Қоғам • 18 Қыркүйек, 2024

Жедел жәрдем кешігіп, әкемізден айырылып қалдық - депутат Данабек Исабеков

105 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Данабек Исабеков Қазақстанда жедел медициналық көмек көрсету ережесі мен қағидаларын қайта қарап, өзгеріс енгізу қажет екенін алға тартып, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жедел жәрдем кешігіп, әкемізден айырылып қалдық - депутат Данабек Исабеков

Фото: parlam.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласына тоқталып, отандық медицинаны жетілдіруде жекеменшік секторды тартуды тапсырған еді. Данабек Исабеков мұндай жүйелі жұмыстарды жедел жәрдем қызметінде де қолдану керек деп санайды. Депутат елімізде жедел медициналық көмек көрсету ережесін қайта қарау өте маңызды екенін айтты. 

«Ереженің 2-тарауының 11-тармағында дәрігерлік бригаданың диспетчерден пациентке дейін жету уақыты айқын белгіленген. Дегенмен, ірі қалалардан бастап, кенттер мен ауылдарға дейін нормамен белгіленбеген уақытта жедел жәрдем қызметі жетпейтінін жиі естиміз. Мұндай жағдай жақында біздің әулетімізге де болған. Нақтырақ айтқанда, 23 шілдеде әкем кенеттен өзін нашар сезініп, ауырып қалды. Жедел жәрдем қызметіне сағат 13:50-де шақырту берілді. Алайда жәдел жәрдем қызметкерлері 30 минутта әрең жетті. Бұл аралықта әкемнің жағдайы тым нашарлап қалған-ды. Шымкент қаласы «Жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы» ереже бойынша пациеттің жағдайы 2-ші жеделдік санатта болғандықтан 15 минутта жетуі тиіс еді. Бірақ жедел жәрдем кешігіп, әкемізден айырылып қалдық», деп күрсінді депутат.

Оның айтуынша, бұл бірінші жағдай емес. Жедел жәрдем өз уақытында келетін болса, көптеген науқасты ажалдан арашалап қалуға мүмкіндік туар еді. Бірақ ереженің осы нормалары көп жағдайда сақтала бермейді. Кейде жедел жәрдем қызметкерлерін 1 сағаттан астам уақыт бойы күтіп отыру керек.

«Мұны қалай жедел жәрдем деп атауға болады? Мәселен, АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия, Аустрия, Ирландияда жедел жәрдем қызметінің басты ерекшелігі – олар өте шұғыл (экстренный), шұғыл (неотложный) деп екіге бөлініп, науқастарға қызмет көрсетеді. Осы тәжірибені бізге де енгізу қажет деп білемін», деп қосты Данабек Исабеков.

Осыған орай депутат Денсаулық сақтау министрлігіне келесі шараларды қолға алуды ұсынды:

  1. Жедел жәрдемнің пациентке жететін уақытын қайта қарап, әлем елдерінің тәжірибесін зерттеу.
  2. Жедел жәрдем саласына жекеменшік секторды енгізіп, бәсекелістікті арттырып, сервистік қызмет саласын жетілдіру.
  3. Жедел жәрдем бригадаларының жұмыстарына тексеру жүргізу және көліктерінің жағдайын анықтау, мамандардың біліктілігін қатаң бақылауға алу.
Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38