Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2024

Елімізде мұнай және табиғи газдың орасан үлкен кен орындары ашылатындығы күмәнсіз - ардагер мұнайшы

359 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне - 125 жыл. Жуырда Премьер-Министр Олжас Бектенов мұнай-газ секторын дамытуға қосқан үлесі үшін еңбегімен ерекше көзге түскен мұнай-газ кешенінің 40 қызметкеріне Мемлекет басшысының атынан марапаттар табыс етті. Солардың қатарында IІI дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған ардагер мұнайшы Келтір Шаненов те бар. Қазақ мұнайының 125 жылдығы аясында Келтір ағамызды әңгімеге тартқан едік.

Елімізде мұнай және табиғи газдың орасан үлкен кен орындары ашылатындығы күмәнсіз - ардагер мұнайшы

- Келтір Мағұрыпұлы, марапат құтты болсын! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ өндіру көлемі тұрақты өсуі үшін геологиялық барлаудың аса маңызды екенін атап айтты. Өзіңіз де мұнай-газ саласындағы қызметіңізді қарапайым геолог болып бастаған жоқсыз ба?

- Тілеуіңізге бек рақмет! Еткен еңбектің еленгені, өз ісіне кәсіби шеберлік деңгейінде маманданған адамның мерейін өсіріп, алға қарай ұмтылдырады ғой. Күні кеше ғана Президенттің Қазақстан халқына 7-ші жолдауында еңбек адамдарын қолдау және ынталандыру мәселесіне аса мән беру жөнінде айтылып, келесі 2025 жылды «Жұмысшылар жылы» атауды ұсынды емес пе? Мен 1972 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін бітіріп, тау-кен инженер-геологы мамандығын, 1984 жылы Баку қаласындағы Әзербайжан мұнай және химия институтын бітіріп, өнеркәсіпті ұйымдастырушы мамандығын алдым. Еңбек жолымды «Атыраумұнайгазгеология» өндірістік геологиялық бірлестігінің Каспий маңы мен Оңтүстік Ембі терең және Биікжал өте терең бұрғылау мұнай барлау экспедицияларында 1972 жылдан техник-геолог, геолог, аға геолог, 1985 жылдан геология бөлімінің бастығы болып жалғастырдым. 1991-93 жылдары Құлсары қаласындағы, құрамында 958 қызметкері мен жұмысшылары бар Оңтүстік Ембі мұнай барлау терең бұрғылау экспедициясының бастығы болып тағайындалып, 1991-94 жылдары Жылыой аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайландым. Біз бастық болып тағайындалған кезде Оңтүстік Ембі мұнай барлау терең бұрғылау экспедициясының жұмыстары жүрмей, «Гурьевмұнайгазгеология» өндірістік бірлестігі бойынша өндірістік-техникалық көрсеткіштері ең артта қалған, экономикалық жағдайы өте төменгі күйге түскен, қаржылық жағдайы бірнеше миллион сомға зиян шеккен, шын мәнінде тұралап қалған кәсіпорын болып еді. Экономикалық тұрғыдан қарағанда кенеуі кетіп, қаржылық жағдайы артта қалған экспедицияны қалпына келтіру үшін осының қолынан келеді-ау деген барлық біліктілігі мен қабілеті жоғары мамандарды іріктеп сараптағанда Атыраудағы «Атыраунефтегазгеология» өндірістік геологиялық бірлестіктің бастықтарының таңдауына менің кандидатурам ілікті. Олардың бізге артқан үміттері мен сенімдері кейіннен шынымен де толықтай ақталды. 1992 жылы экспедиция барлық өндірістік көрсеткіштері бойынша «Мангышлакнефтегазразведка» КЭ-нан кейінгі 2-ші орынға көтерілді. 1993-95 жылдары ҚР Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 4 қыркүйектегі № 821 арнайы Қаулысымен, сол кезеңде 3659 жұмысшы және инженер-текникалық қызметкер жұмыс істейтін, 32 бұрғылау бригадасымен 21 алаңда мұнай және газ кеніштерін іздестіріп барлайтын «Ақбота» мемлекеттік холдинг компаниясының Президенті болып тағайындалдым. 1996 жылы жекешелендіру негізінде құрылған «Атыраумұнайгазгеология» АҚ тұңғыш президенті болдым. 1997 жылы «Каспий нефть» АҚ құрушылардың бірі ретінде, ұжымның алғашқы Президенті болып сайланып, ол жерде 2003 жылға дейін абыройлы қызмет атқардым. 2010-19 жылдары Айранкөл мұнай-газ кен орнынан мұнай және газ өндіретін «Каспий нефть» АҚ-да Бас директордың орынбасары болдым.

- Жер қойнауынан мұнай-газ кен орындарының шоғырларын барлаушы, бұрғылаушының және мұнай өндірушінің еңбегі қай кезде де жеңіл емес қой, жазда 40 градус аптап ыстықта, ал қыста 40 градустық аязда да мұнайшылар жұмыстарын тоқтатпайды. Бұл кәсіптің қиындығымен қатар, қандай қызығы бар?

