
Астаналық Аружан Кәуке, Адия Қызылтаева, Малика Закирова есімді оқушылар жобаны аяғына дейін жеткізу үшін жарты жыл еңбектенген. Нәтижесінде, «Аэропоникалық мұнара» 3-4 аптаның ішінде жемісін бере бастады. Шаруалар бір жылыжайдан жылына үш рет өнім алса, ал қыздар бұл жобадан жылына он екі рет өнім алады. Жобаны жетілдіру үшін қыздар мемлекеттен 6 млн теңгелік грант ұтып алған. Қазір олар құрылғыны дамытып, робот құрастырып жатыр. Жасанды интеллекттің агрошаруашылықта мүмкіндіктерін пайдалану үшін жас ғалымдар жақын арада өздерінің жобасын әлем назарына ұсынбақ. Атап айтқанда, «Аэропоникалық мұнара» Грекия мемлекетінде өтетін ауқымды байқауда сынға түседі.