
Келелі кеңестің маңызы жоғары
БҰҰ мәліметіне сүйенсек, еліміз Азия – Тынық мұхиты аймағында цифрлық үкімет шешімдері бойынша көш бастап тұр. Сол себепті де аталған конференция биыл Қазақстанда өтіп отыр. Азия және Тынық мұхиты өңріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (АТМЭӘК) – инклюзивті үкіметаралық платформа. Аталған жиынды елімізде өткізу ұсынысы 79-сессияда барлық мүше мемлекеттің бірауыздан қолдауына ие болды. Былтырғы мамырда қабылданған «Азия – Тынық мұхиты ақпараттық супермагистралінің 2022–2026 жылдарға арналған бастамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары арқылы цифрлық ынтымақтастық пен интеграцияға жәрдемдесу» АТМЭӘК-нің 79/10 қарарында Комиссия цифрлық өзара іс-қимыл және қайта құру жөніндегі министрлік конференциясын шақыруға қаулы шығарды. Биылғы сәуірде АТМЭӘК «Азия – Тынық мұхиты аймағында тұрақты даму үшін цифрлық инновацияларды пайдалану» 80/1 қарарын қабылдады.
Бұл маңызды жиын Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай 500 миллиард теңге инвестиция тарту әрі 2026 жылы IT-өнімдер экспортын 1 миллиард долларға жеткізу тапсырмасын қолдайды. Конференцияның алғашқы екі күнінде пленарлық талқылаулар, қосымша іс-шаралар және министрлер арасындағы екіжақты кездесулер өтіп, меморандумдар мен келісімдерге қол қойылады. «Kazakhstan Tech Solution Day» шеңберінде IT-компаниялар, стартаптар мен еліміздің «SmartBridge» (қызмет көрсету көрмесі), «Smart Data Ukimet» (ақылды деректер үкіметі), «eOtinish» сияқты озық цифрлық әзірлемелер таныстырылмақ. Сондай-ақ үш күнге созылатын конференция аясында Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық орталық – «Astana Hub» халықаралық технопаркінің мүмкіндіктері көрсетіледі. Конференцияға қатысушылар «Alaqan technologies», «ДАМУ» ақпараттық технологиялар орталығы ЖШС, «Freedom Holding Corp», «Kaspi.kz», «Smartestprep Ltd» жастарды жеке кәсіптік бағдарлау, қаржылық, көлік, әлеуметтік қызметтер, сауда, білім, денсаулық сақтау және басқа салалардағы цифрлық өнімдермен танысты. Одан бөлек, қонақтарға таныстырылғандардың арасында халықты атаулы және белсенді мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған «Әлеуметтік әмиян» жобасы бар.
АТМЭӘК ашылу салтанатында Премьер-министр Олжас Бектенов және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ АТМЭӘК атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана сөз сөйледі. Сонымен қатар іс-шараға Корея Республикасының Ғылым, Ақпарат және коммуникациялық технологиялар министрлігінің АКТ саясаты жөніндегі вице-министрі Сонг Сан Хун, Арменияның Өнеркәсіп және жоғары технологиялар бірінші вице-министрі Геворг Манташьян, Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігінің бас экономисі Дун Шэнь Гао, Иранның Байланыс және ақпараттық технологиялар вице-министрі Реза Багери, АҚШ Мемлекеттік департаментінің Халықаралық коммуникациялар және ақпараттық саясат жөніндегі үйлестірушісі, Киберкеңістік және цифрлық саясат бюросының өкілі, Вашингтон қаласындағы (Колумбия округі) АҚШ елшісі Стефан Ланг қатысты.
Азия Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссия 80 жылға жуық уақыт бойы осы аймақтағы 4 миллиардтан астам адамның өміріне айтарлықтай әсер етіп отыр. Қазақстан 30 жылдан астам уақыт бойы Азия Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссияға толыққанды мүше болып келеді. Сонымен қатар әлемдегі үздік тәжірибе негізінде серпінді дамуды жалғастырып жатыр. Комиссия экономикалық өркендеуге, әлеуметтік әл-ауқатқа және экологиялық тұрақтылыққа жетуде шешуші рөл атқармақ. Осы жылдар ішінде қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды басқару, инвестициялық байланыс, сауда, энергетика және көлік сияқты маңызды бағыттарда қарым-қатынасты дамытуға күш салдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологиялар экономикалық өсуді қамтамасыз ете отырып, миллиондаған адамға бизнес, білім және денсаулық сақтау саласында жаңа көкжиектерді ашуға мүмкіндік беріп отырғанын атап көрсеткен еді.
