
Депутаттар Қазақстан Республикасы Су кодексінің жобасын және су ресурстарын қорғау мен пайдалану мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда қарайды.
Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес климаттың өзгеруі мен көршілес мемлекеттердің саясатын ескере отырып, су заңнамасын жетілдіру мақсатымен әзірленген. Қолданыстағы кодекс 2003 жылы қабылданып, негізінен суды пайдалануға бағытталған еді.
Кодекс жобасының негізгі ережелері еліміздің су әлеуетін сақтау және оны тиімді пайдалану үшін су ресурстарын қорғаудың басымдығын қамтамасыз етеді. Суды пайдалану лимиттерін анықтау тетігі қайта қаралды. Ол экологиялық ағынды суды анықтағаннан кейін қалған судың көлемі шегінде есептеледі. Сонымен қатар экономика салаларын қайта пайдаланатын, айналымды сумен жабдықтау бойынша жаңа норма, сондай-ақ балама су көздерін (қар суы, тасқын су, тазартылған сарқынды су) жинақтау және пайдалану саласында жаңашылдықтар енгізіліп жатыр.
Ілеспе заң жобасында 5 кодекс пен 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Бұған қоса депутаттар халықаралық келісімдерді ратификациялауға қатысты бірқатар заң жобасын қарап, жұмысқа алады.