Таным • 18 Қыркүйек, 2024

Дүниетаным

45 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сірә, адам дүниетанымынан танылады. Әрбір оқу мен тоқу, іс пен әрекет, көру мен түйсіну дүниетаным атты мұхитқа құяды. Сол мұхит жеке тұлғаның өн бойына әмір жүргізеді. Тағдырына әсер етеді.

Дүниетаным

Яғни дүниетаным деге­німіз – адам сана­сының қоғамдық өмірге, таби­ғатқа, өзіне көзқарасы және сенімі. Дүниетанымының қалып­тасуы ұзақ және күрделі үдеріс екені даусыз. Осы себепті де ол әрбір жан өмірін тұтастай қамтып, нәтижесінде, жеке көз­қарастар мен сенімге тікелей үкім жүргізеді. Пенде ақиқатты ұстанып, дұрыс әрекеттер жасап, ішкі тыныштықты сақтап жүрсе, қиянат жасамай, сүйіс­пеншілікті іс жүзінде көрсету арқылы кейінгіге жеткізсе – ізгілікті дүниетаным иесі сол. Бұл құндылықтар – адамның ұл­тына, нәсіліне, тұратын орнына байланысты емес, уақыт желімен өзгермейтін, жалпыадамзаттық құндылықтар дер едік.

«Бас жоғары жаралған, мойын төмен,

Қарашы дене біткен ретімен.

Істің басы ретін танымақтық,

Иман білмес тағатты қабыл демен».

Абай істің басы ретті тану еке­нін айтады. Бірінші – жүректің көзін ашып алу. Ғибадат-құлшы­лық содан соң дейді. Өйткені ішін тазалап болмай тек сыртқы сақал мен шашты түзегеннен еш­нәрсе өнбейді. Бүгінде қоғам­да бүлік шығарып, әртүрлі зор­лық-зомбылыққа себепші болып отыр­ғандар – сол ішін тазаламаған, дүниетанымы тар адамдар.

Махатма Гандидің: «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген сөзі бар. Әлбетте, тіл білу біздің дүниетанымымызға ашылған үлкен арна. Ағылшын тілін білу арқылы тұтас әлем көкжиегінің атмосферасын өз танымымызға енгізуге болады. Бірақ жүректегі сүзгінің беріктігін әуелі күзетіп алмасақ, танымымыз шұбарлануы ғажап емес. Өйткені адамгершілік қағидалар мен сенімдер бүкіл дүниетаным жүйесінің негізін құрайды. Ал мәдениет бұлақтары бұл негіздерге толағай үлесін тигізеді.

Үнді философы Инайят Хан дүниетанымды шектейтін бірден-бір фактор атаққұмарлық екенін баян етеді. «Атаққұмарлық үдеген сайын өзгеге деген мейірім кеми береді. Себебі бар ықыласы өзінің өзімшілдігін қанағаттандыруға арналады. Сондықтан өзгенің қайғысын сезінбейтін боп алады. Мұндай өзімшілдік адам дүниетанымын шектейді. Дүние­таным ғана емес, адамның санасын да байлап тастайды» дейді ол.

Қоғам – алып диірмен секілді. Бұл диірменнен жарқын дүниетаным жолын соңына дейін бәз қалпында сақтап өту үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Біз қар-мұзға жеңілмеген, сынақтан мүжілмеген сол бір нұрлы әлем сарбазын үлкен әріппен тұлға деп атаймыз.