– БҰҰ-ның біздің аймақтағы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін «ешкім артта қалмауға тиіс» қағидатын атап өту маңызды. Цифрлы инклюзия – маңызды элемент, онсыз мақсатқа жету мүмкін емес. Ынтымақтастық, білім алмасу, ең жақсы тәжірибелер арқылы ғана барлығына бірдей тұрақты әрі жарқын болашақты қамтамасыз ете аламыз. Біз өз тәжірибеміз бен білімімізді бөлісуге дайынбыз. Сондықтан әріптестерімді Азия – Тынық мұхиты аймағында тұрақты дамуы үшін Цифрлық шешімдер орталығының Қазақстанда ашылуына қолдау көрсетуге шақырамын. Орталықты құру тиімді өңірлік ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды катализатор болады және елдер арасындағы цифрлық алшақтықты айтарлықтай қысқартуға әкеледі, – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, еліміз қазір әлемдегі цифрлық даму жағынан ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіреді әрі онлайн қызметтер бойынша 8-орында. Барлық мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы мобильді құрылғылардан халыққа қолжетімді. Келесі жыл соңына дейін республикалық маңызы бар барлық қала мен облыс орталығы 5G желісімен қамтылады. Жақында Қарағанды қаласында азаматтарға ыңғайлы қызмет көрсету орталығы ашылды, ол бір ғимаратта түрлі ұйымның барлық қызмет кешенін ұсынады. Мұндай орталықтар еліміздің ірі қалаларында да таратылмақ.
– Жалпы, 2029 жылдың соңына дейін халық пен бизнестің цифрлық ресурстарға тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін толыққанды экожүйе құруды жоспарлап отырмыз. Өзіміздің электронды ресурстарымызды құру үшін жасанды интеллект саласындағы өнімдерді әзірлейміз. Жуырда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында келесі жылы Астанада Ұлттық жасанды интеллект орталығы құрылатынын атап өтті. Біз осы салада барлық елмен, соның ішінде Азия – Тынық мұхиты аймағы мемлекеттерімен ынтымақтаса дамуды қолдаймыз. Бұл орталық тиімді шешімдерді таңдаудың негізгі алаңына айналады. Қазақстан Цифрлық Жібек жолын дамыту шеңберінде көршілермен бірге Парсы шығанағы елдеріне шыға отырып, Каспий теңізінің түбі бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілерін төсеу, сондай-ақ Батыс – Шығыс жобасы бойынша транзиттік әлеуетті одан әрі кеңейту жөніндегі жобаны іске асырып жатыр. Бұл жаңа технологияларды дамыту, ірі «Big Tech» компанияларын тарту үшін деректерді жинау, сақтау және өңдеудің заманауи инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Отандық IT-шешімдерді әлемдік нарыққа шығару – маңызды міндетіміз. Оны іске асыруда «Astana Hub» халықаралық технопаркі шешуші рөл атқарады, – деді Премьер-министр.
БҰҰ Бас хатшысының және АТМЭӘК атқарушы хатшысының орынбасары Армида Салсия Алишахбана Премьер-министр Олжас Бектеновке 2024 жылға арналған Азия – Тынық мұхиты аймағындағы цифрлық трансформация туралы есепті ұсынды. Бұл цифрлық технология климаттың өзгеру траекториясына қалай әсер ететінін қарастырады. Баяндамада инфрақұрылым, басқару, ұтқырлық, өнеркәсіп және сауда, апат қаупін азайту, ауыл шаруашылығы және биоәртүрлілік экожүйелері сияқты салалардағы цифрлық шешімдердің әлеуетін көрсететін жиырма жеті мысал бар.
– Цифрландыру қалыпты жағдайға айналды. Ол біздің экономикамызды өзгертеді, құндылық құрудың жаңа мүмкіндігін ашады және орнықты дамудың негізгі міндетін шешуге көмектеседі. Алайда, цифрлы трансформация бұрын-соңды болмаған күрделі және белгісіз экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тәуекелдермен де байланысты, – деді Армида Салсия.
