Аймақтар • 10 Шілде, 2024

Нариман Төреғалиев: Тасқынға ел болып қарсы тұрдық

125 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Көктемгі су тасқыны өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қалай әсер етті? Облыста Президент тапсырмалары қалай орындалып жатыр? Осы орайда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бірнеше сауалымызға жауап берді.

Нариман Төреғалиев: Тасқынға ел болып қарсы тұрдық

– Нариман Төреғалиұлы, биылғы су тасқыны еліміздің бірнеше өңірін әбігерге салды. Тілсіз жаудан зардап шек­кендердің қатарында Батыс Қазақстан облысы да бар. Жалпы, облыста болған табиғи апаттың ауқымы қандай болды? Қанша үй су астында қалды?

– «Апат айтып келмейді» деген рас қой. Батыс Қазақстан облысында су тасқыны 27-28 наурыз күндері бас­талды. Облысымыздың 12 ауданының ішінде 5 аудан – Теректі, Бәйтерек, Қа­ратөбе, Сырым, Бөрлі аудандары және Орал қаласының саяжай аумағы су тас­қынынан зардап шекті. Алғаш су басқан Сырым, Қаратөбе аудандарында еріген қар суы тоңы жібімеген жерге сіңбей, жолындағы ауылдарды жайпап өтті. Оның үстіне сол күндері өңірде жауын-шашын да қалыптан артық болды. Осының бәрі тасқынға алып келді.

Қар суынан бөлек, Ресейдің Са­ратов, Орынбор облыстарындағы суқой­ма­ларынан су көп жіберілді. Соның са­л­дарынан Жайық өзеніндегі су деңгейі артып, өзен бойында орналасқан 84 елді мекенді су басу қаупі туды. Қараңыз, сол күндері Орынбордың Иреклі суқой­масынан Жайық өзеніне секундына 3 мың текше метрден аса су жіберілген. Бұл кейінгі 30 жыл ішінде болмаған жағдай еді. Осының салдарынан Жайықтағы су деңгейі 8 метр 64 см-ге жетіп, қауіпті деңгейден асып кетті.

Елімізде болған көктемгі су тасқыны – көлемі жағынан кейінгі 80 жылдағы ең ірі табиғи апат. Мұны мамандар да айтып отыр. Осы апат кезінде Батыс Қазақстан облысында 1 491 тұрғын үй, 10 500 саяжай телімі су астында қалды. 2 мыңнан аса мал шығыны болды.

– Сол күндері өзіңіз де, тиісті сала мамандары да шын мәнінде етігімен су кешіп жүргенін көзімізбен көрдік. Жедел штаб төтенше жағдайда жұ­мыс істеді. Айтыңызшы, тасқынға тос­қын қалай болды? Қандай іс-шаралар қабылданды? Қанша техника, қанша адам жұмылды?

– Мемлекет басшысы қолдауының арқасында біз су тасқынын уақтылы ең­сере алдық. Ақжайық өңірін табиғат апатынан құтқаруға бүкіл ел жұмылды. Еліміздің 14 облысынан әскерилер, құт­қарушылар, еріктілер, қарапайым тұрғындар келді. Сөйтіп, ауқымды шы­ғынға жол бермеді.

Үкімет басшысы, оның орынбасарлары тасқын кезеңінде өңірімізге бірнеше мәрте келіп, дайындық барысымен танысты. Қажетті ресурс­ты жылдам тартуға қолұшын созды. Облысымыздағы су тасқынымен күреске 11 мыңнан аса адам, 2 мыңға жуық техника тартылды. Жайық өзенінің бойында

150 км топырақ бөгет салынды. Осының нәтижесінде ауылдарға су кірмеуін барынша қамтамасыз еттік. 13 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Осы­лайша, Мемлекет басшысының, Үкімет­тің қолдауы және халықтың бір­лігі ар­қасында Жайық өзені бойында орна­лас­қан Орал қаласы мен облыстағы 84 елді мекенді су басудан аман сақтап қалдық.

Сәуір айының басында Мемлекет басшысы су тасқыны болған Қа­ратөбе ауданының орталығына келіп, тасқыннан зардап шеккен Қоржын аулының тұр­ғындарымен кездесті. Пре­зидент сол сапарында әр тұрғын мемлекет та­рапынан берілетін көмектен қалыс қалмайтынын атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзі барша тұрғынға жігер берді.

