Қазақстан • 06 Шілде, 2024

Бейбітшілік пен келісім алаңы

126 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгінде Астана жаһанға бейбітшілік алаңы, меймандос қала ретінде танылды. Бұған қоса шаһар әлемнің бірінші көшбасшылары жиналатын, мемлекетаралық мүдделерді тоғыстырған, геосаяси тұрақсыздықты реттеуге шақыратын бітім­гершілік миссиясын да абыройлы атқарып отыр. Елорда өз беделін батыл қадамдардың арқасында қалыптастыра білді.

Бейбітшілік пен келісім алаңы

Екі апта бұрын Ұлы­бри­танияның Ланкастер уни­верситетінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасына арналған жыл сайынғы халық­ара­лық конференция өтті. Осы уни­вер­­ситеттегі Конфуций инс­титуты ұйымдастырған ғылы­ми жиынға 20-ға жуық ел­ден ғалымдар келді. Екі күн бойы ірі бастаманың мүмкіндіктері ­мен сын-қатер­лерін талқылаған сарапшы, ғалымдардың баян­­да­­малары «Қазақстан, Астана» сөзі­мен басталған еді. Тіпті Оңтүс­тік Африка Республикасы­нан келген ғалым, Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Африка үшін Эконо­микалық комиссиясының қыз­мет­кері Нэнси Гитайга: «Бір бел­деу, бір жол» жобасы Қазақ­стан­ның елордасы Аста­на қаласын­да алғаш рет жария­ланғаны бел­гілі. Астана – аталған елдің бас қала­сы, жас қала, табиғаты, көркі келіскен қала. Жаңа заманауи ғимараттар көзге ерекше әсер береді. Осындай әдемі жерден мега жобаның тарихы басталды. Бұл да бастаманың жүзеге асуына оң әсер ететіні сөзсіз. Әрине, Си Цзиньпин де мұны Қазақ­стан­ның көрікті қаласында кездейсоқ жария­лаған жоқ деп есептеймін», деп Астана туралы оң пікірін білдірді.

Астана – осындай әлемдік деңгей­дегі жобалар жарияланып, болашағы талқыланған жер. Күні кеше Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымының саммитінде Қазақстан өзінің төрағалығына сай қызмет көрсетіп, он алты елдің басшысын қарсы алды.

Ұйымның XXIII саммиті былтыр 4 шілдеде Үндістанда өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған жиында бірқатар маңызды мәселені талқылау кейінге қалдырылды. Сон­дықтан Ұйымға мүше елдердің басшыларымен қатар мүдделі елдердің де көшбасшылары Астанаға асыққаны рас. Мәселен, Нью-Делидегі саммитте Ұйымның 2030 жылға арнал­ған экономикалық даму туралы стратегиялық құжаты бірауыздан мақұлданбай, қол қойылмады. Бұл іс Астана саммиті кезінде жүзеге асты. Сонымен қатар осыдан үш жыл бұрын Беларусь Республикасы ШЫҰ-ға қосылуға ниет білдіріп, өтініш берген еді. Бұл бастама да биылғы Астана саммитінде мәресіне жетіп, аталған ел ұйымға мүше болды.
ШЫҰ 2001 жылы құрылды. Бүгінге дейін Қазақстан ұйымға төрт рет (2004, 2010, 2016, 2023) төрағалық етті. Астанадағы саммитке Әзербайжан, Түрікменстан, Түркия секілді Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше емес елдер де қатысты. Бұл жерде Қазақстан ұйымға төрағалық етудегі міндетін атқара отырып, Қытай, Ресей, Түркия мемлекеттері мен БҰҰ-ға келіссөз жүргізуге мүмкіндік берді. Өйткені Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның, БҰҰ хатшысы Антониу Гутерриштің Мәскеуге бармасы белгілі. Осы себепті Астана бітімгершілік миссияның алаңы болып отыр.

«2023 жылдың шілдесінен бастап ШЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстан Рес­публикасына өткен кезде қазақ­стандық тарап түрлі салада 140-тан астам іс-шара ұйымдастырды. Қазақстандық әріптестер осы миссия барысын­да 2024 жылы жарияланған «Эколо­гия жылы» аясында экономикалық, ин­вес­­ти­циялық, көліктік, мәдени-гуманитарлық тақырыптарға, сондай-ақ экологиялық аспектілерге ерекше назар аударды», деген ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин Қазақстанның ұйымға төрағалық ету кезеңін жоғары бағалады.