Ерекше жандарды ескеретін уақыт
Соның бірі – цифрлық инклюзия. Бұл бағыт әлеуметтік және экономикалық өмірде аса маңызды. Оған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, оны дамыту жолындағы қажетті іс-шаралар жатады. Соның ішінде білім, әлеуметтік қызметтер, денсаулық сақтау, әлеуметтік және қоғамдастықтардың орны ерекше. Оның айрықша үлгісін инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығының президенті, Парламент Сенатында инклюзия бойынша сарапшы Әсем Тәжиева көрсетті. Конференция барысында «Ozim Platform» стартабы көптің көңілінен шықты. «Ozim Platform» – ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытуға бағытталған, ата-аналар мен сарапшыларға арналған мобильді қосымша. Қосымшаның негізгі мақсаты – пайдаланушыларды ғылыми негізделген әдістемелер туралы хабардар ету және сенімді сарапшыларды ата-аналармен байланыстыру. Стартап командасында Кембридж, Макгилл, Марокко университеті мен Назарбаев университетінің ғалымдары бар.
Үлкен зерттеудің негізінде жасалған платформа білім мен психологиялық ресурстарды қамтамасыз етеді. Ол 2021 жылы «techpreneurs» бағдарламасы аясында «Astana Hub»-та іске қосылды.
– Маған ерекше ана болу үшін жаңа білім қажет болды. «Ozim» платформасы мобильді қосымшасын құру идеясы 2020 жылы пандемия кезінде ойыма келді. Онда барлық оңалту қызметі мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолжетімді болмады. Ата-аналар балаларымен реабилитологтер мен басқа мамандардың басшылығымен өз бетінше жұмыс істеуге мәжбүр болды. Алайда пандемия әр отбасында компьютер немесе ноутбук жоқ екенін, бірақ барлығында смартфон бар екенін көрсетті. Осыны ескере отырып, маған смартфон қосымшасын құру идеясы келді. Бұл бастама еліміздің шалғай өңірлеріндегі ата-аналарға өте қолайлы болып көрінді, – дейді стартаптың негізін қалаған деді Ә.Тәжиева.
Платформа ата-аналарды онлайн режімде оқытып, ақпараттандырады. Тек теориялық материалдар ғана емес, сонымен қатар қазақ және орыс тілдеріндегі практикалық сабақтар да бар. Мысалы, «Ozim Platform» жобалық тобы ата-аналардың ақпараттық қажеттілігі туралы зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде ата-аналарға диагноздар туралы маңызды мәліметтер, бейінді мамандардың мақалалары, үй жағдайында баланы оңалту туралы сабақтар және психологтер мен заңгерлердің кеңесі қажет екенін анықталған. Солай «Android» және «IOS» негізінде іске қосылатын ерекше мобильді қосымша халыққа ұсынылған. «Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау керек. Біртүрлі естілсе де, ғылыми әлем мен жеке ана тәжірибесі арқылы стартап жасадым. Баламның жағдайын көріп, қатты алаңдадым. Пандемия кезінде тіпті қиын болды. Ерте араласуды қажет ететін баланың анасы ретінде пандемия кезінде оңалту мүмкін еместігін ұқтым. Сосын ерекше қажеттілігі бар балалардың аналарына керек ақпараттарға үңілдім. Содан кейін осы қиындыққа тап болған отбасыларға қолжетімді әлеуметтік жобаны мобильді қосымша түрінде жасаймын деп шештім», дейді цифрлық инклюзияны дамытуға үлес қосып жүрген Әсем Тәжиева.
Бір ескерер жайт, қосымша алғаш іске қосылғанда диджитал-инклюзия бойынша сарапшы Зият Әбдіқайымов зағип және нашар көретін адамдар үшін қосымшаның қолжетімділігіне аудит жүргізген еді. Даму кезеңінде команда технологияның мүмкіндігін тексеріп, ерекше жандарды шектейтін техникалық кемшіліктерді түзеткен. Зияттың айтуынша, «Ozim Platform» командасы оған қосымшаны жоспарлау кезеңінде қолжетімділік мәселесімен жүгінген. Ерекше жандарға ешбір кедергі болмай, қолжетімді болуы – басты мәселе. Бұл қаржыға қатысты ғана дүние емес, ұйым мен компанияның құндылықтарына қатысты дейді сарапшы. Оның ойынша, архитектурада ғана емес, цифрлық әлемде де ерекше жандарды ескеретін уақыт келді.
«Ozim» әзірлеу тобы ата-аналарға мәтіндік және бейнежазба форматында маңызды ақпарат бере отырып, платформа мазмұнын жасауға сарапшыларды, соның ішінде тәжірибешілер мен мұғалімдерді шақырды. Қолданбада қажетті ақпаратты іздеуді қарапайым және тиімді етуге тоғыз логикалық және тақырыптық құрылымдалған бөлім бар. Сондай-ақ мұнда әртүрлі оңалту ұйымының бірыңғай дерекқоры бар. Осының бәрі балалардың дамуын бақылауға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар балаларының деректерін өз есептік жазбаларына енгізіп, үдерісті бақылау үшін мезгіл-мезгіл тест жүргізе алады.