Су тасқыны болған Қаратөбе ауда­нының Қоржын аулына барған кезім әлі көз алдымда. Ауылды толық су басып кеткен. 300-ден аса тұрғын ауыл мектебіне уақытша тұрақтаған. Ішінде еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін болды. Оларды қайыққа мінгізіп, әрі қарай тікұшақпен эвакуациялық орталықтарға жеткіздік.

Сол күндері қарапайым тұрғындар «Біздің ертеңгі күніміз не болады? Бас­па­намызды қалай қалпына келті­реміз? Мем­­лекет тарапынан көмек бола ма?» деген үміт пен күдікке толы сауалды жиі қоя­тын. Сол уақытта Президенттің қол­дауы Қаратөбе халқына ғана емес, тасқын­нан зардап шеккен барша халыққа демеу болды.

– Тасқын өтті, кетті. Қазір апат зардабын жою үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр? Тұрғындардың мал-мүлік шығыны өтелді ме?

– Жалпы, облыс бойынша 2 мыңнан аса мал шығыны болғанын айттым ғой. Осының бәрі жергілікті бюджет және демеушілер есебінен толық өтелді. Мәселен, 1 171 мал шығыны жергілікті қазынадан бөлінген 151 млн теңгенің есебінен қалпына келсе, 1 286 малдың орнын демеушілер толтырды.

Ал 100 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде біржолғы әлеуметтік көмекті 9 994 отбасы алды. Бұған 3,7 млрд теңге жұмсалды. Тасқын кезінде бүлінген мате­риалдық мүлікті өтеу бойынша бү­гінге дейін 10 218 отбасының өтінішіне оң шешім шығарылып, 3,6 млрд теңге қаржы төленді.

– Дегенмен тасқын судың ең үлкен шығыны тұрғын үйлер ғой. Мемлекет басшысы тасқын салдарынан баспанасы жарамсыз болған тұрғындарға жаңа үй беруді тапсырды. Қазір осы тапсырма қалай орындалып жатыр? Күзге, салқын түскенге дейін тұрғындар жаңа үйіне кіре ала ма?

– Дәл қазір су тасқыны болған 5 ауданда және Орал қаласындағы саяжай тұр­ғындары үшін 775 үй салынып жатыр. 60 мердігер компания анықталып, құрылыс қарқыны қыза түсті. Жоспар бо­йынша 1 қыркүйекте тапсырылуға тиіс. Құрылыстың сапасын, аяқталу мерзімін қатаң бақылап отырмыз.

Бұған қоса аудандарда шығынды өтеу жөніндегі комиссия қорытындысына сәйкес баспанасы жарамсыз болып қалған отбасыларға тұрғын үй сатып алу жұмысы да жүріп жатыр. Мәселен, қазірге дейін Бөрлі ауданында – 66 үй, Теректі ауданында – 5 үй, Бәйтерек ауданында 2 үй сатып алынды. Ал Орал қаласында жалғыз бас­панасы апатты деп танылған саяжай тұр­ғындарына жаңа үй сатып алу және салу бойынша жұмыс қызу жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде оралдық сая­жай тұрғындары үшін демеушілер қаржысынан 864 тұрғынға үй сатып алу жөнінде шешім шықты. Бүгінде олар жаңа пәтеріне кіріп, қоныстойын тойлайды. Бұл үйлер жаңа нарықтан да, екінші нарықтан алына бастады.

– Тасқын зардабын өтеу ісінің қомақты бөлігі демеушілер күшімен жүріп жатыр екен. Өңірде тұрғын үй салуға, сатып алуға қандай ірі ком­паниялар, кәсіпкерлер көмектесіп жатыр?

– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өткен мамыр айының 20-сы күні өңірге Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевпен бірге бірқатар кәсіпкер келді. Олардың арасында «Astana Group» компаниясының төрағасы Нұрлан Смағұлов, «Банк ЦентрКредит» директорлар кеңесінің төрағасы Бақытбек Байсейітов, «Jusan Bank» директорлар кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов, «ҚазАзот» дирек­торлар кеңесінің мүшесі Рүстем Аяз­баев, «QazaqStroy» құрылтайшысы Нұр­лан Артықбаев, «Alageum Electric» директорлар кеңесінің төрағасы Ер­кебұлан Ілиясов сынды азаматтар болды. Олардың бәрі қолұшын созып жатыр. Сонымен бірге «ERG» компа­ниясы, «Қазақстан халқына» қоры, Батыс Қазақстандағы «Жайықмұнай», «Кон­денсат», «АқсайГазСервис», «Қ­арашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниялары да қолдау білдіріп келеді.

