Қоғам • 13 Қыркүйек, 2024

Көшеден тамақтануға көңіліңіз ауа ма?

195 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Үйдегі үйреншікті дастарқаннан бас тартып, көшеден тамақтануға көңіл ауып тұратындар бар. Бір сәт бала-шағасын ертіп, мейрамханалатып қайтуды кім қолай көрмесін. Десе де әркім өз қалта-қарымына қарай көсіледі. Жұрттың бәрі бірдей қымбат мейрамханаға бармаса да, түрлі қоғамдық тамақтану орнына жиі бас сұғу мегаполис тұрғындары үшін қалыпты үрдіске айналғанын байқаймыз.

Көшеден тамақтануға көңіліңіз ауа ма?

Статистикалық деректерге сү­йен­сек, ел тұрғындары биыл алғашқы тоқсанда жан басына шаққанда 18,8 мың тең­геге көшеден тамақтанған. Бұл былтырғы осы мер­зім­мен салыстырғанда 4,1 па­йызға көп. Салыстырмалы бол­жам тұтас ел азаматтарына қатыс­ты айтылғанымен, Астана, Алматы, Шымкент секілді алып ме­га­полистердің тұрғындары көшеден тамақтануға ең көп ақша жұмсайтыны анықталған. Айталық, астаналық отбасылар алғашқы тоқсанда қоғамдық тамақтану орындарына орта есеппен 37 мың теңге жұмсаған. Жетісу, Павлодар облыстарының тұрғындары да бұл мәселеде көш басында тұр. Керісінше, зерттеу барысында үйден тыс тамақтануға ең аз қаржы жұмсайтын Жамбыл облысының тұрғындары деседі. Әулиеаталықтар бір тоқсанда тамақтану орындарына жан басына шаққанда 2,5 мың теңге жұмсаған дейді статистика.

2,5 миллион халқы бар Алматы қаласының тұрғыны ретінде үйден тыс тамақтану кейінгі жылдарда қарқынды белең алғанын байқаймыз. Аптаның демалыс күндері дәмханалар мен кафелерден орын табу оңай емес. Қатар-қатар орналасқан қай дәмханаға кірсеңіз де құжырлаған жұрт. Ойын-сауық орталықтарындағы тамақтану желілерінде тағы да сол касса алдындағы ұзын-сонар кезекке көз үйренген. Бұл бұқараның әлеуметтік жағ­дайының жақсарғанын көр­сете ме, әлде жұрттың үпір-шүпір бала-шағасын ертіп, үйден тыс та­мақтануды әдетке айнал­ды­руы­ның басқа да себебі бар ма? Осы сауалды психолог Дина Хасеноваға қойдық.

«Әрине, әр адамның өмір сүру сапасын жақсартып, жақсы өмір сүруге талпынуы қуантады. Мәселен, табысы жоғары Еуропа елдерінде күнделікті ас-ауқатты мейрамханадан ішу – қалыпты жағдай. Бұл бір жағынан адамға ерекше эстетикалық әсер сыйласа, екінші жағынан көше мен үйде тамақтану құнының арасында пәлендей алшақтық жоқтығынан туындаған. Дегенмен бізде олай емес. Қай деңгейдегі тамақтану орындарын алып қарасаңыз да, үйдегіге қарағанда қалтаға жап-жақсы салмақ салады. Сапа­лы тамақтануды әркім өзінің әлеуметтік жағдайына қарай бе­йімдейді. Бұл мәселенің әлеу­­меттік астары да бар. «Ке­дей­дің бір тойғаны – шала байығаны» дегендей, соңғы қаржысын тамақтану орындарына сарқа жұмсайтындар да кездеседі. Қаржысы бол­ма­ғандар түрлі банктің мобильді қосымшалары арқы­лы тамақты қарызға алады. Маркетингтік қадамдарды жетік меңгерген тамақтану желілері тұтынушының бұл сұранысын да жолға қойған. Ал жеген тағамның сапасына мән беру – әркімнің жеке талғам-таразысындағы іс. Адам психологиясында жайлы орында отырып тамақтану, жақсы киім-кию көңілге қуаныш сыйлайды. Бұл – табиғи құбылыс. Түрлі әлеуметтік желінің өмірімізге дендеп енуі бұл үдерісті тіптен күшейтті. Желінің жұлдызына айналған кейбір блогерлер ішкен-жегенін жүз мыңдаған аудиториясына жария­лайды. Бұл басқа адамдардың көңіл күйіне әсер етеді. Мәселен, мұны көрген үй шаруасындағы әйел үйдегі күйеуіне қолқа салады. Жарнаманы айтпағанда желі мәдениетін меңгеруге де адамның ішкі мәдениеті жоғары болғаны дұрыс қой. Сіздің жақсы өміріңіз, басқа ортаның әлеуметтік көңіл күйіне әсер етпегені абзал. Мұндағы айтпағым, үйден тыс тамақтануға шамадан тыс қаржы жұмсап, басқа қажеттіліктерді өтеуге титықтап қалатын отбасылар бар. Бұл – көпшілігімізге таныс жағдай. Жұмыс тәжірибемде алдыма келген кейбір азаматтар осындай негізсіз себептермен отбасылық кикілжіңдердің орын алатынын айтып жатады. Бұл да – өткір мәселе. Екінші жағынан, нені болса соны жеу, жылдам даярланатын фастфуд өнімдерінің денсаулыққа зиян екенін білсе де, көпшілік ескере бермейді. Олардың құрамындағы дәмдеуіштер белгілі бір дәрежеде адамды өзіне тәуелді етуі мүмкін», деді Дина Болатқызы.