– Қазір «Ozim Platform»-ның нағыз дамитын кезі. Біз мүмкіндігінше Орталық Азиядағы көптеген отбасын қамтуды және ата-аналарға бала дамуының кешігуін ерте анықтауға көмектесуді жоспарлап отырмыз. Ерте даму және араласу әрбір жеке тұлғаның өсуі мен дамуы үшін оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ете отырып, тұрақты және саламатты қоғамды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады, – деп ойын қорытты Ә.Тәжиева.
Конференция аясында таныстырылған тағы бір жоба – «IteachMe». Оның әзірленген білім бағдарламасынан басқа, жастарға әрқайсысының мүмкіндіктері тең болатын инклюзивті топтарда оқуға мүмкіндік беретін өзіндік әдіснамасы бар. Әлеуметтік инвесторлармен, 2019 жылдан бастап мүгедектігі бар жастар мен әлеуетті жұмыс берушілердің сұранысы бойынша білім бағдарламалары іске асырылып келеді. Оқытудың басты ерекшелігі – оқу үдерісінің өзінде-ақ тыңдаушылар өздерінің «digital» дағдыларын ақшаға айналдыруында. Бұл білімді жоғары деңгейде меңгерудің және таңдалған бағыттардың сұранысқа ие екенін білдіреді. Бес жыл ішінде қорда 500-ден астам студент білім алған, олардың 80 пайызы мүгедектігі бар жандар. Бүгінде студенттердің 7 бағыт бойынша оқу мүмкіндігі бар: веб-мастер, UI/UX және motion дизайн, копирайтинг, мобилография, СММ+копирайтинг, БҚ тестілеу және графикалық дизайн. Барлық оқу материалы қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ есту қабілеті бұзылған студенттер үшін ым-ишара тілінде қолжетімді.
– Мүгедек адамдарды жұмыспен қамту түрлі санаттағы адамдар бірлесіп қарым-қатынас жасай алатын түрлі және инклюзивті қоғамды құруға ықпал етеді. Мұның бәрі мәдени және әлеуметтік алуандықтың артуына және мүгедек адамдардың стигматизациясының төмендеуіне әкеледі. Сол себепті цифрлық инклюзивтің дамуына баса мән берген дұрыс. Бүгінгі конференция көңілімнен шықты. Себебі бұл мәселеде бұрындары тек цифрлық әлемге мән беретін болса, осы жолы адам ұғымына көңіл аударды. Цифрлық инклюзияда түсініктілік пен жанашырлық маңызды. Оған цифрлық білімді қосыңыз. Бүгін көптеген мәселе талданып, шешімін тапты, – деді қор директері Захира Бегалиева.
Конференция барысында цифрлық технологиялар саласындағы аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды меморандум мен келісімге қол қойылды. Негізгі нәтижелердің бірі өңірдегі цифрлық трансформацияны жеделдету бойынша одан арғы қадамдарды айқындайтын Астаналық министрлік декларациясын қабылдау болады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев халықаралық конференцияның төрағасы болып сайланды.
– Елімізде ассамблеяның алдында инклюзивті және тұрақты цифрлық болашақты дамытуға деген терең міндет тұр. Биылғы министрлер конференциясы цифрлық инклюзия және жаһандық деңгейдегі трансформация мәселелеріне арналған. Біздің цифрлық үкімет әрбір мемлекеттік қызмет елдің барлық тұрғынына – ауылдардан мегаполистерге дейін қолжетімді болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бұл азаматтарымыздың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады. Оларға ыңғайлы болу үшін біз мемлекеттік қызметтерді күнделікті өмірде қолданатын танымал цифрлық платформаларға біріктірдік, – деді
Ж.Мәдиев.
Айта кетейік, конференцияның Астанада өткізілуі еліміздің цифрлық технологиялар саласындағы көшбасшылығын көрсетеді әрі алдағы уақытта халықаралық инвестициялар мен серіктестіктерді тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл IT экспортын дамытуға және елдің экономикалық өсуін нығайтуға ықпал етеді.
Дайындаған –
Елігімай ТӨҢКЕР,
Бекзат ҚҰЛШАР,
«Egemen Qazaqstan»