Пікір • 07 Қыркүйек, 2024

Қағаздағы жобаға қашанғы телміреміз?

288 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Жолдауда мұнай және газ саласындағы бірқатар түйткілді мәселені көтерді. «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды деп мәлімдеді. Жобаның жедел бітуінің себебі – Өзбекстанның газға деген мұқтаждығы. 2022 жылға дейін газды экспорттап келген ел 2022 жылдан бастап Ресейден импорттай бастады. Сол үшін Өзбекстаннан Ресейге газ жөнелтетін құбырға реверс жасап, газ Ресейден Өзбекстанға келетіндей етіп істелді.

Бұл жерде айта кететін жайт, еліміз де 2022 жылдан бастап Ресейден электр энергиясын сатып алып жатыр, оның көлемі ұдайы артып келеді. Газ қажеттілігінің де бір бөлігін ресейлік көгілдір отын есебінен қамтамасыз етіп жатырмыз. Түрікменстаннан да сатып алып отырмыз. Егер ішкі газ өндірісімізді дамытпасақ, біз де Өзбекстан секілді жағдайға душар боламыз.

Президенттің газ тасымалдау бағытын әртараптандыру туралы бастамасы өте орынды. «Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бастады. Сондай-ақ жылына жалпы көлемі 1 млрд текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр», деді Мемлекет басшысы. Мұның бәрі әлі жоспар күйінде тұр. Толық іске қосылған жоқ. Бізде батыс және оңтүстік өңірлер газбен толық қамтамасыз етілген. Орталық, солтүстік және шығыс облыстар газға қол жеткізе алмай отыр. Бұл өңірлерге жылуды бастапқыда «Сарыарқа» газ құбырымен жеткіземіз деген. Құбыр тартылғанмен, келетін газ көлемі жеткіліксіз. Енді қазір балама амал ретінде Ресейден газ әкелсек деп отыр билік. Ресейдің негізгі жоспары – өз газын Қазақстан арқылы немесе Моңғолия арқылы Қытай нарығына жеткізу. Бірақ Моңғолия бұл жобадан бас тартты. Сонда Ресейде бір ғана мүмкіндігі қалады, ол – солтүстік және шығыс облыстардың үстімен құбыр тартып, Қытайға газ тасымалдау. Олай істесе транзиттік тасымал есебінде Қазақстанға газ қалдырып кету мүмкіндігі туындайды. Ал Ресей үшін еліміздің солтүстік, шығыс және оңтүстік өңірлеріне арнайы­лап құбыр тарту өте тиімсіз. Ондай жоба тым қымбатқа түседі. Сәйкесінше, отандық тұтынушылар да қымбат бағаға сатып алатын болады.

2021 жылы Жаңаөзен газ зауыты «2023 жылға дейін ашылуы керек» деген әңгіме айтылған-ды. Кейін мерзімі 2025 жылға шегерілді. Жақында Қанат Бозымбаев «2027 жылға дейін ұзартылды» деп мәлімдеді. Жұмысын 2021 жылы бастайды делінген Қашағандағы газ зауытын Қаңтар оқиғасынан кейін «QazaqGaz» өз қолына алды. Олар 2024-те, одан 2025-те бастаймыз деді. Қазіргі мерзімі әлі белгісіз. Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының да жыры ұзақ. Бұл негізі 1999 жылдан бері айтылып келе жатқан жыр. Бастайды деп айтылғалы біраз болды.

Біздің жобаларға инвесторлардың қызықпауының басты себебі – тарифтердің төмендігі. Газ да арзан, жанармай да арзан, жарық та арзан. Кім өзі ақша салған жобаның арзанға сатылғанын қалайды? Инвесторға да табыс керек. 30 жыл бойы тарифтерді мәжбүрлі түрде төмен ұстап келдік. Тарифтерді неге төмен ұстайды? Қаңтар оқиғасы сияқты оқиға болып кетпесін деп алаңдайды. Ал тарифті көтеруге ең бірінші кезекте халықтың жағдайы жақсаруы керек. Жалақының 50 пайызын азық-түлікке жұмсайтын халық әрине, тарифке көп ақша бөле алмайды. Ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледі. Бұл саладағы Үкіметтің де жауапкершілігі оңай емес. Халық­ты бизнеске жұмылдыру, кәсіппен айна­лысуына тиімді жағдай жасау, сөйтіп әл-ау­қатын арттыру маңызды болып отыр. Халық­тың неғұрлым қалтасы қалың болған сайын, соғұрлым қымбат тарифті төлей алмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда жылу электр орталықтарын көмірден газға көшіруіміз керек деді. Жеткілікті газ отыны қоры болмаса, ол бастама да жарты жолда қалып кетуі ықтимал.

«ҚазМұнайГаз» болсын, «QazaqGaz» болсын шетелдік инвесторларды тартып,  меморандумға қол қойып жатырмыз дейді. Іске келген кезде ештеңе көрінбейді. Кен орнын мойнына алып, ашып жатқан, өндірісті бастап жатқан инвестор бар ма? Көрмей отырмыз. Сондықтан бізге нақты әрекетке көшетін кез келді, ол әрекет шеңберлі реакциямен жүзеге асуға тиіс.