкілемде ешкімнен ұтылған емес.

«Мен Бақыт ағаның тұңғыш шәкірттерінің бірімін, – дейді Дәулет Айтбаев. – 1982 жылы, алғаш жаттығуды бастаған кезде ауылда спортпен айналысуға жағдай болмады. Ұстазымыздың  мамандығына шын берілгені соншалық, мал бордақылап, етін Алматыға апарып сатып, соның ақшасына балаларды жарысқа апаратын. Әлі есімде, таңғы сағат бесте әр баланы үйіне келіп оятатын. Бізге «көше жаққа қараған терезенің түбіне жатыңдар, маған сендерді оятуға оңай болады», дейтін. Таңертең сағат бесте ағайдың таяғы терезеге тық еткенде, орныңнан атып тұрып, соңынан еруің керек. Осын­дай жанкешті еңбектің арқасында көптеген шәкірті биік белестерді бағындырды. Сондай-ақ Сарыөзекте спорт ғимаратының салынуына да Бақыт Жәкетұлы көп күш салды.

Сарыөзек ауылының төрінде өткен дүбірлі додаға Жамбыл, Ал­маты, Семей, Жетісу облыс­та­ры, Алматы, Қонаев, Текелі, Тал­дықорған қалаларынан 310 ба­­­луан қатысты. Солар­дың ара­­сынан С.Бақыт, М.Қуа­ныш­бай, И.Батырбек, Н.Бағ­дат, А.Нұр­мұ­хамед, С.Бауыр­жан­ұлы, А.Қуат, А.Шоқанұлы, А.Бек­­тұр­сын, тағы басқа балғын б­а­луан­дар айшықты өнер­лерімен көз­ге түсіп, бас жүлдені олжалады.

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»,

Оралхан ДӘУІТ,

журналист