– Нариман Төреғалиұлы, өңірдің ең өзекті мәселесі – автомобиль жол­дарының жағдайы. Жол сапасының төмендігі жоғарыда айтқан құрылыс, тағы басқа салаларды да тежеп отыр­ғаны белгілі. Осы бағытта қандай жұмыс атқарылды?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Батыс Қазақстан облысында жол салу және жөндеу бойынша берген бірқатар тапсырмасы бар. Өткен жылы өңірде 562 км автомобиль жолы жөнделді. Биыл 576 км жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде жергілікті маңызы бар 304,7 км жол қам­тылады. Сондай-ақ Президенттің 2019 жылы берген тапсырмасы аясында өңіріміздегі Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарын облыс ор­талығымен байланыстыратын 245 км жолдың аяқталмай қалған 104 шақыры­мын 2023 жылдың ішінде салып біттік. Енді 16 км жол қалды, оны жыл соңына дейін аяқтаймыз.

– Өткен жылдары еліміздің әр өңірінде бірнеше қала халқы қыс қиын­дығын көрді. Мұндай жағдай Ба­тыс Қазақстан облысында болмай ма? Өңір­дің алдағы қысқы жылыту мау­сымына дайындығы қалай? Кәріз желіл­ері мен жылу электр стансалары дайын ба?

– Дұрыс айтасыз, қала күрделі ағза сияқты. Қысқы жылыту маусымына да­йындық жыл бойы, жүйелі жүруі керек. Біз алдағы қыстың қамын осы қыстан шығысымен-ақ ойлап, дайындықты мамыр айында бастап кеттік. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр.

Биыл өңірде коммуналдық салада бірнеше ірі жоба іске қосылады. 1961 жылы салынған, Орал қаласының 150 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсетіп отырған 2, 3 және 21-кәріздік сорғы стансалары түгелдей жаңартылады. Бұл жо­балардың жалпы құны – 4,8 млрд теңге. Бұған қосымша қаланың Құры­лысшы, Қадыр Мырза Әлі, Жаңа Орда шағын аудандарын, «ескі аэропорт» аудандарының 150 мың тұрғынды қам­титын 18-КСС (кәріздік сорғы стансасы) құрылысы басталады. Сонымен қатар Орал қаласының Ақжайық ша­ғын ауданындағы, Солтүстік-шығыс ба­ғытындағы қосалқы электр стансалары, электр таратушы компанияның жұ­мысын жеделдету үшін Зашаған кентінде жөндеу-өндірістік базасы және жылу желілері бойынша 70 мың адамды қам­титын 5-жылу магистралі жөнделіп жатыр.

Қала тұрғындарына мәлім, былтыр жапониялық «Хитачи» компаниясымен келіссөз жүргізіп, Орал қаласындағы жылу электр орталығының газ турбиналы қондырғысын жөндеуге келісім жасаған едік. Осыған орай биыл маусым айында Жапониядан арнайы мамандар келіп, тиісті жұмысты іске асырды.

2024 жылы коммуналдық кәсіп­орындардың инвестициялық жобалары және бюджеттік инвестициялар есебінен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына барлығы 17 млрд теңге қаражат ба­ғытталады. Оның 5,9 млрд теңгесі – рес­публика бюджетінен, 8,2 млрд теңге – жергілікті қазынадан, ал 2,9 млрд қаражат инвестициялық бағ­дарлама есебінен бөлінбек. Соның ішінде су бұру желі­лерін реконструкциялау 3, электрмен жаб­дықтау желілерін реконструкция­лау 7, жылумен жабдықтау же­лі­лерін реконструк­циялау бойынша 1 жоба жүзеге асады.

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес инженерлік желілер бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері қолданылып жатыр.

Тағы да айтайын, жылыту маусымына дайындық менің жеке бақылауымда, тұрғындар алаңдамасын. Жалпы, 2023–2024 жылдары энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласына әртүрлі көзден 30,3 млрд теңге бағытталды. Оның 14,2 млрд теңгесі немесе 45%-ы – жергілікті бюджеттен.

– Президент тапсырған нақты істің бірі – өңірге инвестиция тарту. Бұл мәселе қалай? Былтыр және биыл об­лысқа қан­ша инвестиция құйылды? Жуырда жүзеге асатын маңызды инвес­­тициялық жобалар туралы айтып өт­сеңіз?

