Үкімет • 03 Желтоқсан, 2024

Күн тәртібі бекітілді

77 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросында депутаттар Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.

Күн тәртібі бекітілді

Отырыс барысында бюро мүшелері 6 желтоқсан күні «Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өткізу туралы қаулы қабылдады.

М.Әшімбаев парламенттік тыңдауда талқыланатын мәсе­ленің өзектілігі мен маңызы­на назар аударып, БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдар­ламасы 2025 жылы 343 миллионға жуық адам аштықтан зардап шегеді деп болжап отырғанын тілге тиек етті.

«Халықты сапалы және қол­же­тімді азық-түлікпен қамта­масыз ету – кез келген мемлекет үшін стратегиялық мәселе. Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Дегенмен бұл бағыт­та өзекті проблемалар да бар. Тың­дау барысында сол түйткілдерге баса мән беріп, мазмұнды және нәтижелі талқылау ұйымдастыру қажет», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар бюро мүше­лері бекіткен күн тәртібіне сәйкес сенаторлар палата отырысында екі мәселені қарайды: «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы­ның Заңына өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы» заң; «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Бұл құжат­тың нормалары ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіруге арналған. Осылай­ша, заңда ақпаратқа қол жет­кізу құқығын заңсыз шектегені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуге және ақпараттың ашықтығы мен оны алдын ала тарату қағидаттарын бекітуге бағытталған нормалар қарастырылған. Мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қол жет­кізуіне қажетті жағдай жасауға да ерекше назар аударылып отыр.

Бұған қоса бюрода бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.