- Мұнайгаз кен орындарының шоғырларын барлап, бұрғылау және мұнай өндіру өндірісі техника қауіпсіздігі бойынша, адам өміріне аса қауіпті 1-ші санаттағы жұмыстар қатарына жатады. Сондықтан бұл кәсіптерді меңгергендердің еңбегі тұтастай қиындықтардан тұрады десе де болады. Ал қызығы жаңа мұнайгаз кен орындарын іздестіріп-барлап жүріп, жаңа мұнайгаз шоғырларын анықтап тапқанда ғана орын алады. Бірақ кәсіби жауапкершілік еселеп арта түседі.

дд

- Кәнігі геолог әрі танымал мұнайшы ретінде қазақ мұнайының әлеуетін қалай бағалайсыз?

- Қазақстан аумағындағы жер қойнауында қазба байлықтардың шоғырлану әлеуеті жоғары деңгейде екені баршаға мәлім. Соның ішінде мұнайгаз қазба байлықтарының да әлеуеті өте жоғары орында деп нық сеніммен айтуға әбден болады. Алайда бір өкініштісі мемлекеттік бюджет есебінен кен орындарын іздестіру-барлау жұмыстары 1995 жылдан бастап күрт азайды әрі артынан мүлдем тоқтатылды. Барлау жұмыстарын инвестиция тарту жолдарымен жүргізу көзделді. Бірақ мұнайгаз кен орындарына лицензия мен контракт алған бүгінгі таңдағы көптеген үлкен, орташа және шағын жер қойнауын пайдаланушы компаниялар іздестіру және барлау саласына қомақты инвестиция салмай келеді. Бұл бағыттағы өрескел олқылықты Қазақстанның тиісті қадағалау және бақылау органдары толықтыра алмай, мүжәлсіз күйде, ешқандай нақты шаралар қолданбастан қозғалыссыз, сырттай бақылаушы ретінде отыр. Соның кесірінен тәуелсіздіктің 33 жылының ішінде жаңадан табылған кен орындарының саны бар болғаны 5-еу ғана.

Мезгілінде Атырау, Орал, Ақтөбе, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағында мұнайгаз кен орындарын іздестіру және барлау жұмыстарымен айналысқан бұрынғы «Казнефтегазразведка» өндірістік геологиялық бірлестігі (кейіннен 1982 жылдары «Атыраумұнайгазгеология», «Оралмұнайгазгеология», «Ақтөбемұнайгазгеология» және «ЮжКазнефтегазгеология» бірлестіктеріне бөлініп кетті) 1943-96 жылдар аралығында 3798767 метр тереңдікті бұрғылап, 270 тен астам алаңдарда барлау жүргізді. Іздестіріп-барлау нәтежиесінде табылған 82 мұнайгаз кенорындары, мұнайгаз өндіруші  НГДУ-лерге тапсырылды. Аталған кезеңде мұнайгаз кен қорының баланстық-геологиялық мөлшері - 3 400 000  мың тоннаны құрады, ал өндірілетін қордың мөлшері 1 500 000 мың тоннадан асып жығылды.

Мысал ретінде айтсақ, бұрғылау барысында, жер қойнауының тұзасты қабаттарындағы мұнай және газ көздерін барлау мақсатында Эмбинская алаңындағы № 1-П параметрлік ұңғымасы 6203 метр тереңдікке дейін бұрғыланып, 1992 жылдың шілде айында жүргізілген сынақ жұмыстарының қортындысы бойынша ұңғының 5840-5850 метр аралығындағы тұзасты қабатында, құрамында қоршаған ортаға залалды Н2S (күкіртті сутегі) газы жоқ, таза табиғи газ қорының бар екендігі анықталды. Мұны Эмбинская алаңында және онымен шектес жатқан өзге де бірнеше тұзасты алаңдарында мол мұнай қорының шоғыры бар екендігінің нақты хабаршысы болуға тұратын дерек көзі деуге болады.

Мәткен алаңындағы №16 ұңғыдан және Қарашұңғұл алаңындағы № П-2 ұңғысынан да тұзастының, құрамында қоршаған ортаға залалды Н2S (күкіртті сутегі) газы жоқ, таза мұнай мен газ қоры бар екендігі анықталды.

Осындай мұнай мен табиғи газ қорлары Құмшеті, Оңтүстік-Батыс Үлкентөбе, Аққұдық, Шөлқара, Үшмола, Ортатау-Сарыбұлақ, Биікжал тұзасты құрылымдарында бұрғыланған ұңғыларда бар екендігі белгілі болды.

Ұңғыларда атқарылған бұрғылау және барлау жұмыстарына, басынан бастап аяғына дейін, Биікжал аса терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясында 1975–77 жылдары және Оңтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясында 1977–85 жылдары участкелік РИТС–тің аға инженер-геологы болып қызмет атқарып жүріп, кейіннен 1986-93 жылдары көрсетілген ұңғылар мен барлау алаңдарында атқарылған барлық іздестіру, барлау және бұрғылау жұмыстарына тікелей араласып, көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағандықтан, толықтай куәлік ете аламыз.

