Парламент • 29 Тамыз, 2024

2022 жылы өткен референдум жаңа жетістіктерге жол ашты - Алишер Сатыбалдиев

271 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2022 жылдың 5 маусымында елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өтті. Бұл күні Қазақстан халқы тарихи бетбұрыстарға бастайтын шешім қабылдау ісіне өз ұстанымдарын білдірді.  2022 жылы референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың жалпы саны 11 734 642 адамды құраса, 7 986 293 адам өз таңдауын жасады. Сол кезеңде қабылданған маңызды шешім бүгінде халқымыздың сан салада құқығының қорғалуына, еліміздің саяси дамуына ықпал етіп келеді. Республикалық референдум нәтижесінде қол жеткізген жаңа мүмкіндіктерді Парламент Сенатының депутаты Алишер Сатыбалдиев тарқатып айтып берді, деп жазады Egemen.kz.

2022 жылы өткен референдум жаңа жетістіктерге жол ашты - Алишер Сатыбалдиев

Фото: senate.parlam.kz

- Алишер Ғапиржанұлы, Конституциямыздың қабылданғанына 29 жыл толуы қарсаңында әңгімелескелі отырмыз. Үш онжылдыққа жуық уақыт аралығында елдігімізді айқындаған Ата Заңымызға уақыт талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде 2022 жылы өткен республикалық референдум да бар. Аталған реформа берген мүмкіндіктер мен қазіргі күні жеткен жетістіктер ретінде нені атар едіңіз?

- Иә, Қазақстан Конституциясына реформа жасалғалы 2 жылдан асты. Осы уақыт аралығында біз реформаның жетістіктерін көріп отырмыз. Конституциялық реформа 2022 жылы жасалғанмен, ол 3 жыл бұрынғы және одан кейінгі өзгерістерге, алға қадам басуға жол ашады. Заңдардың өзгеруі, заңдарымыздың дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келуі, біздің еліміздің халықаралық деңгейін, бағасын арттырады. Сондай-ақ шетелдік іскерлердің біздің елге келуіне, инвестиция құюына бастапқы көрсеткіштердің бірі болып табылады. 2022 жылғы референдум нәтижесінде Конституцияның 3/1-іне өзгерістер енді. Соның ішінде ең айрықшасы Президенттің өкілеттігін азайту, оны Үкіметке, Парламентке жүктеу арқылы сапалы заңдарды шығару, сол заңдардың орындалу тиянақтылығын арттыру мәселелері қолға алынды. Осы референдум аясында конституциялық соттың құрылуын да ерекше екшеуге болады. Бірқатар азаматымыз, отандастарымыз өздерінің құқықтарының сол сот арқылы қорғап үлгергенін білеміз. Бұл еліміздегі демократияның айқын үлгісін көрсетеді. Сонымен бір қатарда Бас прокуратураға, сот органдарына өзгерістер енді. Билік тармақтарының арасындағы байланыстың жаңа үлгісі құрылып, көптеген құқықтар, жергілікті өңірлерге берілгенін атап өтуге болады. Соның ішінде ең алғашқы өзгеріс, қабылданған заңдар қатарында «Сайлау туралы» заң да бар. Бұл заң аясында жаңа форматтағы Парламент қалыптасты. Сенат өңірлермен жұмыс істейтін палатаға айналды. Мәжіліс мажаритарлық және саяси партиялардың рөлі артқан керемет құрылымға ие болды. Жергілікті Мәслихаттардың да областардағы 50-де 50 аудандардағы мажоритарлы сайлау үрдісімен жақсы құрамы қалыптасты.  Бүгінгі таңдағы өңірлер мен орталықтың, Парламенттің байланысынан сол нәрсені көруге болады. «Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгеріс енгізіліп, шегенделгенін де айту керек. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша бүгінгі таңда алғашқы қаражаттар түсті. Алдағы уақытта бұл қаржылар көлемді қор болып, өскелең ұрпаққа қызмет ететініне сенеміз. 

- Өз сөзіңізде референдум нәтижесінде Парламент құзіретінің артқанын да орынды атап өттіңіз. Сенат депутаты ретінде заң шығарудағы осы палатаның ықпалына тоқталып өтіңізші.

- Конституциялық реформаның басты миссиясы азаматтардың мемлекеттік  басқару ісіне жол ашу керек еді. Осы мақсатта петиция, қоғамдық бақылау туралы заңдар қабылданды. Заңдар аясында қоғамда азаматтарға ең қатысты сұрақтар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық, Масс-медиа туралы, вандализмге қарсы, лудомания туралы заңдар қабылданды. Мұның бәрі азаматтардың ондаған жылдан бері сұрап, талқылап келе жатқан мәселесі болатын. Осы заңдар Парламенттің екі палатасының ортақ жұмысының нәтижесінде қабылданып, қолданысқа еніп отыр.

- 2 қыркүйек күні қос Палата қайта іске кіріседі. Биыл Парламент қандай заң жобалары бойынша жұмыс істейді?

- Күзден бастап Сенаттың өзінде көлік құралдарының қозғалысын ұйымдастыру, тұрғын үй саясатын реформалау бойынша іргелі заңдар талқыланып, қабылданбақ. Мәжілісте табиғат қойнауын пайдалану, Салық реформаларын жүргізу бойынша ірі-ірі заңдар тұр. Осы күзде Қазақстан халқының алдындағы тағы бір маңызды таңдау Орталық Азия елдеріндегі тенденцияға байланысты туындап жатыр. АЭС салу бойынша Мемлекет басшысының өзі референдум арқылы Қазақстан халқының толық қатысуының арқасында шешім қабылдау міндетін алға қойды. Сондықтан күзде отандастарымыз бес саусақтай жұмылып осы бойынша таңдау жасауымыз керек. Таңдау өздігінен жасалмайтыны түсінікті. Бүгінгі таңда ел бойынша  барлық облыс, орталықта талқылаулар өтті. Үлкен институттар арасында талқылаулар жалғасып жатыр. Реформа барысында тағы талқыланып, азаматтар өз таңдауын жасайды. Ескеретіні АЭС құру туралы шешім қабылданғанның өзінде Парламентке өте үлкен сын шақ туайын деп отыр. Парламентке халықаралық шешімдерге, АЭС құру туралы шешімдерді толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретіндей заңдарды қабылдау керек болады. Оның аясында мемлекеттік қауіпсіздік мәселесін, экологиялық қауіпсіздік мәселесін тиянақты шешу міндеті тұр. Біздің әріптестеріміз осы  көзделген міндеттердің барлығын абыроймен жүзеге асырады деп сенемін.

Барлық отандастарымызды Ата Заң күнімен шын жүректен құттықтаймын!

- Әңгімеңізге рақмет!