Бас хатшының мәліметіндегі 140-тан астам іс-шараның барлығы дер­лік елордамызда өткені белгілі. Астана, сондай-ақ көршілес мемле­кет­тер Ресей мен Қытайдан бөлек Батыс елдерімен де, биыл АҚШ-пен де жақсы қарым-қатынас құрып, биыл АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Ұлыбри­тания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронды қарсы алды.

Еске салсақ, елдің жаңа астанасы­ның халықаралық тұсаукесері 1998 жыл­­ы 10 маусымда өтті. Ал бір жыл­­­­дан соң, 1999 жылы Астана қаласы ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбіт­ші­лік қаласы» деген атқа ие болды. Бұл мәртебе осы қысқа мерзімде Аста­на әлеуметтік-экономикалық, этника­ара­лық қаты­настар саласында маңызды жетістіктерге жеткенін дәлелдейді.

2011 жылы Сириядағы оппозиция мен үкімет арасындағы қақтығыс азаматтық соғысқа ұласып, халқы босқынға айналды. Елдің бейбіт өмірін сақтап қалуға әлем елдері атсалысуға тырысты. Сөйтіп, 2015 жылдың қазан айында Вена келіссөздері басталды, кейін 2016 жылдың қаңтарында БҰҰ бастамасымен Сирия бойынша Женева бейбіт келіссөздері өтті. Бұл жиындар саяси ахуалды бәсеңдетті, босқындардың мәселесін біршама ретке келтірді. Бірақ қақтығысты толықтай тоқтатуға мүмкіндік болмады. Осы кезде Астана Сириядағы жағдайды реттеу үшін келіссөздер алаңы болуға дайын екенін мәлімдеп, 2017 жылы Астана процесі деген ат­­пен әлемдегі бейбітшілікті сақтауға тағы бір қадам жасады. Осылайша, 2017 жылдың 23-24 қаңтарында Астана­да алғашқы отырыс өтті. Осы жыл­дан бастап бүгінгі күнге дейін кепіл­гер елдер – Иран, Ресей және Түркияның мәмілегерлігімен, Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Сирия жөніндегі халықаралық кездесудің 20 раунды ұйымдастырылып, оның 18-і Астанада өткізілді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда өткен Сирия жөнін­дегі Астана форматы аясындағы келіс­сөздердің деэскалация аймақ­тарын құру, жанжалдасушы тараптар арасындағы қантөгісті тоқтату, адам шығындарын азайту секілді жоспарланған міндеттер бүгінгі күні толықтай іске асқан. Астана процесі кезіндегі алты жылдың ішінде Сирия төңірегіндегі ахуал түбегейлі өзгерген. Оның бір дәлелі ретінде араб мемлекеттерінің Дамаскімен дипломатиялық байланыстарын жан­дандыруға ұмтылысы мен Сирияның Араб мемлекеттері лигасына оралуын айтуға болады.

«The Guardian» газетінің диплома­тия­лық мәселелер жөніндегі редакторы Патрик Винтурдың пікірінше, Женевада өткен келіссөздерге қарағанда, Астана алаңында өткен келіссөздер біршама нәтижелі болған.

«Астана процесіне Сириядан тыс тұратын, тіпті Сирияға барып көрмеген саяси көшбасшылардан гөрі қақ­ты­ғысты бастаған топ өкілдерінің тіке­лей қатысуы мәмілеге келуге себеп болды. Сирия үкіметі мен содырлар арасында келіссөздер аса маңызды. Бұл жерде элиталық саясаткерлер тек қана ауызша бейбітшілікке шақыруы мүмкін, ал қақтығыс алаңы – мүлдем бөлек әлем. Мәскеу «Ислам мемлекеті» мен JFS-ті қоспағанда, барлық оппозициялық жауынгерлік топтарды Астанадағы келіссөздерге шақырды. Бірқатар содырлық топтың мүшелері келмеді, олар Женева келіссөздеріне қатысудан да бас тартқан еді. Мәскеу Астанадағы келіссөздердің дипломатиялық фоны Женевадағы сәтсіз келіссөздерге қарағанда анағұрлым қолайлы деп санайды, өйткені ішінара оппозиция әлсіреді», деп атап көрсетті сарапшы.