Біздің сенімді түрде және батыл пайымдауымызда «Күндердің күнінде аталған тұз асты барлау алаңдары және осы сияқты басқа да болашағы жоғары барлау алаңдарында мұнай және табиғи газдың орасан үлкен кен орындары ашылатындығы күмәнсіз деп айта аламыз және оған болашақ ұрпақ куә болады. Біздің бұл тұжырымды пікіріміздің алдағы 10–20 жылдық замандарда ақиқаттай шындыққа айналарына ешқандай күмәніміз жоқ. Тек сол жерастының табиғи қазынасы – «қара алтын» байлығы өз халқымыздың несібесіне бұйырғай деп армандаймыз.

1994-96 жылдары, Қазақстан Үкіметінің тарапынан мұнай мен газ қоры бар екендігі белгілі болған жоғарыда айтқан тұзасты құрылымдарында геологиялық іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу үшін тиісті мөлшерде қаржы бөлінбеуіне байланысты іздестіру шаралары жеткілікті деңгейде атқарылмай қалды. Сөйтіп, 1993-94 жылдары бастап бұрғыланған жобалық тереңдігі 5200, 5500, 6200 метрлік іздестіру-барлау ұңғыларында тұзасты құрылымдарының мұнай-газ өнімі болуы әбден мүмкін деген қабаттары ашылмастан, ұңғылардағы бұрғылау жұмыстары жеткен тереңдіктерінде (3500-4600м) тоқтатылды. Кейіннен барлық ұңғылар жер қойнауын қорғау заңының талаптарына сай түгелдей жойылды.

«Атыраумұнайгазгеология-Бурение» ЖШС мердігер ретінде 2007-10 жылдары Бас директор К.М. Шәненовтың тікелей басқарып, жетекшілік жасауымен, Қазақстандық компаниялардың ішінде ең алғашқысы болып, мердігер компанияның сұранысы бойынша, Каспий теңізінің суы тайыз солтүстік-шығыс қайраңындағы «Комсомолшы шығанағы» (залив Комсомолец) аумағында орналасқан Солтүстік-Шығыс Қаратұран барлау құрылымында (теңіздің суының тереңдігі, желдің бағыты мен соғу жылдамдығына байланысты, өте айнымалы болып, орташа есеппен 0,75 - 3,75 метр өлшемдерін құрайтын аймақта) ПБУ «Лотос» атты арнаулы жүзу баржасының үстіне орналасқан МБК-125 бұрғылау қондырғысы арқалы, екі: R-1 және R-7 мұнай мен газ барлау ұңғыларын, сәйкесінше 1575 және 1835 метр тереңдіктерге ешбір мүлтіксіз, сапалы бұрғылап шықты. Құрылымның 1100-1270 метр тереңдіктегі орта юра қабатының геологиялық түзілімдерінде, мұнай және газды конденсаттың бұрқақты әдіспен өндіруге жататын шоғырларын тауып, олардың өндірістік-коммерциялық қоры бар екендігін анықтады. Ұңғылардан алынған мұнайдың, есептелген орташа тәуліктік өнімділігі (дебиті) 90 тоннадан астам өнімді құрады.

2009 жылы 16 ақпанда контрактілік Балықшы участкесіндегі Беріш алаңында 1250 метр тереңдікке бұрғыланған № 9 ұңғыдан мұнай мен газдың бұрқақты өнімі алынды. Мұнай көзінің өнімділігі тәулігіне шаққанда 120 тоннадан астам болды. Сөйтіп, Атырау қаласынан 15 км қашықтықта орналасқан жаңа мұнай кенорны тұңғыш рет ашылып, болашақта елдің экономикасын көтеруге жұмыс істеп, халықтың игілігіне асатын болады.

дд

- Демек, мұнайшылық та қазақ үшін малшылық, диханшылық секілді ата кәсіпке айнала ала ма?

Мұнайгаз кен орындарын өндіретін аймақтарда мұнайшылық 1899 жылдан бері қарай, 125 жылдың бойында, бірте-бірте қазақ үшін ата кәсіп болып кетті ғой. Отбасыларында мұнайшылықпен айналысқан 6-7 буын өкілдері бар әулеттер Қазақстан бойынша көптеп кездеседі. Атап айтқанда: Өтебаевтар, Балғымбаевтар, Өзбекқалиевтар, Тасқынбаевтар, Қуандықовтар, Хисметовтар, Аймағамбетовтар, Шнашевтар, Кемеловтар және басқа да көптеген әулеттер мысал бола алады. Мұнайгаз өндірісі бар жерде Мұнайшылық қазақ баласы үшін ата кәсіп болып қала бермек-ау, сірә. Тіпті біздің Шәненовтар әулеті мұнайгаз өндірісінің саласында 4-ші буынға жетті. Осы салада 10 шақты адам, әр саланың мамандары болып қызмет атқарады.

- Сұқбатыңызға рақмет!