– Өткен жылдың қорытындысына сәйкес 7 экономикалық индикатор-көрсеткішті орындаған облыстардың қа­тарына кірдік. Негізгі үлесті өндіріс саласы алып отыр. Қазір Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша қайта өңдеу саласына көбірек инвестиция тартуға тырысып жатырмыз. Өңірге инвес­торларды тарту – аса маңызды міндет. Өткен 2023 жылдың қорытындысына қарасақ, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі БҚО-да 16,4%-ға өсіп, 645,6 млрд теңгені құрады. Бұл жаман емес.

Ал 2024 жылдың 5 ай қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвес­тиция көлемі 178,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар биыл 728 жұмыс орнын жаңадан құрып, жалпы құны 118,4 млрд теңгелік 26 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осының ішінде 3,7 млрд теңгеге 3 жоба іске қосылып үл­герді. Қазір өңірдегі индустриялық ай­мақта көптеген компания жұмыс істейді.

Облыс аумағында іске асырылып жатқан ірі жобаның бірі һәм бірегейі –Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы. Яғни 5 және 6-компрессорларды іске қосуымыз қажет. Бұл жоба шикі газды дайындау қуатын арттыруды көздейді.

Айта кетейін, кен орнының 5-компрессорын биыл іске қосамыз. Ал 6-ком­прес­сор­ды іске қосу 2026 жылға жос­пар­ланған. Бұл шикі газды өндіру көле­мін 4 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Рожков кен орнын игеру жобасы да жүзеге асырылып жатыр. «Орал Ойл энд Газ» ЖШС алғашқы ұңғы­маны іске қосты, газ бен оның конденсатын өндіру басталды.

Тағы да бірқатар жоба бар. Оларға да тоқтала кетейін:

«West Group/Вест Групп» атты кірпіш зауытының қуаттылығы жылына 20 млн кірпіш шығаруға жетеді. Бұл жаңадан 40 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал кеше ғана іске қосылған «Батыс Ми­нерал Су» зауытында жылына 10 млн литр минералды су шығарылады. Бұл мекеме 61 жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. «Пойма май Комбинат» ЖШС тәулігіне 100 тонна өсімдік майын шығарады. Бұл екі кәсіпорын туралы «Egemen Qazaqstan» газетінде көлемді мақала беріліп, өңір тынысын республика жұртшылығына көрсетті. Газет ұжымына сол үшін рахмет айтамыз.

2023 жылы 1 мың адамды жұмыспен қамтыған 45 жоба іске қосылғанын айтайық. Бұл жобалардың жалпы құны 30 млрд теңгеден асады. Оның ішінде «Ringo-Milk» ЖШС-ның сүт-тауарлық фермасы, «PlayCom Uralsk» ЖШС-ның фанера өндірісі, «Талап» АҚ мен «OLYMP» ЖШС-ның медициналық орталықтары, «Packaging Systems» компаниясының бигбэг өндірісі секілді ірі жобаларды бөлек айтуға болар еді.

– Нариман Төреғалиұлы, өңірде құрылысы тұралап қалған нысандар бар екені белгілі. Бұл жөнінде не айтасыз? Қаңтарылып қалған құры­лыс­тарға жан бітіру үшін қандай шара жасалып жатыр?

– 2022 жылдың соңында өңірге әкім болып келгенімде 2020–2022 жылдары бірқатар нысан мен жобаның құрылысы басталып, аяқталмай қалғанын анық­тадық. Олардың ішінде тұрғын үйлер де, әлеу­меттік нысандар да, су құ­быр­­лары мен жолдар да бар еді. Бұл нысандардың тоқтап тұруына жауапсыз мердігерлердің жұмысты толық аяқтамауы, қаржыландырудың тоқтап қалуы, бақылаудың болмауы, т.б. мәсе­лелер себеп болған екен.

Біз 2020–2022 жылдары аяқталмаған нысандар бойынша нәтижелі жұмыс жүргіздік. Бір жылдың ішінде 40 ны­санның құрылысы толықтай аяқталды. Ал биыл тағы да 13 жобаны жыл соңына дейін бітіреміз. Жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеп, қа­жетті қаржы көздерін тауып, жауапсыз мердігерлерге қатаң талап қою ар­қылы нысандарды халық игілігіне бер­дік. Бұл бағыттағы жұмысымыз алда да жалғасады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен – Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы