Аймақтар • 30 Шілде, 2024

Жезқазған жаңарғалы жатыр

180 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл қала мәртебесін ие­ленгеніне 70 жыл толатын Жезқазғанның тарихы өткен ғасырдың 30-40-жылдарынан бас­тау алады. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені қалада салынғанына ға­сырға жуықтап қалған үйлер баршылық. Ауызекі тілде «ағаш үйлер» атанып кеткен бұл үйлер әб­ден тозығы жеткеніне қара­­мастан, әлі күнге дейін пә­тері жоқтарға бас­пана болып келеді.

Жезқазған жаңарғалы жатыр

Дәулетті қалаға сәулеті әр бермейтін әрі тұруға да жарамсыз бұл үйлер алдағы екі-үш жылда толықтай сырылатын болды. Өйткені облыс орталығында реновация жобасы басталды.

– Негізі қалада тұруға жарамсыз үйлердің тұрғындарын басқа жайларға көшіру 2021 жылы басталған еді. Сол жылы 267 пәтерге бағалау жүргізіліп, тұрғындарға өтемақы төлеу көзделді. Бұл мақсатқа бюджеттен 1,5 млрд теңге қарас­тырылды. Нәтижесінде, 144 үй­дің тұрғындары жалпы сомасы 970 млн теңгені құрайтын тиісті өтемақыларын алды. Ал қал­ған 116 үйге өтемақы берілмеді. Неге? Өйткені кей­бір пәтерлердің мұрагерлік мәселесі дұрыс шешілмеген болып шықты. Кейбір пәтерлердің нақты иесін анықтау мүмкін болмады. Өтемақы мөлшерін азсынған адамдар да болды. Былтырдан бері қаладағы апатты үйлерді бұзып, олардың тұрғындарын басқа жайларға көшіріп жатырмыз. Қалада үй құрылысын жүргізу ауадай қажет. Өйткені сұраныс жоғары, – дейді Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов.

Ол қалада бастау алған реновация жобасына бюджеттен ешқандай қаражат жұм­сал­майтынын айтқанда сенер-сенбе­сімізді білмей қалдық. Сонда қалай? Сөйтсек, мәселе былай екен.

Қаладағы реновация жо­ба­сына қатысты құрылыс жұ­мыстарын жүргізуді А.Байділ­­даев басқаратын «Сам­ға» фирмасы өз мойнына алды. Фирма бұрынғы ағаш үйлер­дің тұрғындарына қазір қан­ша көлемдегі пәтерде тұрып жатыр, өзі салатын үйден нақ сондай көлемді тегін береді. Ал егер жаңа пәтердегі көлем бұрынғыдан асып кететін болса, сол артық көлемнің ғана ақысын төлейді. Тұрғындар мұндай ұсы­нысқа толық қолдау танытып отыр.

Қазір «Самға» қаланың Абай көшесінің бойындағы бірнеше шағын сауда нүктелерін сатып алып, сол дүңгіршектерді сырып тастап, 48 пәтерлік үйдің құ­рылысына кірісіп те кетті. Бұл үй 2025 жылы наурызда пай­далануға беріледі. Сол кезде осы үйдің маңайындағы «ағаш үйлердің» тұрғындарына жаңадан салынған үйден пәтер­лер беріледі. Олар бұрынғы пәтерлерін «Самғаға» өткізеді. Ал фирма сол үйлерді сырып тас­тайды да, орнына тағы да жаңа үйлер салады.

– Құрылыс жүргізу үшін ең керегі – жер. Бұл мәселені біз қаланың орталығындағы ескі үйлерді сыру, бұзу арқылы ше­шуді ұйғардық. Қабылданған шешім қалаға да, тұрғындарға да, фирмаға да пайдалы болды деген ойдамыз. Бұл жоба алдағы үш жылды қамтиды, – дейді Қайрат Абдоллаұлы.

Сонымен, Жезқазған жаңар­ғалы жатыр. Жоба бойынша барлығы 23 үй бұзылады. Бұ­ларда 184 пәтер бар. Олардың бар­лығына сол сырылған орын­дарға салынатын 48 немесе 60 пәтерлік 6 үйден жаңа пәтерлер беріледі. Ал қалғанын фирма нарық бағасымен сатады.

Іздене білсе, кез келген тығы­рықтан шығуға болатыны жөнінде көп айтылады. Жез­қазғандағы реновация жобасы – осының нақты көрінісі іспетті. Әйтпесе көптеген жыл бойы айтылып, бірақ нақты шешімі табылмай келе жатқан өткір мәселенің түйінін бюджетке ешқандай салмақ түсірмей-ақ тарқатудың жолын тауып, сол жобаны іске асыруға кірісуді басқаша қалай бағалауға болады?

Жезқазған қаласы