Әр адамның ай сайын қанша ақшаға тамақ ішкенінің орташа сомасын шығару үшін бүкіл сауда жүйесінің, базарлардың, өңірлердегі мыңдаған асхана мен тойханалардың белгілі бір аралықта сатқан өнімдерінің есебі ескеріледі. Саудадан түскен қаржыны жан басына бөлгенде шығынның орташа болжамы анықтала кетеді. Статистиканы сөйлетсек, қоғамдық тамақтану бағасы да сұранысқа сай еселеп өсіп жатқанын аңғарамыз. Мәселен, жыл басынан бері қоғамдық тамақтану қызметінің құны елімізде 9,4 пайызға артыпты. Оның ішінде жылдам даяр­ланатын тағамдардың бағасы 12,3%-ға, асханалардағы тамақ құны 9,3%-ға, кафе-мейрамханаларда түстену 8,8%-ға өскен. Баға өсімі, әсіресе Қарағанды (15,1%), Қостанай (14,4%) Батыс Қазақстан (12,9%) облыстарында байқалған.

Nambeo статистикалық алаңы­ның зерттеуінше, Қазақстандағы арзан мейрамханада бір адамға түстену құны шамамен 8-9 долларды құрайды. Ал мейрамханаларда тамақтану құны бо­йынша еліміз зерттеу жүргізілген 96 елдің арасында 46-орында тұр. Ұйымның зерттеуіне зер салсақ, АҚШ-та екі адамның орташа түстену құны 31,7 доллар тұрады. Тамақтану бағасы ең қымбат елдердің көш басында Швейцарияны атауға болады. Ол елде орта деңгейлі мейрамханадан екі адамның түстену құны 124 долларды құрайды. Ал бізге көршілес елдердің ішінде үйден тыс тамақтану бағасы ең арзан ел – Өзбекстан. Онда ортаңғол мейрамханадан бір адам 4,5 долларға еркін тамақтана алады.

Басты байлық – денсаулық десек, ұрпақ саулығының бастау-бұлағында дұрыс тамақтану мәсе­лесінің тұрғаны анық. Мұны білсек те, күнделікті өмірде атал­ған жайға аса мән бере бер­мейтініміз бар. Елімізде қазір жылдам даярланатын өнімдерге сұраныс едәуір артқан. Отандық телеарналардың бірінде кел­тірілген мәліметке сүйенсек, отандастарымыз жылына тек фастфуд тағамдарына 260 млн доллар қаражат жұмсайтын көрінеді. Кейінгі бес жылда елімізде фастфуд тағамдарын сату көлемі 47 пайызға, фастфуд мейрамханалары 47 пайызға, ал онда жұмыс істейтіндердің саны 30 пайызға өскен. Дәрігерлер мұндай өнімдерді үздіксіз тұтыну семіздік, атеросклероз, гипертония, гастрит, холесцистит, инфаркт, қатерлі ісік сияқты ауруларды өршітетінін айтып дабыл қаққалы қашан.

