Қоғам • 18 Қыркүйек, 2024

Мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға 461,5 млрд теңге жәрдемақы төленді

65 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері мүгедектігі  және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 408,1 млрд теңге жұмсалған. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 53,4 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға 461,5 млрд теңге жәрдемақы төленді

Фото: uralskweek.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектігіне байланысты МӘЖ алушылар саны шамамен 541,2 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайындағылар  185,7 мың адамды құраған.

Еске сала кетейік, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Ал, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты. Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады.

2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 97,5 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем, ал 64,7 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылуына орай әлеуметтік төлем алған.

Айта кетейік, төлемдердің мөлшері  соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыруға тікелей байланысты. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі  және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюы нәтижесінде 7% - ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімімен еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тен төленетін төлемдердің мөлшері де 7% - ға артты. Мысалы, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері І-топ үшін –  95 496 теңгені, ІІ-топ үшін – 76 397 теңгені, ІІІ-топ үшін 52 089 теңгені құрайды. 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 58 257 теңгені, асыраушысынан айырылғандарға – 61 939 теңгені құрайды», делінген ведомство хабарламасында.