
Түркияда өткен балалардың халықаралық балуандар бәсекесінде Райымбек Қабыкен ұпай саны бойынша жеңіліп жатқан еді. Төрт минут сырғып өтіп, таблодан 10 секунд қалғанын көрсеткенде жанкүйердің көбі балуанымыз жеңілді-ау деп ойлағаны белгілі. Бірақ намысты ұл берілмеді. Керісінше жігерін жани түсті. Соңғы сегіз секунд қалғанда түркиялық қарсыласын жамбасқа алып ұрды. Осылайша, Райымбек әлемдік додада көк туымызды желбіретіп, ел мерейін асқақтатты.