Сапалы тамақтану – өмірімізге тікелей әсер ететін фактор. Үй және көше жағдайында тамақтану тақырыбынан туындаған ойдың бір ұшы денсаулық мәселесіне ауып кетіп жатқаны сондықтан. Дәрігер Ақерке Бөкенбаева қазір теңгерімсіз тамақтану мәселесі кішкентай пациенттердің қата­рын қалыңдатқанын айтады.

«Рационда көкөністер, жеміс­тер мен сүт өнімдерінің азайып кетуі, ұннан жасалған тағамдарды жеңіл тағам түрінде шамадан тыс тұтыну іш қату, гастрит, асқазан жарасы секілді аурулардың балалар арасында белең алуына әкеліп жатыр. Мектеп, спорт, қосымша сабақтар арасында балалар көбіне көшеден тамақтанады. Бәліштер, хот-дог, гамбургерлер жеп, артынан газдалған сусын ішеді. Мұндай тағамдарда дәрумендер аз, есесіне канцерогендер, май, қант көп. Бала кезінде адам ағзасы жылдам дамиды, тәбеті де жақсы болады. Ата-аналар қауымы құрғақ тағамдарды мөлшерден тыс пайдалану бала денсаулығына аса зиянды екеніне барынша мән беруге тиіс. Өмір сүру ырғағы өзгерді десек те, дұрыс тамақтану бізге ауадай қажет. Үйден тыс тамақтанғанның өзінде сұйық, нәрлі тағамдарға таңдау жасағанымыз дұрыс», деді дәрігер.

Қазір үлкен қалалар мен аудан орталықтарында үйде отырып тамаққа тапсырыс беру кең сұранысқа ие. Жылдам әзір­ленетін тіскебасардан бастап, үй тағамдарына дейін жарнамада самсап тұр. Қаржыңыз болса, жылдам жеткізу қызметі әп-сәтте сұрағаныңызды алдыңызға әкелу­ге әзір. Бұл үдеріс Алматы қала­сында кейінгі екі-үш жылдың көлемінде екі есеге дейін ұлғайған. Әсіресе карантин кезінде жеткізу қызметінің айдарынан жел есті. Маркетолог Еркебұлан Жамали Алматыдағы тамақ тасымалдау саласында 1 500-ден аса адам жұмыс істейтінін айтады. Көшеде мопед мінген жастардың дені – солар. Жалпы, мегаполистің тамақ саласында 20 мыңнан аса азамат еңбек етеді. Көбіне-көп мықты аспаздар сұранысқа ие.

Е.Жамалидың айтуынша, тұтынушы ең алдымен қоғамдық тамақтану орындарының асты қалай дәмді әзірлейтініне мән береді. Тамақ дәміне тәнті болған адамға жолдың алыс­тығы, тіпті бағадағы аз-кем ал­шақтық та кедергі емес. Марке­толог Алматы, Астана, Шымкент, Тараз қалаларында тамақтану саласындағы қызмет көрсету сапасы басқа өңірлермен салыс­тыр­ғанда жоғары екенін атап өтті.

«Технологияның өрістеуі адам баласының талай жүгін жеңілдетті. Қызмет көрсету сапасы жақсарған сайын сұраныс та арта береді. Әсіресе тамақ саласы күннен-күнге тоқтаусыз дами береді. Жолын тапқан адам­ға тоқырамайтын кәсіп – осы. Инфляция артқан са­йын азық-түлік те қымбаттайды. Бара-бара қалалық жерлердегі халық­тың басым бөлігі қоғамдық та­мақ­тану орындарына көптеп жүгіне береді. Тиісінше, мұндай орындарға сирек келетіндер де баршылық. Меніңше, халықтың үйден тыс тамақтануға бет бұра бастауы – уақыт сұранысынан туындаған жағдай. Өз кезегінде бұл әлеуметтік ресурстардың кеңейгенін де көрсетеді. Ең бас­тысы, бұл әркімнің өз таңдауы», дейді маман.

Жыл сайын азық-түлік баға­сын негізсіз өсіргендерге қомақты айыппұл салынғанымен, оларды үнемі бақылауда ұстау оңай шаруа болмай тұр. Биылдың өзінде бағаны аспандатқан 2 527 сауда нүктесі анықталған. Арнайы жүргізілген сауалдамада Алматы қаласының тұрғындары табысының жартысынан көбін тамақтануға жұмсайтынын айтыпты. Біз сұрақ қойған 15 адамның 8-і аптасына кемі екі-үш мәрте көшеден тамақтануды қолай көретінін жеткізді.

 

АЛМАТЫ