Қоғам • 08 Шілде, 2024

Лудоманияға қарсы күрес жолындағы тиімді шешім - сенат депутаты

99 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі мәселесіне қатысты заңға қол қойды. Осы орайда сенатор Жанна Асанова әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Лудоманияға қарсы күрес жолындағы тиімді шешім - сенат депутаты

Фото: Finclub.net

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы лудоманиямен күрес бойынша жүйелі жұмысты жолға қойып, кешенді жоспар құрып, тиісті заң қабылдауды жеделдетуді тапсырған еді.

Биыл маусым айында Парламент ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске заңнамалық түзетулер қабылдады. Заңдар 100-ден астам түзетулерді қамтиды. Депутат бірнеше норманы атады.

«1. Азаматтың құмар ойындарға қатысуын 1 жастан 10 жасқа дейін өз бетінше шектеу құқығы белгіленген, тыйым салуды мерзімінен бұрын тоқтату мүмкін емес. 2. Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген жеке тұлғалар үшін құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға тыйым салу белгіленді (шара букмекерлік кеңселердің әлеуетті клиенттерінің санын азайтуға бағытталған). 3. Жоғарыда аталған тұлғаларды құмар ойындар мен бәс тігуге тартқаны және жібергені үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауаптылығы енгізіледі. 4. Мемлекеттік қызметкерлерге кез келген құмар ойындарда – букмекерлік кеңселерде, казиноларда және онлайн-казиноларда шектеу қойылады. Дәлірек айтқанда, жалпы саны 280 мың адамды құрайтын әскери қызметшілер, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойын ойнай алмайды», деп жазды депутат.

Депутат атап өткендей, аталған заң бұзылған жағдайда тиісті шаралар қолданылатын болады.

«Ойын бизнесін ұйымдастырушылар үшін құмар ойындар мен бәс тігуге қатысу тәуекелдері мен зияны туралы ескертуді ойын мекемелерінде және жеке интернет-ресурстарда орналастыру міндеті енгізіледі. Ойын мекемелері, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар жұмысының жаңа үлгілік ережелері қабылданады. Ережелерде казино клиенттері мен букмекерлердің мүдделерін қорғайтын нормалар да көзделген. Заңда құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі белгіленген (ойыншыларды динамикалық есепке қоймай, медициналық құпияны сақтай отырып консультативтік бақылау). 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады. Байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігу жарнамасы бар хабарламаларды таратуға тыйым салынады. Букмекер кеңсесі орналасқан жерде, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімдерінде орналастырылғандарды қоспағанда, ғимараттарда, көлік құралдарында букмекер кеңселері мен тотализаторларды сыртқы жарнамалауға тыйым салынады. Спорттық тақырыптағы БАҚ-тағы жарнаманы қоспағанда, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциялау кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызмет көрсетуде букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынады. Букмекер кеңселерінің жарнамасы таратылған жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұл қарастырылған. Туризм және спорт министрлiгiнiң шетелдiк букмекерлiк кеңселердiң, лицензиясы жоқ тотализаторлардың және интернет-казинолардың тiзiмiн жүргiзу жөнiндегi құзыретi, сондай-ақ банктер мен төлем ұйымдарына олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргiзуге тыйым салу белгiленедi. Бұдан басқа, енді интернет-казино ұйымдастырушылары екі жылға дейін бас бостандығынан айырумен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Электрондық лотерея билеттері енді тек қана ресми интернет-ресурс немесе лотерея операторының мобильдік қосымшасы арқылы сатылады. Осылайша, «Lotomatic» терминалдары мен лотоклубтардың қызметіне тыйым салынады. Лотерея билеттерін тұрғын үйлерде, жатақханаларда, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында, ғибадат үйлері мен ғимараттарында, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарынан жүз метр радиуста таратуға тыйым салынады. Аталған шаралар көшелерде лотерея өнімдерінің нақты қатысуын бірнеше есе қысқартады. Көшелерде тек классикалық лотереяны сататын нүктелер ғана қалады», деп пікір қалдырды Сенат депутаты.

Жанна Асанованың жазуынша, Үкімет ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері жөніндегі заңның негізгі ережелерімен толық үйлестірілген 2024-2026 жылдарға арналған заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды қабылдады.