Ал өткен жылы Астана процесінің соңғы раундына қатысқан дипломат, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Али Аскар Хаджи журналистерге берген сұхбатында Астана процесі ауқымды жұмыс атқарғанын айтқан еді.

«Сирия мен Түркия арасындағы қа­рым-қатынасты қалыпқа келтіру мақ­сатында Сирия, Түркия, Иран, Ресей Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде екінші кездесу өткіздік. Қазіргі таңда Сирия­дағы тұрақтылық пен қауіпсіздік бұрын­ғыға қарағанда жақсарған. Сырт­қы саясатта елеулі өзгерістер орын алды. Аталған мемлекет көптеген араб ел­дерімен дипломатиялық қарым-қатынастарын қалпына келтірді, Араб лигасына қайта оралды. Осы уақыт ішінде Сирия мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру үшін әскери, қауіпсіздік және сыртқы істер министрлері деңгейінде әртүрлі деңгейде көптеген кездесу өтті. Сыртқы істер министрлерінің Сирия мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге арналған жол картасының жобасын әзірлеуге уағдаласуын ескеріп, бұл кездесу өте сәтті өтті деп есептейміз. Біз диалогті қамтамасыз еттік, пікір алмастық. Әртүрлі идеялармен та­ныстық және Сирия мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру үшін жол картасын әзірлеу үдерісі басталды. Бұл жұмыс жалғаса береді», деді А.Хаджи.

Осылайша, Астана Сирия бағытын­дағы миссиясын абыроймен аяқтады.

Қазір әлемде дін мәселесі де өршіп тұр. Түрлі ағымдағы топтар өз «дінін» дәріптеп, адамдарды адастырып, бейбіт өмірдің шырқын бұзып келеді. Осы орайда Қазақстан бұл мәселеден де тыс қалмай, 2003 жылдан бастап Астана Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыруды қолға алып, бастамашы болды.

2003, 2006, 2009, 2012, 2015, 2018, 2022 жылдары Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының жеті съезі өтті. Ал­қалы жиынға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм, басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты. Съездің диалог алаңдарында діни қауымдастық­тар еркін әңгіме құрды, нәтижесінде бірлескен декларациялар, қалың бұқара пен атқарушы үкіметтерге арналған үндеулер қабылданды.

Ал 2011 жылы Астанада Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақтас­тық ұйымының (ЕҚЫҰ) кезекті саммиті ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға Еуропа елдерінің басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, әлемдік БАҚ ұйымдары қатысты.

Елорда 2000 жылдан бері дүние­жүзін­дегі астаналар мен ірі қалалар­дың халықаралық қауымдастығына мүше. Сөйтіп, өзге алдыңғы қатарлы қалалармен тығыз байланыс орнатып, екіжақты мәдени-экономи­ка­лық қатынасты өркендетуге үлес қосып отыр. 2007 жылдан бастап Астана экономикалық форумын да дәс­­түр­лі түрде ұйымдастырып, Нобель сыйлығының лауреаттарын, әлем­нің ең танымал экономистері мен сая­саткерлерінің басын қосып, жаһандық экономиканың мәселелерін талқы­лауға атсалысып келеді. Осы жылдар аралығында бірқатар экономикалық мәселені шешуге бағытталған маңызды қарарлар қабылдады.

Сонымен қатар Астана қаласында 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өтіп, елорда екі миллионнан астам мейманды қонақ етті. Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты.

Әлемдік деңгейдегі осындай келелі, беделді, ықпалды жиындардың алаңына айналған Астана алдағы уақытта да мемлекетаралық мүдделер­ді тоғыстырған, барша елдер мен ұлттарды бейбітшілікке, ынтымаққа үндейтін, ортақ келісімге, екіжақты пайдалы шешімдерге бастайтын айдынды, абат қала болып бермек. Бейбіт өмір, қарқынды құрылыс пен үздіксіз дамудың жарқын көрінісі болып, жасап, жайнай бер, елорда!