Пікір • 22 Тамыз, 2024

Парықсыз пранк

300 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еңгезердей жігіт әке-шешесіне балмұздақ әкеліп береді. Алпыстың айналасындағы ата-анасы әлгіні жей бастағанда түрлері бұзылып, тыжырына түседі. Сөйтсе, ұлд­арының балмұздақ деп ұсынғаны құ­рылыс­та пайдаланатын ақ желім екен. Әке-шешесін алдағанын алдын ала қосып кеткен ұялы телефонына түсіріп алған әлгі әумесер «Бұл пранк болатын!» деп ыржалаңдап тұр...

...Қыс айы. Орамал тартқан әйел түн­делетіп дүкенге шығады. Үйіне қайтар жолда «темір бағанға тілім жабысып қалды» деп күйеуіне бейнеқоңырау соғады. Ал шын мәнінде бағанға адамның шын тілінен айнымайтын ойыншық тілді алдын ала жабыстырып қояды. Жанұшыра жүгіріп келген байғұс күйеуі не істерін білмей сасқалақтайды. Біресе жедел жәрдемге қоңырау шалады, біресе дүкеннен жылы су сатып алып, «жабысқан тілге» құяды, енді бірде YouTube-тен «Темірге жабысып қалған тілді қалай ажыратуға болады?» деген сұраққа жауап іздей бастайды. Көшеде кетіп бара жатқан кездейсоқ адамдар да көмекке ұмтылады. Ең сорақысы, елдің бәрін шындап әбігерге салған әйел бір кезде артқа шегініп қалып, «жабысқан тілі» сол бағанда қалып қояды. Мұны көрген күйеуі жыларман болып, басын ұстаған күйі сілейіп тұрып қалады. Қарқ-қарқ күлген әйелі: «Бұл пранк қой! Өтті ме?» деп, алдын ала жоспарлаған әзілсымағының «сәтті» болғанына риза...

Келіншегін өтірік ұрып жіберіп, шеше­сінің реакциясын түсіріп алу, күйеуін алдап, ата-енесіне ерсі қалжың көрсету, тіпті жасы жетпіске таяп қалған әкесін ұдайы мазақ етіп, лайк жинап, хайп қуып жүрген мұндай есерсоқтар әлеуметтік желіде жетіп артылады. Мәні бар әзіл, жарасымды қалжың болса, бір сәрі. Күнде жаңарып отыратын мұндай пәтуасыз пранктердің сюжеті де сан алуан, сценарийі де түрлі-түрлі. Желіккен жастардың әумесерлігі ғой дейін десең, осындай ессіз әзіл мен қисынсыз қалжың түсіруді ермекке айналдырып алған ұл-қыз өсіріп, бір үйдің отын жағып отырған ересектер де, жұртқа танымал «жұлдыздар» да бар.

Өкініштісі, әлеуметтік желіні жаулап алған орынсыз оспақ, мән-мағынасыз пранк пен дарақы күлкі отбасы құндылығын дәріптеп, жастарға жаңашылдықты, жақсы­лық­ты үйретіп жатқан жоқ. Керісінше келіннің келеңсіз қылығы мен ұл-қыздың дарақылығын, үлкендерге мүлде жарас­пайтын жасанды актерлікті көрсетіп жүр. Алданған мен ақымақ болып көрінген адамның шынайы эмоциясын, бет-жүзін көру бәзбіреулерге расымен де күлкілі болар. Бірақ тым тұрпайы қалжың мен оспадар оспақтың бәрі езуге күлкі үйірмейді, керісінше жиіркеніш тудырады.

Қазір еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әлеуметтік желіде отырады. Әсіресе жаны жаңалыққа құштар жастар жағының көрген-баққаны – осындай мәнсіз-мағынасыз дүниелер. Әлем жұрты жаппай ұрпағына білім мен ғылымды, ой мен жасанды интеллектінің игілігін насихаттап жатса, біздің баққанымыз, өкінішке қарай, арзан ойын-күлкі, той-томалақ пен қызық-думан болып бара жатыр. Жан-жағын бағамдап үлгермеген жас буын қазір көбіне айтқан ақыл-кеңесіңді емес, интернеттен көрген-білгенінен «үлгі» алуға көшкен. Ал TikTok толы тексіз бейне, Instagram әлемі бейәдеп видеоның әлем-жәлем алаңына айналғалы қашан. Жасы да, жасамысы да таңнан кешке дейін жабысып отырған әлеуметтік желі бұрын боқтыққа толы болса, қазір әдепсіз, дөрекі пранктерден көз аша алмайсыз. Сондай жастарға көрсеткен «үлгіміз» жоғарыда айтқандай «алдау операциялары» болса, алда әлі қаншама көңілсіз көріністің куәсі болуымыз мүмкін?

Интернет әлемі дамыған сайын пранк та танымалдылықты арттырудың, ауди­то­рия жинаудың ерекше формасына айналды. Бірақ орынсыз әзілдің ақыры өкініш­пен аяқталып, ойыны осылғандар да бар. Пранк түсіремін деп істі болып, басы дауға қалғандар, тіпті АҚШ-та ажал құшқан блогерлердің өлімі осыған дәлел бола алады. Ойнаймын деп оңбай таяқ жеген отандық блогерлеріміз де аз емес.

Бейтаныс адамдарды былай қойғанда, ет жақындарын, отбасы мүшелерін оспадар ойындарының «басты кейіпкеріне» айналдырудың салдары ауыр болары анық. Өйткені орынсыз әзілге еріксіз күле салып, сол жерде ұмытып кетуіміз де мүмкін. Алайда ерсі қалжың мен сөлекет әзіл-оспақ салып кеткен сызат тез ұмытылып, үлкен ақпарат өрісінде із-түзсіз жоқ болып кетеді деу – ақымақтық. Бірақ парықсыз пранк түсіріп жүргендердің дені кейін не болатыны туралы ойлана бермейді-ау осы. Себебі оларға дәл қазір миллиондап қаралым жинау ғана маңызды. 

Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38