Қаржы • 11 Шілде, 2024

Утильалым: Көлік құрастырушылардың уәжі қандай?

141 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Утильалым төңірегіндегі әртүрлі әңгіме біраздан бері айтылып жүр. Тіпті мамыр айында осы мәселеге қатысты петицияны жақтап қол қоюшы саны 50 мыңға жеткен. Осыған орай арнайы жұмыс тобы Қостанайға келіп, утильалым төңірегіндегі мәселелерді таразылады.

Утильалым: Көлік құрастырушылардың уәжі қандай?

Жұмыс тобы әуелі жергілікті машина жасау кәсіпорындарын аралап көрді. Өңірде қазір ауыл шаруашылығы техникаларына қосалқы бөлшек шығаратын кәсіпорындарды қоспағанда, «Беларус» тракторын құрастырып жатқан «МТЗ-Қазақстан» машина жасау зауыты, «Есіл» комбайнын құрастыратын «Агромаш» зауыты, «Kia Cerato», «Kia Sportage», «Chevrolet Onix» және «JAC S3» автомобильдерін шығарып жатқан «Аллюр» зауыты жұмыс істеп тұр. «KamLitKZ», «КИА» зауыттарының құрылысы жүріп жатыр.

2018 жылы іске қосылған «МТЗ-Қазақстан» зауыты бастап­қыда тек сырттан келген дайын бөлшектерден трактор құрас­тыратын. Бүгінде «Беларус» трак­торының кабинасы толықтай Қостанайда жасалады. Кәсіпорын басшысының айтуынша, алғашқы жылы небәрі 20 шақты трактор құрастырған зауыт былтыр 1 500 «Беларус» шығарған.

«Әуелде жұмысшы саны отызға да жетпейтін. Бүгінде 100-ден ас­там адам еңбек етеді. Өнімнің жер­гілікті үлесі де артып келеді. Мысалы, биыл кабиналарды өзі­міз жасап шығара бастадық. Ка­бинаның металын кесу, дәнекер­леу, бояу жұмыстарының бәрі осы жерде жүзеге асырылады. Кабинаның қаңқасы, панелі, рулі, баспалдағы, салмақ теңестіргіші, терезесі, әйнегі, тағы да басқа толып жатқан бөлшектері бар, соның бәрі осы жерде жасалып жатыр. Біз бірден қозғалтқыш жасап кете алмаймыз. Өйткені қазіргі нарықта 6 мың тракторға ғана сұраныс бар. Қозғалтқышты өзіміз жасап шығару үшін жылына 15 мың тракторға сұраныс болу керек. Дегенмен өнімнің жергілікті үлесін арттыру бағытында ілгерілеу бай­қалады. Мысалы, шығарған кабиналарымыз еліміздегі өзге де трак­тор жасау зауыттарына жібе­ріледі. Келешекте пластик бөл­шектер жасау жоспарда тұр», дейді зауыттың бас директоры Валентин Дашкеевич.

Жалпы, елімізде трактор құ­рас­тыратын 8 зауыт бар. Соқа, тырма, дән сепкіш тәрізді агрегаттарды шығаратын он шақты зауыт жұмыс істеп тұр. Ішкі нарықтағы сұраныстың басым бөлігін осы кәсіпорындар өтейді. Елімізде жылына сатып алынатын 6 000 трактордың 5 500-і – отандық өнім. Сондай-ақ жылына 1 500 комбайн сатып алынса, оның да мыңға жуығын өзіміз өндіреміз. Бұған аталған өндіріс орындарында еңбек етіп жатқан мыңдаған адамды қосыңыз. Бюджетке де миллиондап салық түсіп жатыр. Жұмыс тобы өкілдерінің пайымынша, утильалым жойылса, осы тіршіліктің бәрі тұралап қалады.

Өндірістік инвесторлар ода­ғының вице-президенті Әліби Сұлтанның айтуынша, мемлекет инвесторды қосымша құн салығынан және импорттық алымнан босатады. Өз кезегінде инвесторға да 15 жылдық мін­дет­теме жүктеледі. Мысалы, «МТЗ-Қазақстан» зауыты кабина жасауға 2025 жылы көшу керек екен, алайда оны бір жыл ерте бас­тап кетті. Бұл да – инвестормен жасал­ған шартта қарастырылған дүние.

«Қазір ең арзан трактор 8 млн 700 мың теңге тұрады. Оның 30%-дық субсидиясы бар. Бізде шығып жатқан тракторларға утильалым жоқ. Тек шетелден келетін трактор мен комбайнға ғана алым бар. Қазір елімізде сатылып жатқан техниканың 90%-ы

Қазақстанда шығады. Мұның бәрі – утильалымсыз сатылған техника. Сондықтан утильалымды алып тас­таса, оның шаруаға еш пайдасы болмайды. Өйткені ол алып жатқан техникада утильалым жоқ. Бізге шетелден әкелініп жатқан көкөніс, картоп, пияз жинайтын техникаларға да утиль­алым жоқ. Утильалымның бас­ты мақсаты – отандық өндірісті қолдау. Ал оны алып тастасақ, шетелдің көлігі қаптайды да, осы зауыттарда жұмыс істеп жат­қандар жұмыссыз қалады. Осы утильалымды енгізудің нәтиже­сінде Қызылжарға «Class» комбайны келіп, қазір дән сепкіш кешендер өзімізде құрастырылып жатыр. Яғни утиль­алым шетелдік компанияға өзінің сапалы техникасын бізге келіп құрастыруға ықпал етті», дейді Әліби Сұлтан.

Жұмыс тобының құрамында жүрген Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев утильалымнан түскен қар­жы автокөлік шығарушылар мен ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырушыларға жұмсалады дегенді жоққа шығарды.

«Мұның бәрі нақты мәселелер­ді шешуге жұмсалып жатыр. Мәсе­лен, экологиялық кодекстің бір бағы­ты шеңберінде қоқыс өңдеу және қоқыс сұрыптау зауыттарын салуға, арнайы техника сатып алуға 185 млрд қаржы көзделген. Бұл барлық өңірді қамтиды. Ша­ма­мен 200 млрд теңге қаржы қат­ты тұрмыстық қалдықтарды өң­деу жобаларын жүзеге асыруға жұм­салды. Утильалымның негізгі опе­раторы «Жасыл даму» АҚ-ға екі жыл ішінде 447 млрд теңге алым жиналған. Алдыңғы «ӨКМ операторы» активінен тағы 219 млрд теңге алынған. Экология кодексінің 388-бабында бұл қаржы жұмсалуға тиіс 14 бағыт нақты көрсетілген. Оның бәрі қоршаған ортаны жақсартуды көздейді. Қазір осы бағыттағы 94 жобаның 22-сі мақұлданды. Олар жуырда қаржыландырыла бастайды», дейді Жомарт Әлиев.

Жұмыс тобы «Аллюр» машина жасау зауытына да барды. Былтыр 90 мыңнан аса автокөлік шығарған кәсіпорын биыл өнім санын 110 мыңға жеткізуді көздеп отыр.