Пікір • 07 Қыркүйек, 2024

Тапшылықты еңсерудің басты амалы

85 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы атом электр стансасын салуға қатысты пікірі бәрімізді бейжай қалдырған жоқ. Осы мәселе туралы қоғамда алуан түрлі ой бар, дегенмен халықтың дені жағдайды жақсы біліп, бейбіт атомды ел игілігіне пайдалануға қарсы емес. Мұны қоғамның бел ортасында жүрген соң айтып отырмыз.

Тапшылықты еңсерудің басты амалы

Көп ұзамай елде энергия тапшылығы орын алатыны баршаға мәлім. Өйткені біздегі электр энергиясының 70%-ы көмір стансаларында өндіріледі. Олардың тозу деңгейі өте жоғары. Стансалардың кейбірі алдағы 10 жыл ішінде пайдаланудан шығарылуы ықтимал. Жоспарға сәйкес, алдағы онжылдықта 26 мың МВт қуаттылығы бар стансалар іске қосылады. Әрине, оның ішінде қолданыстағы стансаларды жаңарту жұмыстары да бар. Жаңа стансаларды салу да көзделген. Бұл туралы жауапты орган қызметкерлері неше қайтара айтты. Десек те, АЭС-тің орны бөлек. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы айтты. Ел экономикасы күн өткен сайын мол энергия­ны қажет етіп жатқанын айта келіп, мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алатынын ұқтырды.

«Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабыл­дау қажеттігін ұдайы айтып келемін», деген Мем­лекет басшысы алдағы референдумда ха­лықты байыпты шешім қабылдауға шақырды.

Бұл бірер жылдың емес, халықтың алдағы жүздеген жылдық жағдайын бағамдап айтқан ұсыныс-пікірді біз, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» бір ауыздан қолдаймыз. Өйткені елдің 20 өңірі мен басты қалаларында АЭС-ке қатысты өткерген іс-шараларда халықтың ба­йыпты таңдау жасай алатынына көзіміз жетті.

 

Бану Нұрғазиева,

«Қазақстан Азаматтық альянсының» президенті